Ел үмітін ақтаған Жаңаарқа жастары экспедициясы

0
362

«Ауыл – ел бесігі» Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ш.Ералиев ауылында

 Шежірелі Жаңаарқа жерінде сонау ерте сақ, ғұннан қалған із сайрап жатыр. Ежелгі алып  меңгірлер, сынтастар, қорғандар соның дәлелі. Ата-бабаларымыздың ізі сайрап жатқан атамекен бізге құт әкелді. Жаңаарқа жеріндегі әрбір тарихи ескерткіш тектілігімізді дәлелдей түскендей. Атақты академик Ә.Марғұлан Атасу қонысын ежелгі ең ірі қоныс деп атаған. Осы қонысты қазір Мыңбай сайы деп атайды. Мың болғыр ата-бабаларымыз жер-су атын тегінен-тегін осылай атамаған шығар.

Рашид-ад-диннің дерегіндегі Жұбаныш қаласының орыны да осы киелі өлкеде. Инандж қаласы немесе қазіргі Жұбан ана кесенесі соның дәлелі. Бұны Ш.Уәлихановтың осы өлкеге келуі дәлелдей түседі. Абылай ханның Көкшеден Шуға өтетін жолын «Хан жолы» деп атап кеткен. Айта берсек дерек көп. Бұның бәрі текті тегімізді, тамыры терең тарихымызды дәріптеп, болашақты сол сара жолды жалғап, ұрпаққа аманат ету біздің борышымыз екенін естен шығармау.  Тереңнен қозғасақ, бұл өте өзекті мәселе екеніне көз жеткіземіз. Енді негізгі айтар мәселеге оралсақ. Атасу тарихын Асан Қайғымен тікелей байланыстыру үрдісі бар.

Желмаясына мініп Жерұйық іздеген Асан қайғы Жаңаарқа өлкесіне келіп шұрайлы өлкесін аралап жүріп: «Сарысудың саумал татыған суындай емес, тұщы судың атасы осында екен ғой» депті. Содан бері Атасу атанған екен. 1923 жылы Балаубаев Сәлкен ауданның атын «Асан қайғы» деп қойған. 1929 жылы Сәкен Сейфуллинің ұсынысымен Жаңаарқа ауданы деп атын өзгерткен. Содан бері киелі Жаңаарқа атауы бізге құт-береке әкелуде. Сол Жаңаарқаның өлкесінен талай күміс көмей әнші де, бармағынан бал тамған күйші де, мың бұралған биші де, жауырыны жерге тимеген балуан да шыққан. Қара қылды қақ жарған билер де, ел қорғаған батырлар да, ел басқарған елжанды азаматтар да баршылық. Қазіргі кезде де сол сара жолды жалғаған жаңаарқалықтар қазақ елі үшін аянбай тер төгуде. Әлемді жайлаған пандемия кезінде жаңаарқалықтар өздерінің ұйымшылдығымен, Атымтай жомарттығымен елге үлгі бола білді. Сол жарқын істер бүгінде жалғасын табуда.

 

 

Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауымен «Рухани жаңғыру»  аясында «Туған жерге туыңды тік» акциясы ойдағыдай іске асуда. Оның жарқын дәлелі күні кеше Ш.Ералиев селолық округінде өткен игі істер. Жаңаарқа ауданының әкімі Бекқожин Юржанның бастамасымен аудан көлемінде талай игі іс-шаралар атқарылуда. Бітер істің басына, жақсы келер қасына дегендей аудан жұртшылығының қолдауымен жастардың жалынды іс-әрекеттері өз жемісін берді. Ауылдағы спорт ғимаратының ашылуы ең басты іс-шара болып салтанатты жағдайда өтті.

 

Ең әуелі Алланың үйі жаңарған мешітке ат басын бұрдық. Бұрынғы ғимаратты жаңартып жөндеу жұмыстарына атсалысқан 1974 жылғы мектеп түлектері екен. Сіздерге Алла разы болсын! Аудан әкімі Бекқожин Юржан Асанұлының алғы сөзімен ауыл ақсақалы Мәмбетов Өмірзақтың батасымен ауылдың көрікті жерлерін аралауға жолға шықтық.

 

 

«Жан жүрегім ауылым» иллюминациясы ауылдың шырайын келтіріп тұр. Мектеп бітіргендеріне 25 жыл толған 1978 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен жүзеге асқан игі шараға ел риза.  Ш.Ералиев селолық округінің әкімі Мәмбетов Ерболдың басшылық жасауымен және аудан әкімі Бекқожин Юржанның қолдауыменен ауылға 250 Квт екі трансформатор орнатылды. Бұл өз кезегінде ауылымыздың ескірген трансформаторын ауыстырып, жарық мәселесін шешуге мұрындық болды.

 

 

Одан әрі Мәдениет үйі мен дәрігерлік амбулаторияға барып тыныс-тіршілігімен таныстық. Екі ауылдың арасын бөліп тұрған Ащыөзекке салынған көпір де, автобекет те осы ауыл жастарының арқасында салынды. «Жас келсе іске» деген осы. Ауыл көшелерінің жарықтандырылуы, асфальт жолдардың салынуы ауыл көркін аша түскен. Көпке үлгі болар істің куәгері болған ең басты ғимаратқа да келіп жеттік.

 

Спорт ғимаратының лентасын қию салтанатты іс шарасында, аудан әкімі Бекқожин Юржан Асанұлының құттықтау сөзінен кейін сөз алған ауылымыздың мақтанышы, Орталық Қазақстан газетінің бас редакторы, айтыскер ақын Мұсабеков Ерсіннің спорт ғимаратын аяулы ұстаз, еркін күрестен КСРО спорт шебері Жақсыкүн (Танау) Нығызбаевтың атына беру керек деген ұсыныс білдірді. Ел үмітін ақтаған Толағайдың тұғырлы азаматтары көп болсын деген игі тілекпен елге қайттық.

 

Қанат Есжанов,

Қарағанды облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.