Оралда Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Батыстың батыр қыздары» атты көрме жұмысын бастады. Бұл көрме тарихшы ғалым, «Ұлы Отан соғысына қатысқан БҚО қазақ қыздары» монографиясының авторы Бақтылы Боранбаеваның еңбегіне арқау болған ержүрек аруларға арналды.

Қалалық көрме залында басталған іс-шараны Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық мәдени-ағарту бірлестігі және «Жұлдыз» комьюнити орталығы ұйымдастырды.

Көрме жұмысы Отан үшін от кешкен батыр қыздарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. «Жұлдыз» комьюнити орталығының үйірме жетекшісі, жас ақын Орынбек Меңдіқұл ержүрек арулардың ерлігіне арнаған өлеңін оқыды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев батыр апаларымыздың ерлігі ел жадында мәңгілік сақталатынын, мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын табатынын жеткізді.

Салтанатты іс-шараның басты қонағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ұлы Отан соғысына қатысқан БҚО қазақ қыздары» монографиясының авторы Бақтылы Сансызбайқызы батыр қыздар туралы тарих әлі де зерттелуді қажет ететінін және олардың даңқты жолы ұрпақтарға аманат екенін айтып өтті.     Жауынгер қыздар ұлықталған көрменің ашылу салтанаты «Бәйтерек» комьюнити орталығының тәрбиеленушісі, халықаралық «Славян базары- 2021» байқауының финалисі  Әлинұр Хамзиннің орындауындағы «Шығыстың қос жұлдызы»  әнімен тәмамдалды.

Аталмыш көрме Оралдың 6-шы шағын ауданындағы «Азия молл» сауда үйінде жалғасуда. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылған көрме жұмысын ертең, яғни 8 мамыр күні сағат 17.00-ге дейін тамашалауға болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз