ҮКІМЕТ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КӨСЕГЕСІН ҚАШАН КӨГЕРТЕДІ?

0
49

Иманғали Тасмағамбетовтің «Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді» деген сұхбатына көз жүгіртіп шықтым.  Бәрі дұрыс.  Бәрі жақсы. Атпал азамат ағынан жарылыпты. Тіл мәселесіне де өз көзқарасын білдіріпті.  Енді қайтсін…
Бірақ менің есіме мына жайт түсті. Премьер министрдің орынбасарлығына  Асқар Мырзахметов, Иманғали Тасмағамбетов және Бердібек Сапарбаев сайланғанда қазақ халқының қалай қуанғаны көз алдымда тұр.
Ошақтың үш бұтындай үш азаматтың Үкіметте тоқайласуы жағымды жаңалық-тын.
Тіпті ішімнен қатты қуанып, «Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының сара саясатының жемісі» деп мақала да жазып тастағам. Әй, аңғалдық-ай!
Ерте қуаныппын. Алғашында Үкімет отырыстары қазақша басталғанымен,  көп өтпей баяғы таз қалпына түспесі бар ма!  Мен де аң-таң, апам да аң-таң!
Сол кезде Иманғали Тасмағамбетов «Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейтінін» білмеді дегенге өлтірсең де сенбеймін!
Анығы  олардың шамалары жетпеді. Себебі  «Теңіз құбыжығы «Спруттың» аяқтары»  жүйені байлап-матап тастаған.
Ресейге қарап  «мөңірейтіндер»  бұларды «өз заңдарына» икемдеп алды. Сол жолмен жүргізді. Өйткені күштінің құйрығы диірмен тартқан заман ғой бұл. Біз білмейтін,  Иманғали сезінетін көп құпия жатқан секілді  бұл  арада…  Кейін ашылар, айтылар.
Осылайша ел сенім артқан, қазақ тілінің жанашыры саналатын үш азаматтың тісі батпаған билікке,  (Алла Тағала ғайыптан ес кіргізбесе), «баяғы жартас,  бір жартас» болып қала бере ме деген қауіп бар менде.
Айтпақшы осы жерде бір заманда Үкіметті басқарған Серік Ахметовтың Дон Кихот секілді «су диірменге шапқан» қылығы да есіме түсіп отыр. Ол: «Ертеңнен бастап үкімет қазақша сөйлейді» деп уәде беріп алып,  оны жүзеге асырмақ түгілі өзі істі болып кетіп еді-ау.
Бүгінгі Үкімет басшысы Асқар Маминде жұқалап болса да бір-екі рет қол астындағы үкіметті қазақша сөйлеткісі келген ыңғай танытқан,  алайда, не өресі жетпеді,  не «ана жақтан»  «тәйт» деген «қаһарлы» ескерту естіді.
Әйтеуір үні шықпай қалды.
Мемлекттік тілдің иі бір қанатын кезі келгелі қашан?.
«…Бегемоттың терісі болсақ тағы,
Кезі келді қанатын иіміздің» деп Қадыр ақынның өлеңін енді қанша айтар екенбіз?!

Нағашыбай Қабылбек

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.