1921 – 1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ НӘУБЕТКЕ 100 ЖЫЛ!

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921–1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді».

Енді осы оқиғаны тарих тұрғысынан қарастырып көрсек. Бұл нәубет те 1931–1933 жылдардағы зұлмат секілді Кеңес тарихы оқулықтарына енген жоқ. Сондықтан оның себеп-салдары, тигізген зардабы, әсіресе, халық шығын саны бүгінгі күнге дейін белгісіз. 1920 жылы 26 тамызда В.И. Ленин және РКФСР Орталық Атқару комитетінің төрағасы М.И. Калининнің қол қоюымен «Қырғыз» (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» құрылып, ал 28 тамызда 1920 жылғы алғашқы кеңестік халық санағы жүргізілді. Негізінен, кеңестік кезеңде Бүкілодақтық сегіз халық санағы (1920, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989) өтті. Халық санағының материалдары – анық бір уақытта өткізілген, белгілі бір уақытқа тән халық саны және оның құрамы жөніндегі мәліметтер жиынтығы. Яғни халық санағы материалдары – шынайы  қабылдауға болатын дерек. Алғашқы кеңестік халық санағы 1920 жылдың 28 тамызында, ал 1926 ж. Бүкілодақтық екінші санақ жүрді. Екі санақ аралығында іріктелген санақтар өтті, бірақ санақтың бұл түрі Қазақстанда тек 1922 жылдан басталды.

Халық санын анықтаудағы ең қиыны – 1921 жыл. Санақ материалдары өте құнды, дегенмен, бұл бір сәттік қана құбылыс. Сондықтан 1920 жылы жүргізілген ауылшаруашылығы санағы мәліметтерімен толықтырылған сол жылдардың статистикалық жылнамалары аса маңызды дерек болып табылады. 1920 жылғы ауылшаруашылық санағы, сондай-ақ 1918–1920 жылдардағы «Статистикалық жылнамалар» бойынша Қазақ АКСР-інде 5 058 555 адам болып, бірақ бір жылдан кейін бұл жағдай қатты өзгерді. Республикаға 1921 жылдың аштығы ауыр тиді. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында бұл мəселеге қатысты деректер шоғыры сақталған (Обращение ЦК РКП(б) к продовольственникам. – Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты. 139-қ., 1-т., 37-іс, 10-п.; Сведения о голодающих губерниях КССР. – Сонда, 139-қ., 1-т., 336-іс, 19 – 20-п.; КССР. Центральная комиссия по оказанию помощи голодающими населению при КирЦИК. – Сонда, 16 – 18-п.; Краткий отчет о работе ЦК ПГ при КЦИК и положение голодающих губерний КССР за июль 1922 г. – Сонда, 29 – 41-п.). Казақ АКСР-інде жалпы аштыққа ұшырағандардың саны 1 476 985 адам, оның 558 392-і балалар. Ол  губерниялар бойынша төмендегідей болды: Орынбор (ересектері – 138 339, балалар саны – 209 671); Ақтөбе (ересектері – 171 389, балалар – 134 000); Қостанай (ересектері – 217 365, балалар – 96 935); Орал (ересектері – 123 600, балалар – 103 500); Бөкей (100 000 адам); Адай (75 000 адам); Семей  (5 616 адам); Ақмола (ересегі – 92 000, балалар – 9 670 адам). 1922–1923 жылдары республикадағы ашыққандардың ең жоғарғы көрсеткіші – 2 305 321 адам. 1920 жылы Қазақ АКСР-інде 5 058 555 адам болса, ал 1921 жылы – 3 596 999 адам, ал 1922 жылы 3 795 963 адам қалды. Және осы шығынды, негізінен, қазақ халқы, оның ішінде ауыл қазағы құрады.

1922 жылы 19–27 ақпанда республиканың сол кездегі  астанасы – Орынбор қаласында РКП(б)-ның 2-жалпықазақ конференциясы өтті. Оның стенографиялық есебінде «ҚазАКСР-індегі аштық шаруаларды отырған жерлерін тастап, қалаларға шоғырлануына әкелді. Олардың арасында эпидемия мен аурудан, аштықтан шетінеу белең алуда» делінген. Өлімнің көбеюіне, әрине, шала тамақтану, оның әсерінен организмнің әлсіреп, ауруға ұшырау, санитарлық-тұрмыс жағдайдың нашарлауы, дәрігер көмегінің, дәрі-дәрмектің жетіспеуі де әсер еттті. Аштық жайлаған аудандарда ұрлық, кісі өлтіру қылмыстары белең алды, аштық салдарынан есінен адасу фактілері орын алды. Жұт салдарынан бар малынан айырылған, нәтижесінде аштыққа ұшыраған қазақтар бүкіл отбасыларымен қыстауларда қырылып жатты. Сондықтан бұл жылы орын алған халық шығынын анықтау өте күрделі. 1921 жылдың көктемі мен жаз айларында Шымкент, Әулиеата, Перовск және Қазалы уездеріндегі екі жылғы аштықтан қазақ даласы қаңырап бос қалды, қазақтарға төнген зобалаң Түркістандағы кеңес билігінің ашыққандарға көз жұмып қараушылығынан асқына түсті, шеттен әкелінген азық-түлік қызыл әскерлерге, жұмысшылар мен кеңес мекемелері қызметкерлеріне таратылды. Орыс мұжықтары қазақтарға ұн сатпай, ал жергілікті кеңестер тіпті ашаршылықпен күрес туралы кейбір жобаларға қарсы шықты. Мысалы, Ашаршылықпен күрес жөніндегі Орталық Комиссияның төрағасы Т. Рысқұлов ашыққан қазақтар мен өзбектерге көмектесу мақсатында ауқатты қала тұрғындарына азық-түлік және киім жинау арқылы арнайы салық салу жөнінде ұсыныс жасағанда, Түркістан ОАК төрағасы ол жобаны қабылдатпай тастаған. Аш қазақтардың қалаға келетін жолдарына кордондар қойылып, оларды қалаларға енгізбеген. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу орталықтарына айналуы мүмкін деген күдікпен мұсылмандардың өз қаражаттарына ұйымдастырған асханаларын жауып тастаған. Түркістан халқының әйгілі қайраткері Мұстафа Шоқай 1921 жылы Парижге келіп орналасқаннан кейін, қазақ еліндегі сұмдық ашаршылықты әлем жұртшылығына хабарлап, Кеңес құрамындағы түркі-мұсылман халқына көмек беру қоғамдарын ұйымдастырған. Ол түркі халқы азаттық қозғалысы жетекшілерімен бірге барлық мұсылман елдеріне, сонымен бірге 1920-жылдары Орал мен Еділ бойындағы ашаршылық жайлаған аудандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуде үлкен рөл атқарған «Америка көмек әкімшілігі» («American Relief Administration – АРА» ұйымына үндеу тастаған. Ал Кеңес үкіметі бұл ұйымды Орынбордан әрі жібермеуге, яғни оның жұмысын жоққа шығаруға тырысқан.

ҚР Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың жоғарыдағы аталған мақаласында «Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деп жазды. Демек, 2021 жылы бұл зұлматтың 100 жылдығына мемлекет тарапынан бірқатар іс-шаралар істеледі деген сенімдеміз. Мақаланы қорыта келе, төмендегідей ұсыныстар назарда болса деген ойды білдіргіміз келеді. Біріншіден, жыл сайын бір күн Азалы күн болып бекітіліп, Ашаршылықта қайтыс болғандарға Құран бағышталып, дұға оқылса. Себебі жалпы Репрессия құрбандарын еске алу күні деп белгіленген 31 мамыр бұл мәселенің тарихи маңызын толық көрсете алмай келеді. Екіншіден, әр облыс бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан ауыл адамдарына арналғандай Ескерткіш тақта орнатылып, оған құрбандардың есімдері енгізілсе, ал ол үшін әрбір азамат сол жылдар туралы үлкендерден естігендерін қағазға түсіріп, Үлкен естелік кітап жасалса. Үшіншіден, 1931–1933 жылдары Қытай, Ресей, Ауғанстан мен Иранға, іргелес көрші елдерге босып кеткен халық ұрпағынан естелік жиналып, экспедициялар ұйымдастырылып, елге оралған қандастардың ұрпағынан мәліметтер алынса. Нәтижесінде интернет артықшылықтары пайдаланыла отырып, ортақ база жасалып, халықаралық деңгейде Ашаршылық құрбандарының тізімін жасауға мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ бұл мәселелермен толыққанды айналысатын, ғылыми зерттеулер жүргізетін, деректі фильмдер жасап, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа насихаттайтын арнайы мамандырылған Демография институты құрылса тіптен құба-құп болар еді.

 

Клара Саркенова,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының ғылыми қызметкері

 

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз