Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елордадағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен айтулы тұлғалардың мерейтойларын атап өту мен бас шаһардың руханиятын, мәдениетін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылап, өз ойымен бөлісті.

Әкім орынбасары Бақтияр Мәкен егемендік туралы ой толғай келіп, Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тек саяси-әлеуметтік, қаржылық-экономикалық мінберлердің емес, мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың да мәртебелі тұғырына айналғандығын атап өтті. Кейінгі жылдары елордада мәдениет саласында біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қаламыздың бірқатар мектептері мен көшелеріне ұлы тұлғалардың есімдері берілді. Мұндай игі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

«Былтыр Қалибек Қуанышбаев театры жаңа зәулім ғимаратқа көшті. Оның орнында
жасөспірімдерге арналған жаңа театр пайда болды. Жақында ғана Nomad театрына Халық каһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілсе, биыл жыр алыбы Жамбыл
бабамыздың 175 жылдығына орай Қалибек Қуанышбаев театрында көрнекті тұлғаның
мерейтойының ашылу салтанаты өтеді. Сонымен бірге ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына тоқсан жыл толып отыр. Осы жылы әйгілі балуан Қажымұқан атамыздың 150 жылдығы, заңгер Салық Зимановтың 100 жылдығы және өзге мерейтойлар бар. Оларды да тиісті деңгейде атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Б.Мәкен.

Одан кейін белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, тарихшы Бүркіт Аяған, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, ақын Серікзат Дүйсенғазин, Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали секілді бірқатар азаматтар қаланың рухани-мәдени өмірін көркейтуге қатысты ой-пікірлерін айтты.

Астана руханиятының дамуына үлес қосқан, қазір өмірде жоқ, елімізге танымал кейбір азаматтардың есіміне көше, мектеп беру туралы сөз қозғалды. Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов өз саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз