Ашынғаннан шығады ащы дауысым!

0
240

Білім саласындағы былықтарға бәріміз кінәліміз. Шүкір, қазір мемлекет мектепке, ұстазға барынша жағдай жасап жатыр. Ал осындай жақсылықтардан оқушы білімі еселеп артып, оқу қабілеті жақсарды ма? Оқушыны ұлтжандылыққа жетелеп әкелдік пе,  сауаттылығы қандай, кісілігі ше? Газет-журнал оқи ма екен?

Бұл сұрақтарды үнемі күнделікті өзіме қоямын. Қазақ мектебіне не керек? Ғұлама ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей мынандай қажеттіліктерге зәруміз:

  1. Жақсы дайындығы мол, білімді де білікті, ұлтжанды ұстаз керек. Жыл сайын өзгеріп отыратын реформалардан шаршады ма, білімі таяз ба, әлде осы іске әлдеқалай келе салды ма екен? Қай салада болсын өз ісінің білгірін іздейміз.

Неге оқушының білімі көңіл көншітпейді? Қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайтын “тест жаттағыш”, жазу сауаты мен өз ойын ауызша да, жазбаша да айтып жеткізе алмайтын оқушылардың обалы кімге? Ол үшін ұстаз мықты, сауатты, күнделікті білімін толықтырып отыратын өз саласының білгірі болу керек. Газет-журналдардағы жақсы мақалаларды оқып отырса жөн болар еді. Шәкірт анасының ақ сүтін емгендей ұстаздың айтқан сөзінен нәр алып отырса, шіркін. Мен кейде (әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті бойынша) жазбаша бақылау жұмысын, мазмұндама шығарма алсам деп ойлаймын, кімнің кім екенін білуге, осының өзі жетіп жатыр емес пе?

  1. Оқулықтың сапасы нашар, тілі түсініксіз аударма деуге болады. Оқулыққа бастауыштан бастап жоғарғы оқу орнында оқылатын тақырыптар енгізген. Балаға ұғымына сай сөйлеу, тілін қалыптастыратын, үйде де, мектепте де қиындықсыз орындай алатын дүниелер керек. Көбіне (әсіресе қашықтан оқыту кезінде) ата-ананың көмегіне зәру. Ал ата-ана жұмыста. Тіпті олардың да білімі жетпей жатады.

Биыл 5 жыл. Сауат ашу оқулығы балаға көп қиындықтар әкелді, жыл бойы бүкіл әріпті әрең меңгерді. Бұрын желтоқсанда бәрін бітіріп, ана тілін оқи бастайтын. Бұл деген барлық әріптерді меңгеріп, әріптерді өзі жаза да оқи да алады дегенді білдіреді. Неге «Әліппеден» қашты? Мүйізі қарағайдай ғылыми-зерттеу институттары, оның ақылды ғалымдары бұны мақұлдап елге ұсынды. Жалпы мектепке, оның оқулығына, бағдарламасына аса сақтықпен қарау жөн екенін айтумен келеміз. Оқулық жазғыштарға зор жауапкершілік керек.

  1. Оқу бағдарламалары жыл бойы оқулықпен сабақтасып көп қиындық келтірмейтін, анық, нақты болғаны жөн. Мен білген, мені ойландыратын жайларды бәрі білетініне сенімдімін.

Тәрбие ісі де шатқыаяқтап кетті. Оқу мен тәрбие адамзаттың қос қанатындай бірлікте болу керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы (әл-Фараби). Ақтөбеде қыздар төбелесіп, елге масқара болды. Осындай ұрыс-керістер әлсін-әлсін шаң беретіні бар. Ауылдық жерде бір-біріне бауыр болып келетін Ақтөбенің Кеңқияғында болған бұл жайға көзжұмбайлықпен қарауға болмас «Мектептен көруге болмайды, қазір онлайн оқуға көшкен, ата-ана кінәлі» дейтіндер бар. Тәрбие адам бойына сіңіріліп, жуса да кетпейтіндей қасиетке ену керек. Мектеп неге басын арашалады? Мектеп, оқу бөлімі оның басшысы жас ұрпаққа қырағылықпен қарайтын сол жолға өмірін арнаған қызметкерлер кінәсіз бе? Берілетін тәрбиенің нашарлығынан саңлау тауып, тәртіпсіздіктер өршіді. Кітап оқу, кесте тігіп ой өрісін дамытатын, ата-анасына қолғабыс беретін қыздың қылығы қалай ғана басқаша өрілді. «Онлайн оқудың» жұрт мақтағандай қасиеті бар ма? Бос уақыт көбейгендіктен осындай әрекеттерге барды ма екен?

Айтып-айтып келгенде ертеңгі ел анасы, отбасының темірқазығы қыз тәрбиесінен ши шыққанына көп болды. Не істеу керек?  Естияр аналар тіпті әжелер анегдот, былапыт сөздер айтатынына куә болып жүрміз. Шектен шыққан сондай әже сымақтар немересіне боқтық сөз үйретіп, оны желіге салып елді күлдірмекші болды. Соның азабын ертең ұрпағы тартарын біле ме екен олар? Бір сәт ойланайықшы!

 

Құралай Есқұлова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.