Біржан Сартбекұлы: «Тамырыма тартып туған ұл болсам ұлт мәселесін бәрінен биік қоямын»

0
326

Әуелгіде алты алашқа айтыскер ақын ретінде танылып, кейін жалпақ жұрт жүйрік журналист ретінде мойындаған Біржан Сартбек соңғы жылдары мемлекеттік қызметтің де көрігін қыздыра білді. Қай салаға салса да қайқы қылыштай кесіп түсер қайсар мінезді азаматтың қай қадамы да ұлтқа қызмет етуді көздейді.  «Nur Otan» партиясының ішкі іріктеуінде Біржан Сартбекұлы да бақ сынауда. Әрине праймериз дейтін саяси додаға қатысып жатқандардың қатары көп. Алайда әліне қарай шабатын алуан-алуан жүйріктің ішінде Б.Сартбектің сайлау алды бағдарламасындағы қазақ тілінің мәртебесі туралы көтерген мәселесі  ерекше көзге түсіп, қоғам арасында қызу талқыға түсуде. Бұл айтыспен ауызданып, журналистикамен жетілген, мемқызметте тәжірибе жинақтаған маманның өзекті мәселені өңешінен ала білгені. Осы орайда, Біржан Сартбекұлының өзімен тілдесіп, ойын тыңдап көрген едік.

– Партия ішілік іріктеуге қатысудағы ойыңыз қандай? Праймериз бізге не береді?

– Аламан көрсе арғымақтың қос иығына қанат бітеді емес пе? Ұлт намысы мен халқымыздың құндылығына қатысты дүниелер таразыға түскенде таса жүріп, қарап қалмайтын қазақпын. Сондықтан менің мінбердегі мәселем – алдымен – ұлттың ұпайы мен ұстанымына қатысты бағыт болмақ. Сондықтан праймеризде бағымды сынауға белді бекем будым. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет шымылдығын түрген саяси додада сынға түсу мен үшін мәртебе. Демократиялық жаңғыру жолында саяси харизмаңның қуаттылығы мен илеяларыңның өміршеңдігі арқылы өзіңді көрсетуге болады. Бұл еліміздің болашағы үшін бей-жай қарамайтындардың бәсекесі. Жарқын жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл біздің бәйге. Шын мықтылардың шабатын шағы. Ел алдына шығып еркін пікір білдіріп, елдік мұрат жолында жетелі жоспарымызды айтуымызға сондай әдемі сәт туды. Түйінді мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын ұсына аламыз. Әртүрлі әлеуметтік, рухани, моральдік мың бір мәселенің адырнасын ағытып, алдаспанын сілтеуге серт еттім.

 

– Кейбір пысықайлар праймеризді ұпай жинайтын саяси алаң ретінде пайдаланғысы келеді. Көпшілігінің бағдарламасына көз жүгіртсең байыпты ештеңе таппайсың. Ал Сіз не ұсынып отырсыз?

 

– Праймериз дейтін саяси додаға атақ немесе мандат үшін қатысып жатқаным жоқ. Айтыскер ақын, журналист, мемлекеттік қызметкер ретінде көргенімді, көңілге түйгенімді басшылыққа алып ұлтқа қызмет ету. Ұпай жинауды көздеген жан болсам ол ойымды әлдеқашан-ақ басқаша жолдармен жүзеге асырар едім. Оның түрлі жолы бар ғой. Мені танитын азаматтар арзан пиярдың адамы емес екенімді жақсы біледі. Ал, сайлау алды бағдарламамның тармақтары былайша тізбектелді. Біріншіден, бағдарламамның басты бағытының бірі: көп балалы аналар. Көп балалы отбасылардың балалары үшін түрлі үйірмелер, спорттық секцияларға тегін қатысуға жол ашу. Бюджеттің шығындарын қайта қарап, көгалдандыру, абаттандыру секілді шаруаларға кететін қаржыны мүмкіндігінше қысқартып, көп балалы отбасылардың қажетіне жұмсау. «Алтын алқа» төсбелгісін тағайындаудың ережелерін қайта қарау. Көп балалы отбасылар әкелерінің мәртебесін көтеру, жұмыспен қамтылуы, сапалы медициналық қызмет көрсетілуіне жағдай жасау. Екіншіден, тірліктің басы тілімізді құрметтеуден басталады. Қазақ тілінің қолданыс аясындағы құрметін арттыру керек. Осы мақсатта тіл полициясын құруды ұсынамын.

Мемлекеттік қызметке тұратындар үшін мемлекеттік тілді білуді заңмен міндеттеу қажет. Ономастикалық комиссиялардың жұмысын күшейтетін уақыт келді. Үшіншіден, өткеніңді білмей болашағыңды бағдарлай алмайсың. Төте жазуды меңгерген тарихшыларды даярлауға көңіл бөлу керек. Қазақтың талай жылғы тарихы төте жазумен сақталған, алайда, оны түсініп, оқи алатын маман тапшы. Тарихты танып-білу жолындағы таудай кедергенің бірі осы. Төртіншіден, ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеде екенін ұмытпауымыз керек. Балаларды шетелдің шытырман мультфильмдеріндегі кейіпкерлеріне бой түзеуден арылту қажет. Өскелең ұрпақты өзіміздің тарихпен тәрбиелеу керекпіз. Баяғының батырлары мен билеріне еліктеп өсетін буын қалыптасу керек. Қазақы колоритті бала болмысына сіңіру үшін ұлттық жобалар керек. Бесіншіден, туризм табыс көзіне айналуы тиіс.Туристік орындардың инфрақұрылымын дамыту керек. Туристерге жайлы жағдай жасамай туризм саласы алға баспайды. Алтыншыдан, мұғалім – мектептің ғана емес, мемлекеттің де жүрегі. Ұстаздардың үйіне тегін интернет желісі тартылу керек. Мұғалім мәртебесін әлі де көтеру керекпіз. Мұның бір жолы – мұғалімдерді сайлау секілді саяси науқандардың құрбанына айналдырмау қажет. Неге ағарту ошағының директоры мектептегі сайлау учаскесінің төрағасы болуы керек? Неге мұғалімдер мүшесі, хатшысы болып сайланады? Халық тарапынан ұстаздар атына айтылған ең көп әрі негізгі сындардың бірі де осы болды. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтереміз десек, оны саясаттың сайқал ойынынан аулақ ұстайық. Жетіншіден, спорт медицинасына мән беру маңызды. Ұлттық құрама спортшыларын сауықтыру. Мәселен, олимпиададан келген спортшылардың тынығуына мүмкіндік бермей саяси науқандарға жіберіп, флешмобтарға қатыстыру – оларды бабына келтірмей, болашағына балта шабу деп санаймын. Ал ұлттық ойынымыз көкпарға субсидия бөлу керек. Ұлттық спортқа мемлекеттен мейлінше қолдау көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар, интеллектуалдық ойындарға демеушілік жоқ. Сегізіншіден, бақ саласының бағы жанбай тұр.

БАҚ саласындағы мемлекеттік сатып алуларда алғашқы кезекте жергілікті ақпарат құралдарына басымдық беру керек. Бір өңірдің идеологиялық саясатын келесі бір өңірдің тұрғындарына насихаттау қаражатты желге шашу деп санаймын. Сондай-ақ, қанша жылдан бері айтылса да журналистердің әлеуметтік статусы әлі нақтыланған жоқ. Міне, осы және өзге де мәселелер менің сайлауалды бағдарламама өзек болды.

 

– Үміткерлермен кездесулерде бағдарламаңыз халық тарапынан қолдау тауып жатыр ма? Ел не дейді?

 

– Сайлауалды шаралардың маңызды бір сәті – сайлаушылармен кездесу. Байқағанымыз, көпшілікпен ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие мен әсіресе ұлттық тіл мәселелеріне келгенде ойымыз бір жерден шығады екен. Бүгін соған тағы да көзіміз жетті. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, ел үшін аянбай еңбек еткен Қаратай Тұрысов атындағы орта мектепте өткен басқосуда ұстаздармен емен-жарқын әңгімелестік. Бағдарламамның басты бағыты – қазақ тілі мәселесіне байланысты ұстаздар ұтымды ойларын ортаға салды. Бұл заңды да. Педагогтар бала тәрбиесіне келгенде ұлттық құндылықтарды ұстану қажеттігін жақсы түсінеді. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, Ұлтқа ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы оның ұлт ретінде құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Міне, осы ой ұстаздарға да маза бермейді екен. Туған тіліміздің төңірегінде талай маңызды мәселердің әлі де болса шешілмей келе жатқандығы үлкен мәселе. Міне, көпшілікпен ойымыз ортадан шыққан басты мәселе осы болды. Бағдарламада қамтылған бала тәрбиесі, көп балалы аналардың жай-күйі, әлеуметтік мәселелер турасында да жиналғандар тарапынан көптеген ұсыныс-тілектер айтылып жатыр.

 

– Праймериздің бір шарты дебат қой. Осы дебатқа үміткерлер қаншалықты дайын болды? Олай дейтінім, өз жазғанын өзі айтып бере алмайтын, бірақ сонда да көшбасшылыққа ұмтылатын жандар көп емес пе?! Жалпы оппонеттеріңіз туралы не айтасыз?

 

– Қарсыластарымның қолға алған жобаларына құрметпен қараймын. Барлығымыз да ел ертеңі мен бүгіні бойынша ұтымды ұсыныстарымызды айттық. Сұрақ-жауап түрінде риторикалық кері байланыс көптің көңілінен шыққан секілді. Артық-ауыс апология айтудан аулақпын. Алайда оппоненттерім болашағымызға бей-жай қарайтындардың қатарында емес. Бағдарламамның басым бағыттарын алқалы топтың алдында айтып жеткізуге тырыстық. Өзімнің тіл төңірегінде көтерген тармағым қарсыластарымды қызықтырып, сұрақтары да сол бағытта жақсы қойылды. Үміткерлердің үлкен-кішісінде де іске асуға лайық ізгі жобалар жоқ емес. Шын мықтылардың шабар шағында сіздер де тақым қысып жүргендеріңізге алғыс айтамын.

– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңызға рахмет! Саяси додада сәттілік тілеймін!

 

Бекнұр Мейрамбайұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.