Мемлекеттік басқару: Қазақты қайыршылықтан қалай құтқарамыз?

0
182

   «Біз-соғыстамыз!»

Мемлекет басшысы, Жоғары Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қазіргі ахуалын осылайша түйіндеді.

…Қамсыз жатқан бейбіт жұртқа тұтқиылдан жау тигенде қайратына мініп, «қасарысқан дұшпанға қанды көбік жұтқызатын» сарбаздар, жер қайысқан қалың қолды бастайтын сардарлар, қара қылды қақ жарып, қаһарлы қолбасшыға жөн сілтеп, жол көрсетер данагөйлер арқасында ел елдігін, егемендігін сақтап қалады.

Енді міне, бүгінге дейін дүмбілез, парақор шенеуніктерге «е, өзіміздің бала ғой, жас қой, алып кетеді ғой» деп, ал қоғам мүлкіне, қазынаға қол салған, қол салғанда мол салған алаяқтарға «қолынан келді, қонышынан басты» деп кешіріммен қараған кеңқолтық қазақ өз басына күн туғанда Президенттің «Біз соғыстамыз»! деген ұранына ден қойып, етек-жеңін жинауға кірісті, қайғы жұтып, ах ұрған қайран жұртына тіреу болар тұлғаны, тұлпар мініп, ту ұстар оғланды, қол бастайтын баһадүрді іздей бастады.

 

Президент кімге сеніп отыр?..

Ақиқатын айтқанда, ел мен жердің тағдырына жауап беретін Мемлекет басшысының арқа сүйер арлы да ақылды азаматтары саусақпен санарлық болып шықты. Президенттің өз сөзіне сүйенсек, «масайраудың қақпанына түскен министрлер де, әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмауда». Сөйтсек, ойын-күлкі, дыр-думанмен өткен отыз жылда орда бұзар отыз азамат ортаға шықпапты. Әй дейтін ажаның, қой дейтін қожаның, «ноғайлы ұлының адасқанын жолға салар» абыз ақсақалдың жоқтығынан балақтағы бит басқа өрлеп, жылы-жұмсаққа тұмсық тыққан құл-құтанның, қауға ұстар қойшы-қолаңның зәузәті ел байлығын емін-еркін сорып, сайран салып келіпті. Абыздың орнын кешегі кеңестің шидем шекпенін шешпеген, пайғамбар жасынан асса да қадір-қасиеттен жұрдай, ақсақал деуге аузың бармайтындар басқан. Осыдан бес-алты жыл бұрын жергілікті баспасөзден мына бір хабарды оқып, жағамды ұстағаным бар. Наурыз мерекесінде жап-жас әкім ауыз тиген көжеге таласқан «ақсақалдар» кеседегі ақты үстеріне ақтарып, елге күлкі болған. Ал, Алматы мен Астанадағы күн көсемге теңеу таба алмай, шаштары ағарған шимай-шатпақшылар «Көкте күннен нәр алған, Көпке нұр боп таралған», «Халқына оқтың даусын естіртпеген» лауазым иелері жайлы құлаш-құлаш өлең жазып, тіпті пайғамбарымызбен тілдестіруге көшкен. Халыққа қаншалық жеккөрінішті болса, желбуаз атқамінерлерге соншалық сүйкімді, ыстық көрінетін осылар сыйлық пен сый-сияпатты қанжығаларына байлап, мұрттарын майлауда. Тарысы піскеннің тауығы болып, сүйек-саяқ аңдыған олар ұлтының болашағын ойламайтыны бесенеден белгілі.

 

 

Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіруде жіліктің майлы басы бұйырған осынау көжеге таласқыш ардагерлер әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі

Қазақстанды қор қылып, қайыршының халіне түсірсе, олардың бел балалары аспаннан алтын жауған екі мыңыншы жылдары миллиондаған қаржыны жымқырып, шетел асты, ал немерелері бүгінде тендер арқылы ұпайын түгендеп, атышулы «Медициналық сақтандыру қоры» мен «СК-Фармация» сияқты «сауын сиырларды» сауып жүр. Сөйтіп жыртқыштардың тұтас бір үш ұрпағына арамзалық қасиет қан арқылы, отбасындағы опасыз тәлім-тәрбие арқылы беріліп келіпті. Ресейде «жаңа дворяндар» деп аталатын бүгінгі қазақтың жатыпішер бай-бағлан, мырзалары мемлекеттік билік пен экономиканы толықтай дерлік жаулап алған.

Осының айғағындай, сұғанақ мемлекеттік қызметшілердің пара алу үстінде ұсталғандары жайында теледидар мен газет-журнал қазір күн құрғатпай таратып жатқан жайсыз хабарларға құлағымыз қанығып, етіміз үйренді. Мемлекеттік аппаратты жемқорлардың ордасы санайтын болдық. Сөзім уәжді шығу үшін ғаламтарда күні кеше ұшыратқан мына деректі қаз-қалпында беріп отырмын: «Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының лауазымды тұлғаларының бюджет қаржысын жымқыру, жекелеген тұлғалардың ірі көлемде медициналық бетперделерді сату, сондай-ақ, медицина мекемелерінің жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруға тырысу деректері бойынша үш қылмыстық істі тексеріп жатыр» деп хабарлады Ақорда. Сонымен қатар қаржы министрлігінің экономикалық тексеру қызметі коронавируспен күреске бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаржыны алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тексеруде. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мен президент әкімшілігінің ұсынысы бойынша құқық қорғау органдары коронавирус індетімен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмектің мақсатты және ашық жұмсалуына тексеру жүргізуді бастады. Дәрі-дәрмектерді жасыру жолын кесу, баға келісімі, гуманитарлық көмек ретінде келген немесе емдеу мекемелерінен ұрланған дәрі-дәрмектерді қайта сату сияқты әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасуда». Бүгінгінің еркелер мен серкелері халықтың көз жасына да, ел басына күн туған шағына да қарамай жей беретін не деген нақұрыстар десеңші!

 

 

Ақорда тіліне тиек етіліп отырған осы «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, сондай-ақ журналист Гүлбану Әбенованың қаламгерлік қайраты арқасында айдай әлемге әйгілі болған Самұрық-Қазына қоры жанындағы «Фармация» фирмасы сияқты мыңдаған мешкейлер ұялары қымқырған қаржыны отыз жылға көбейтіп көрсеңіз, төбе шашыңыздың тік тұрарына иланамын.

«Сенген қойым сен болсаң» дейтін біздің бүгінгі басшы-қосшыларымыздың, ел қамын жейтін Едігелеріміздің сықпыты осындай!

«Біз – соғыстамыз!» деп ұран тастаған Жоғары Бас қолбасшы осынау азғын тобырға, жегіш жемқорларға арқа сүйей ала ма? Әскери тілмен айтқанда резерві қайда? Оның жоқтығына көзіміз жетті деген ойдамыз.

Сондықтан да қорқау қасқырдай ел ырыздығын опырып жеген опасыздардың кесірінен «халықтың жергілікті және орталық билікке сенбейтінін» атап өткен Президент «мемлекеттік басқаруды қайта құру керек» деп мәлімдеді. Өйткені, билік орындарын жемқорлық, заңсыздық, біліксіздік жайлаған. Бетке шығар министрлер мен әкімдердің көбі «өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді», себебі біразының ғылыми дәрежелі дипломдары сатып алынған!

 

Теріс селекция немесе ұлы Абайдың сауалы

Сонымен мемлекетке, ел-жұртқа адал қызмет ететін жанашыр кадрларды қайдан табамыз? Данышпан Абайдың «зинһар, сендерден сұрайын деп жүрген» сауалының бір парасы осынау білікті, білімді азаматтарға қатысты болса керек. Өз дәуіріндегі «алыс-жақын қазақты» сын тезінен өткізген хакім «өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап, өсірмек пе екен?» деп налыған болатын. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, парақор атадан, жемқор әкеден одан асып түскен «перзент» туса керек. Тұтас бір ұрпақ ауысып үлгіретін отыз жыл бойы қоғам өмірінің барлық саласында теріс селекция жүрді, билік басына алаяқтар орнығып, өзінің ақылы мен қайратына ғана сенген жігіттер мен қыздар мұхит асқанын жақсы білеміз. Мұны биліктің өзі мойындап отыр.

 

 

«Тіпті басшылық лауазымдарды айтпағанның өзінде, министрлікте қарапайым қызметке тиісті маман табу өте қиын» дейді. Бұрынғы ауылшаруашылық министрі, көзіқарақты қауымның пікірінше Балташ Тұрсынбаевтан кейін сала ахуалын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсаған тұлға, профессор Ақылбек Күрішбаев. Ал, маман жоғары оқу орнында тәрбиеленеді. Сіз осы тәрбиенің мәні мен мағынасына үңіліп көрдіңіз бе? Өзгені қайдам, өзімді айран-асыр қылған мына жәйтті алдарыңызға жайып салмақпын. Бұдан екі-үш жыл бұрын халықаралық FIBAA ұйымы оқу бағдарламаларын аттестаттаудан өткізген болатын. Германиялық профессорлар Тибор Климент, Эрхард Рокхол, Оливер Ханн «енді магистранттар мен докторанттармен пікірлеселік» деген соң, оншақты болашақ мамандарды ортаға шақырдық. Әңгіме барысында шетелдіктердің ағылшынша қойған сұрақтарына шәкірттердің ешқайсысы ләм-мим дей алмаған соң тілмаштың жәрдеміне сүйендік. Ал, Ереже бойынша магистратура мен докторантураға шет тілін еркін меңгерген, сөйлей де, жаза да білетін талапкерлер түсуі тиіс. Иненің көзіндей іріктеуден мына сұқсырлар қалай өткен, оларды кім өткізген, кім, қанша пара алған, деген сан сауал атойлағаны рас. Ал, кірпияз немістер болса, бастарын шайқап, мынадай жолсыздыққа таңданыстарын жасырмады. «Бүйтіп жүріп, қалай ел боласыңдар, өздеріңді өздерің неге алдайсыңдар?» дегенде кірерге тесік таппадық.

«Идеологиялық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық жетіспейді» дей келе, Президент «бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді» деп тұжырды. Әй, қайдам? Еліміздің маңдайалды оқу орнындағы жағдай жоғарыдағыдай болса, өзгелеріндегі ахуалдың қандайлығын топшылай беріңіз. Түрлі жолдармен магистр, доктор дипломдарына қол жеткізген алаяқтар ертең министрліктің, әкімдіктің, «СК-Фармацияның» көлденең табысы мол, биік орынтағына қонжиып, парақор ректорлар мен мен проректорлардың, декандардың қалтасына түскен қаржысын оп-оңай өндіріп алады. Бірер секіріп, басшылық лауазымға қол жеткізген соң төңірегіне өзі сияқты құзғындарды жинай бастайды, сөйтіп орысша «порочный круг» деп аталатын, арасына адам түгіл шыбын ене алмайтын табиғи тұйық орта түзеді. Сонымен, Абай атамызға айтсақ, «ел мүддесін ойлайтын мамандарды» біздің еліміздей ел, біздің университеттеріміз бен академияларымыз сынды оқу ордалары тәрбиелей ала ма екен?

Ұлы ойшылдың сауалы әлі күнге жауапсыз қалып отыр.

 

Әуелбековті халық неге жақсы көрді?

Қазақ тарихында дәл мұндай азғындау орын алып отырғаны соңғы онжылдықтар «беделі». Бұл арнайы зерттеуге өзек болатын тақырып. Өткенді безбенге салсақ, Қазақ хандығын құрған көсемдер де, азаттық идеясын бекемдеп, әдебиеті мен ғылымының негізін қалаған Алаш азаматтары да ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен. Тіпті бертінде, тың игеруге қарсы болғаны үшін орнынан алынған Жұмабай Шаяхметов те, солтүстіктегі бес облысты республика құрамында сақтап қалған Жұмабек Тәшенов те халық есебінен күн көруді ойламаған тұлғалар. Олар халықтың мұңы мен зарын жан жүрегімен сезініп, ел ертеңіне елеңдеген. Осы ретте «Ханның қызы халықтың жолын жаппасын!» деп әлеуметтік желіде моральдық-этикалық түйткілдің шетін шығарғаны үшін қудаланып жатқан Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекованың тағдыры ойлантады. Әкім Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік қызметші Кодексіне лайықты әрекет қылмағандықтан аталған келеңсіз оқиға орын алып отыр. Мемлекет басшысының «тұрғындармен жұмыс істеу керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс» деген тапсырмасы дәл осындай деңгейде орындалып жатса, өзге лауазымдылардан не үміт, не қайыр?

 

 

Қай құбылыстың да бағасы салыстыру, салғастыру арқылы беріледі ғой. Осы Қызылорда облысын кеңес заманында Еркін Нұржанұлы Әуелбеков деген парасатты тұлға басқарған болатын. Белгілі ұлтжанды азамат Сәдуақас Аңсат сол кезеңді былайша еске алады: «Ерекең келгенде басшылар жаппай мемлекет есебінен өздеріне коттедж типтес үйлер салуды үрдіске айналдырып, оларын биік қоршаулатып, жасарып-жайнап жүріп жатқан тұс еді. Ерекең барлық облыс, қала, аудан көлеміндегі басшыларға артық аумағы бар тұрғын үйлерін балалар бақшасына, емханаға беруді талап етті, биік қоршауларын кестірді, кеңшарларға қонақ үй, асхана, жоқ жерлерге монша салғызды. Қала басшыларының әр шағын аудандарда тұруы сол жердегі тұрғындардың қам-қарекетін білуіне, оны шешуіне көмектеседі деп, біздің солай етуімізге ықпал етті. Өзінен бастап, облыс, қала басшыларына қала көшелері бекітілді. Мәселе көшелердің тазалығы, көгал болуы ғана емес, сондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, көңіл-күйін зерттеу, мүмкіндігінше көмек беру. Қаладағы үлкенді-кішілі мекемелердің бәрін дерлік өзі бірнеше рет аралап, жақсыларын басқаларға үлгі етті, кемшіліктері барларынан түзету міндетті түрде сұралды.

 

 

Сыр елі Еркін Нұржанұлы Әуелбековті қашанда құрмет тұтады. Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан басталып, «Мәңгілік алау» жанынан өтетін көшеге қайраткердің атының берілуі де тегін емес. Енді, міне, дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа оның есімі беріліп, ауласына Ерекеңе мәрмәр тастан мүсіні қойылды. Биыл Ерекеңнің 90 жылдығы да ерекше аталып өтпекші болып, іс-жоспар жасалды». Сәдуақас Аңсаттың пікірінше, ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтың есімі ел есінде сақталып қалған, өзі өмірден өтсе де қадірі асқақтай түскен. Ал, облыстардың қазіргі керенау, кердең басшыларының аты-жөндері кейін елдің жадында сақталар ма екен, соны ойладыңдар ма?

Сонымен елді әркім билемеу үшін бұрынғы-соңғы тарихты түгендеп, өткен өмірдің дәрісін алу, қорытындысын шығарып отырған ләзім.

 

Бұл ауыр жағдайдан қалай шығуға болады?

Кеңес заманының осынау өткір сауалы тағы да алдымыздан шықты. «Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей» деген Президент «біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз» деп түйді. Яғни, тоқетерін айтсақ, сайлау жүйесін өзгерту қажет, ал Парламент Сенатын, Қазақстан Халқы Ассамблеясын тарату қаржы тапшылығы жағдайында ұтымды шешім болып табылады.

 

 

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшу арқылы жауапкершілік жүгін Үкіметтен ел азаматтарына артып, олардың күш-жігерін болашаққа бағытталған жасампаз жоспарларға бағдарлауға болады.

Өйткені дерек пен дәйекке үңілсек, ел бюджеті биыл 1,7 трлн теңге қаржы жоғалтқан. Президент мәлімдеуіне сәйкес «бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап тұр». Яғни, ел бюджетінің үштен бірі 20 жыл бұрын болашақ ұрпаққа деп құрылған Ұлттық қордың трансфертіне тиесілі. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға төмендеген, қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға қысқарған. Маусымның қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 7 пайызға төмендеген. Билік жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл үрейлі цифр. Сондықтан да экономика мекемелері монетарлық саясаттан Кейнс моделіне көшуі керек. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген, жүздеген бағдарламалар мен жоба-жоспарларды аудиттен өткізбесе, бақылауды, контроллингті қалпына келтірмесе болмайды. Ұлы тоқырауда Американы сақтап қалған қоғамдық жұмыстарды қолға алу қажет. Пандемияда ұлттық тағамдарға сұраныс артып отырғандықтан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды күшейткен абзал. Жер пайдалануда шеті шығып отырған түйіндерді тарқатқан жөн. Мұның бәрі қиындықты елмен бірге еңсеруге септесер еді.

 

«Елім дейтін ерге ерім дейтін ел болу керек»

Жоғарыда сілтеме жасалған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев осылай депті. «Ел басына күн туған уақытта, тән ауыруымен бірге жаны күйзелген елді сабырға шақырып, салиқалы сөз айтатын зиялы қауым, ғалымдар, өнер қайраткерлері емес пе еді. Жар астында жау барын алыстан болжап, елге ақыл айтатын сол зиялыларымыз осындай да ел шетіне шығып, ел басқару жолында салиқалы сөз айтса деймін. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған заманауи кешенді басқару жолын халыққа түсіндіруге ат салысатын ел ағалары көбейсе игі».

 

 

Білікті маман, белгілі ғалымның үндеуін іліп алып кеткен көптің қарасы қораш. Әдетте топтың алдын бермейтін халық қалаулылар үнсіз.

Арпа ішінде бір бидай деген, жақсылардың көзін көріп, сарқытын ішкен, ақсақал жазушы, профессор Құлбек Ергөбек: «Халықтан артық жаным жоқ! Халық болмаса Сіз де, біз де кімге керекпіз?» деп, азаматтық ұстанымын танытқанын ғаламтордан оқыдым. Ал, жастар арасынан суырылып үн қатқан журналист Асхат Садырбайдың: «Қазір бізге тірі қалу маңызды, бір қазақты аман алып қалу үлкен олжа» деген пікірі көңілге ұялағаны рас. Әлқисса, таразыға тартуды ұсынып отырған ойларым өздеріңіз тарапынан үндестік тауып жатса, құба-құп.

 

Жетпісбай Бекболатұлы,

профессор, мемлекеттік қызмет ардагері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.