Жұлдыз Тойбек: Журналистердің жанкешті еңбегін билікке жеткізсем деймін

0
151

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша басталған праймеризге қатысушылардың арасында ҚР Ұлттық музейдегі «Мәдени мұра» журналының редакторы, белгілі журналист-ақын, ҚР Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдыз Тойбек Райымбекқызы да бар. Біз әріптесімізге бірер сауал қойған едік.

– Баспасөз саласында ұзақ жыл еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазып көрсетуде үлкен үлес қостың. Праймеризге қатысуға не себеп болды?

– Праймериз – ел мүдесіне қызмет еткісі келген Қазақстанның әр азаматы үшін үлкен мүмкіндік. Мен қаламгерлігімді қайраткерлікке ауыстырғанды жөн көрдім.

– Тіл жанашыры екеніңді білеміз. Мемлекеттік тіл туралы жазған өзекті мақалаларыңды жиі оқимыз.

– Еліміздің елдігін танытатын тілімнің тағдыры өмір бойы қаламымнан түспей келеді. Өзім жұмыс істеген газетте «Тіл-тұмар» атты арнайы бет аштым. Сонау 90-шы жылдары тоқсан пайызы өзге ұлт қоныстанған Қарағанды қаласында қазақша балабақша мен мектептер ашуға белсене атсалыстым. Тарихи жер-су аттарының қайтарылуын, мекемелерде іс қағаздарының мемлекеттік тілде жазылуын қадағалап, республикалық басылымдарда өзекті мақалалар жаздым. Жарымжан жарнамалармен күрес жүргіздім. «Қазақшаң қалай, мекеме?» деген арнайы айдар ашып, мемлекеттік мекемелердің іс қағаздарының мемлекеттік тіл қазақ тілінде жүргізілгенін тексеріп, көлемді материалдар жаздым. Үздіксіз күресім жеміс берді. Қазақ балабақша, мектептер ашылды. Рухани орталық қалыптасты.

Дегенмен, мемлекеттік тіліміз – билік тілі болып әлі сөйлеп кете алмай тұр. Үкімет мемлекеттік тілге басын исе, ана тіліміздің жұлдызы жанар еді!

Екінші мәселе, мемлекеттің шынайы сипатын көрсететін идеология қалыптастыруға үлес қоссам деймін. «Біз бәлен елдің алдына түсіп кеттік» деп жалған ақпараттармен өзімізді өзіміз алдап, кемшіліктерді жасырып келдік. Отан алдындағы азаматтық парыз, адал қызмет ету, заң аясында жұмыс істеу сияқты ұстанымдар қалыс қалды.

– Өзің журналист болғаннан кейін осы салаға қатысты мәселе көтеретін шығарсың?

– Иә, журналист – қоғамның қозғаушы күші. Елімізде болып жатқан барлық жаңалықты әріптестерім жеткізеді. Олардың ерен еңбегін тәптіштеп тізбей-ақ қояйын. Халыққа белгілі, пандемия кезінде дәрігерлер, мұғалімдермен қатар БАҚ өкілдері де мардымсыз жалақыға қарамастан тынымсыз еңбек етті. Ауруханаларға барып, оқиға орнынан репортаж жасады. Дәрігерлердің жанкешті еңбегін, қынадай қырылған халықтың ащы үнін оқырманға жеткізді. Еліміздің үні – Қазақ баспасөзіне қолдау аса қажет! Сонымен қатар, халық пен биліктің арасында көпір болып, еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына үн қосып жүрген журналистердің мемлекеттік жеңілдіктер, әлеуметтік пакет алуына ықпал етсем деймін.

– Жұлдыз, өз балаларыңмен қосып, анасы қайтыс болған балаларды да бауырыңа басып, өсіріп, жеткізгеніңнің куәсіміз. Бағдарламаңда отбасы, бала тәрбиесі жөніндегі мәселе орын алды ма?

– Қазір қазақтың қыздары нәзіктіктен айырылып бара жатқандай. Себебі, тұрмыс тауқыметі солардың мойнында. Балалары үшін отқа да, суға да түседі. Отбасы құндылығын жылына бір рет өтетін «Мерейлі отбасы» мерекесімен шектеп қоюға болмайды. Үлгілі отбасыларды насихаттап отырған жөн. Мен үнемі әйелдер мәселесін көтеріп келемін.

– Елордамыздағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде аға оқытушы болып қызмет істедің. Бүгінгі жастарға не қажет?

– Жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт берген жөн. Жоғары оқу орындарында заман талабына сай мамандар дайындаған жөн. Шаштараз, сантехник, электрик сияқты мамандарды дайындайтын колледж мәртебесін көтеру керек деп ойлаймын. Сонымен қатар бала тәрбиесіне, талантына ерекше мән беру керек. Түрлі спорт, өнер, т.б үйірмелерді тегін, мемлекет есебінен жасауға күш саламын.

– Әлеуметтік желіден Семей полигоны туралы маңызды мақалаңды оқыған едім.

– Біз полигонның жоғары радиациялық қауіпті аймағында тұрдық. Бала кезімізде саңырауқұлақ сияқтанып, аспанға көтерілген талай жарылысты көрдік. Жер сілкініп, құлаған үйлердің үйіндісіне талай куә болдық. Қаншама адам өмірден өтті. Солардың қатарында әкем де бар. Семей полигонынан зардап шеккендердің жеңілдіктерін арнайы қабылданған Заң аясында жүзеге асыру әлі дұрыс қолға алынбай келеді. Мен осы мәселені қозғасам деймін.

Сонымен қатар елордадағы экологиялық және қоршаған ортаны қорғау: аула аумағын абаттандыру; суағарларды жасау, жеке сектордағы меншік үйлерді газбен қамтамасыз ету мәселелері де менің бағдарламамда орын алған.

– Төрт кітаптың авторысыз. Жазуды жалғастыра беретін шығарсыз?

– Алдағы уақытта да елім, жерім, тілім, халқымның талап-тілегін, әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесін қаламмен жазып ғана қоймай, қайраткерлікке ұмтылып, ұлы істі иығыммен көтеруге белімді бекем будым. Праймеризге қатысу – соған апаратын әділ жол болады деген үміттемін.

Әңгімеңе рақмет! Сәттілік тілеймін!

 

Сұхбаттасқан

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.