Елге жыл сайын барып тұрамын. Ауылдағы қарияларға сәлем берместен бұрын, алдымен қарт Сырдарияға барып басымды иіп, құрмет көрсетемін. «Алламның нұры жаусын, қасиетті Сырдария! Арнаң дәйім толып ақсын!» деп ақ тілегімді айтып, сәлем беремін. Рас баяғы бала кезімізде толықсып ағып, арнасына сыймайтын Сыр өзенінің кемел шағы келмеске кеткен. Арал теңізінің қос бұрымы сияқты Әму мен Сыр өзені менің қос бабам сияқты жүрегіме өте жақын. Себебі мен Өзбекстанда дүние есігін аштым. Есімді білгенде Әмударияны көрдім. Бәлкім бала көзіміздің өлшемі болар, Әмудің арғы жағалауы бұлаңытып әзер көрінетін. Бозбала шағымызда, яғни 60-70 жылдары Сыр өзенінің арнасы одан кем түспейтін. Дегенмен Әму әпкесі, Сыр сіңлісі болар деп бағамдадым. Азияның тамырына қан жүгірткен қос дария сұлуымыз қарияға айналды ма, әлде бауырынан еміп түлеген перзенттері ме ерте қартайтқан, әйтеуір уақыт өткен сайын солып, семіп, кеміп барады. Әсіресе шымбайымызға бататыны дәл қазір Сыр өзенінің жылап ағатын мүсәпір дәрежеге жеткені. Төрткүл әлемді табанынан тік тұрғызып дабыл қағатын кез келді. Түзелер, жөнделер, арнасы толар деп жүргенде соңғы екі-үш жылда дарияны кешіп өтетін жағдайға жеткені кімді де болсын толғандыратыны анық. Күрішті ауыл, алтын маржанды Қызылорданы Сыр өңірі деп атаймыз. Сол Сырымыз кетсе не күйге түсеміз?» Удай ащы ой. Жаныңды қоярға жер таппайсың. Сыр өзені ол – анамыз ғой. Анаң кетсе «бұлағымыз суалды» деп «аһ!» ұрамыз. Ау, ағайын, бұлақ емес сона-ау Оңтүстік пен анау Аралға дейін ен жатқан елдің еміп жатқан дария-анасы көздері жәудіреп бұл пәниден көшкелі жатқанда бұл не үнсіздік?! Мемлекет қайда? Сыр өзенінің бойын жайлаған қалың ел неге үнсіз?  Рас, екі-үш қана мақала шыққанын көзім шалды. («Егемен Қазақстан» мен «Жас Алаш»). Бүкіл халық боп дабылдатып іліп әкете ме деп ойлағанмын. Жоқ, олай болған жоқ! Үн жоқ. Депутаттар қайда? Қоғам қайраткерлері тек саясатпен айналысып, кеткен бе? «Күріштің келешегі не болмақ?» «Сырдың суы сирақтан…», «Сырдария биыл да сарқылып тұр» деген дабылдатқан мақалалар елдің назарын неге аудармады? Мұнда жазылғандардың қорытынды түрде айтатын уәжі бұл зор мәселемен Президенттің өзі айналыспаса еш нәтиже шықпайтындығы. Иә, шынында да солай. Бұған жауапты министрлік те, облыс әкімшіліктері де қимылдаған болып жатыр. Нәтиже жоқ.

Сыр өзенінің жоғарғы жағын бунап тастаған өзбек, қырғыз, тәжік елдерінің жағдайының сағанағы сарқ, қағанағы қарқ деп айтпасақ та, бізге қарағанда шүкір, жағдайлары тәуір. Тоқтағұл, Әндіжан, Бахри, Точик, Шарбақ, Қайранқұм, Айдарлы су қоймалары осы туысқан үш мемлекетке тиесілі. Біздегі Шардараға, Көксарайға солардың сарқындысы ғана жетеді. Шардара су қоймасындағы су екі есе азайып кеткен! Масқара! Ол ағайындар көзімізше «қазақ туысқанымыз!» деп емешесі езілгендей түрде айтқанмен іс жүзіне келгенде немесе су екеш суды бөлген кезде бізді танымай кетеді. Танымай кеткені емес пе, біздің атқа мінерлер барғанда теріс айналғаны.

Сыр өзені ең алдымен бастауын Қырғыз жеріндегі ТяньШань тауларының мұздықтарынан алады. Көлемі 8047 шаршы шақырымды алып жатқан 6771 мұздық бар екен. Жаһандық жылыну ол мұздықтардың тез еріп, азайтып бара жатқанын қырғыздар жылап тұрып айтып жатқан көрінеді, қырғыздың бас уәзірінің орынбасары «бұл біздің дәргейіміздегі шаруа емес, әлем көмекке келу керектігін, сөйтіп тегеурінді шара қолданбасақ, енді 20-30 жылда тақырға отыратынын» ашына жеткізген. Яғни олар өздерін кінәлі сезінбейді. Бар пәлені жаһандық жылынуға аударып отыр. Ол шындық па, әлде жай көлгірсу ме, оны осы елдер Президенттері бас қосып бірлесіп, мамандарын жіберіп, тез анықтамасақ, ертең кеш болып қалуы әбден мүмкін.

Екіншіден, ғалымдар, мамандардың айтуынша, Сырдарияның арнасын тазарту керек. Кеңес өкіметінде баржалардың көмегімен тазартып жататын.

Үшіншіден, суды үнемдеп жұмсап жеткізудің қамын жасаған жөн. Сағағындағылар мең артындағылар да суды үнемдеудің небір әдістерін, технологияларын пайдаланбаса онда күріш те, басқа өнімдер де көзден бұл-бұл ұшпақ. Бірінші кезекте, каналдар, арықтар тазалануы тиіс. Екінші кезекте, су сіңділікке жол бермей, судың әрбір тамшысын діттеген жерге жеткізу. Цемент, темір, т.б. науалар жасалынуы тиіс.

Үшінші кезекте, күріш атыздарының айнадай тегістігіне (бұл жөнінде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мақпалкөл ауылындағы атақты диқан Әліби Бекжановтан үлгі алыңыздар) көңіл аударайық. Қадірлі ағайын! Жеріңді шөлге, өзеніңді өліге, күнкөрісіңді желге ұшырғың келмесе тірі екечнімізді білдіріп, жан- жағымызды түгендеп іріге айналайық. Қасиетті Сыр анамыз біздің көмегімізге зәру. Даламызды дабылға толтырып, жанайқайымызды патшамызға жеткізейік. Қол жинап, хат жазып атқа мін, қазақ! Сырдарияны құтқарғанымыз – өзімізді құтқарғанымыз. Анамызды буындырғандарға тәйт дейік, азу тісімізді көрсетейік! Қазақ жерін шөлге айналдырғың келмесе жылап аққан Сыр өзенін құтқарайық, халайық!

Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз