Кішкентайларымызды құтқаруға ден қойған ғалым-ұстаз – Ақбота

доцент Ақбота Аутаева туралы сыр

 

       Бүгінде экологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға және басқа да факторларға байланысты мүгедек болып туылатын балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда елімізде осындай 80 мыңнан астам бала есепте тұр. Ерекше балаларды он екі мүшесі сау, денсаулығы жақсы балалармен қосып оқыту, қоғамға тарту бүкіл әлемнің зиялы қауымын толғандырып отырған мәселе. Өйткені мүгедек балалар қай жерде болмасын айрықша көңіл бөлуді, оқытуды керек етеді. Әлемде бұрыннан «Балалар құқықтары туралы» Декларация (1948ж.), «Бала құқықтары туралы конвенция» (1989), білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы білім беру үшін  «Саламандық декларация» (1994) сияқты ондаған заңнамалық құжаттар болса, біздің еліміздің «Білім туралы»  заңында, білім беруді дамытудың кезең-кезеңге арналған мемлекеттік Бағдарламаларында бұл мәселе жан-жақтан қамтылған.

            Еліміздің «Білім туралы» заңында: «Мемлекет өз тарапынан ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалардың дамуы мен білім алуын, сонымен қатар дамуындағы және әлеуметтік бейімделуіндегі бұзылыстарын түзетуді қамтамасыз ету және ата-аналарына  бала мүмкіндігі мен ерекшеліктеріне орай, қалаулары бойынша білім мекемесін таңдау құқығы берілген», – делінген. Осыған байланысты  ҚР-ның 2002 жылғы 11 шілдедегі мемлекеттік бағдарламасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысына сәйкес, арнайы түзете оқыту мекемелерінде және мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде тегін оқытуға мүмкіндік берілетіні айтылған. Міне, осы құжатта аталмыш балаларды мүмкіндіктеріне қарай жалпы білім беру жүйелеріне енгізу, инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері қарастырылған. Олай болса ерекше қажеттіліктері бар балаларды түзете оқыту, ең алдымен, дефектолог мамандарға байланысты. Ұзақ жылдан бері арнаулы білім беру педагогтарын даярлау ісіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еліміздегі ең ірі мамандардың бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институтының «Арнаулы білім беру» кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Нұрсұлтанқызы Аутаева.

Ақбота Нұрсұлтанқызы 1961 жылы Алматы облысы Көксу ауданына қарасты «Еңбекші» ауылында дүниеге келген. А.И. Герцен атындағы Ленинград педагогикалық университетін сурдопедагог және орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында «Логопедия және психопотология» кафедрасының аға зертханашысы болып бастаған жас маманның содан бергі бүкіл ғылыми-педагогикалық  қызметі осы оқу орнымен тығыз байланысты. «Есту қабілеті бұзылған 7-8 жастағы қазақ балаларының дыбыс айтуын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбында психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған Ақбота Нұрсұлтанқызы  осы оқу орнында «Арнайы педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы, кафедра меңгерушісінің орынбасары, доцент,  Педагогика және психология факультеті деканының орынбасары  сияқты қызмет жолдарынан өтті. 2012 жылдан бері «Арнайы педагогика», 2015 жылдан «Арнайы білім беру» кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Ақбота Нұрсұлтанқызы Аутаева өте ізденімпаз, еңбекқор және талантты ғалым. Мысалы, оның «Ауызша сөйлеу тілін қалыптастыру әдістемесі» деп аталатын оқу құралы тілі дұрыс шықпаған балалардың сөйлеу тілін қалыптастырудың ерекшеліктерін, әсіресе, олардың дыбыстарды дұрыс айтуын, сөз құрауын жүзеге асыру, тілін жаттықтыру мәселесін қамтиды және дефектология саласының мамандарына осы пәнді оқыту әдістемесін үйретуге арналған. Өйткені бүгінгі таңда сөйлеу тілі дұрыс қалыптаспаған балалар көптеп туылуда. Ал енді А. Аутаеваның Н.Б. Жиенбаева, А.Б. Маханбетова сияқты ғылымдармен бірге жазған «Қазіргі заманғы жоғары білім жүйесіндегі дуальды-бағытталған  оқытудың теориясы мен практикасы» деп аталатын оқу құралында ерекше қажеттілігі бар балаларды дуальды оқытудың әдістері ғылыми-практикалық тұрғыда баяндалады. «Оценка учебных достижений обучающихся с особыми образовательными потребностями в контексте качества специальных образовательных услуг» деген орыс тілінде бірнеше автормен бірігіп жазған еңбегінде ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың білім сапасын бағалаудың әдістері мен тәсілдері сөз болады. Қарап отырсақ,  бұл еңбектің бәрі бүгінгі заманның қажеттіліктерінен туғанын  байқау  қиын емес. Ақбота Нұрсұлтанқызының «Есту қабілеті бұзылған 7-8 жастағы қазақ балаларының дыбыс айтуын қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғағанын еске алсақ, өзі маманданған және зерттеген бағытта қандай игілікті іс тындырғанын білер едік. Мысалы, туғаннан нашар еститін бала айналадағы дыбысты дұрыс естімей өсе келе дыбысты қалай шығарып сөйлемек? Ал ғалым Ақбота Аутаеваның зерттеулеріне сүйенсек, ондай балалардың дыбыс шығаруын ақырындап-ақырындап жолға қоюға болады екен. Мұны Ақбота Аутаева «Нашар еститін оқушылардың диалогтік сөйлеу тілін дамыту мәселелері» деп аталатын еңбегінде ғылыми негіздеп берді. Сонымен бірге А. Аутаева мектеп жасына дейінгі сөйлеу тілінің тежелісі бар балаларды сұрақ қоя оқыту, оларды сұраулы сөйлемдерді қолдануға үйрету, сөйлеу тілінің бұзылысы бар бастауыш сынып оқушыларының эмоционалдық дамуының ерекшеліктерін бағалау, есту қабілеті зақымдалған бастауыш сынып оқушылырының тұлға аралық қарым-қатыныстарын дамыту, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту және тәрбиелеу, көру қабілеті зақымдалған оқушыларды ағылшын тілінде оқыту, көзі көрмейтін бастауыш сынып оқушыларын сауат ашуға оқыту жөніндегі мәселелері теориялық және практикалық жұмысында кең ауқымда қарастырған. А.Аутаеваның ендігі бір жұмыс бағыты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлау мәселесі. Оның дефектологияның сала-саласы бойынша педагогтар даярлау ісіне ондаған еңбегін арнауы осы сөзіміздің дәлелі. Ақбота Нұрсұлтанқызы инклюзивті білім беру мәселесіне де үзбей көңіл бөліп келеді және бұл саланы шұғыл дамытудың жолдарын үзбей іздестіру үстінде. Мысалы, ол инклюзивті білім беру жағдайындағы мұғалімдердің кәсіби білігін бір сала етіп қарастырса, дефектолог-мамандарды даярлау жолдарын екінші сала ретінде зерттеп-зерделеуде. Осы арада инклюзивті білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды, жалпы білім үдерісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімделуіне, жынысына, шығу тегіне, дініне, материалдық жағдайына қарамастан, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, баланың түзеу педагогикалық-әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау білдіру, былайша айтқанда, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқыту жөніндегі мемлекеттік саясат екенін назарға алуымыз керек.

Инклюзивті білім беруге есту, көру қабілеттері, тірек-қимыл аппаратты, сөйлеу тілі зақымдалған тұлғалар тартылуы қажет. Бұл міндетті тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін, ең алдымен сала-сала бойынша дефектолог-педагог мамандары жеткілікті дайындалуы абзал. Осыған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Ақбота Аутаева басқаратын «Арнаулы білім беру» кафедрасы осы бағытта сапалы мамандар даярлау және инклюзивті білім беру ортасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету жолында мақсатты жұмыстар атқарып келеді. Ақбота Нұрсұлтанқызын, ең алдымен, жылдан-жылға дефектолог мамандығын қалайтын жастардың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Неге ынта күшейді? Өйткені жер бетінде қалыптасып отырған экологиялық ахуал, жағымсыз ішкі және сыртқы факторлардың ықпалынан дамуында түрлі ақаулықтары бар балалардың саны артып келе жатқаны қазіргі саналы жастарға ой салуда. Бүгінде Ақбота  Аутаева жетекшілік ететін «Арнаулы білім беру» кафедрасы бакалавры бар, магистратурасы және PhD докторантурасы бар, жалпы 700-ден астам маман даярлау үстінде. Жылма-жыл дефектология мамандығына түсушілер саны артып келе жатқанын мына цифрлардан көруге болады: мысалы, 2019-2020 оқу жылы бұл мамандыққа логопедия, олигофрено-педагогика, сурдопедагогика, тифлопедагогика бойынша оқуға 75 адам қабылданса, 2020-2021 оқу жылында 90 талапкер оқуға түскенін айтсақ та жеткілікті. Тиісінше 2020 жылы 75 адам бітірсе, 2021 жылы 131 түлек бітіргелі отыр.

«Арнаулы білім беру» кафедрасының басшысы, доцент Ақбота Аутаеваның айтуынша, кафедра ұстаздары бакалавриатты бітіріп кеткен түлектерін жыл бойы бақылауға алып, олармен интернет арқылы хат жазысып, қалай жұмыс істеп жүргендерін сұрап-біліп отырады екен. Оған қоса дефектология саласы бойынша өмірге еніп жатқан инновациялар, жаңашылдықтар жөнінде түлектерге кеңес беріп, көмектесуден жалықпайды. Сөйтіп жас мамандардың нағыз маман болып қалыптасуына тиісті жағдай жасап отыратын көрінеді. Міне, бұл да кафедра жетекшісінің көп ізденісінен туған жаңалықтардың бірі. Осы уақытқа дейін Ақбота Нұрсұлтанқызының кафедрасы логопедия, олигофрено-педагогика, тифлопедагогика, сурдопедагогика мамандықтары бойынша білім беріп келсе, екі жылдан бері «Мектепке дейін білім беру», «Инклюзивті білім беру маманы» деген қосымша екі мамандық оқытыла бастады. Қазіргі таңда Қазақстанда 17 жоғары оқу орнында дефектологтар даярланады. Бірақ олар бір-екі мамандық бойынша ғана кадрлар әзірлеуде. Ал негізінде дефектология саласында түрлі категориялардағы балалардың ерекшеліктеріне байланысты бірнеше мамандықтар болуға тиіс және бұл мамандықтар жоғары оқу орындарында даярлануы керек. Еліміздегі арнайы білім беру мамандарын даярлайтын ең алғашқы қара шаңырақ ретінде бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Арнайы білім беру» кафедрасы осы бағытта түрлі категориядағы балаларды оқыту бойынша қажетті мамандықтарды толық қамтып отыр. Сонымен бірге бұл кафедра еліміздегі ЖОО-лар үшін оқу құралдары мен оқу – әдістемелік құралдарын дайындайтын орталыққа айналған. Ақбота  Аутаеваның «Арнаулы білім беру» кафедрасы білікті оқытушы-профессорлардан жасақталған, олардың ішінде дефектологияға қатысты барлық саланың мамандары бар деуге болады. Мысалы, медициналық пәндер бойынша білікті дәрігерлер, психология бойынша психологтар, әдістемелік пәндерден әдіскер мамандар дәріс береді. Бірақ дефектолог мамандар қанша болса да көптік етпейді. Сондықтан Ақбота Нұрсұлтанқызы оқытушылар құрамын өздерінде бітірген магистрант, докторанттар есебінен толықтырып отырады.

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп ұлы Абай өсиет еткен осы үш қасиеттің бәрі бір бойына шоғырланған ғалым-педагог Ақбота Нұрсұлтанқызының жұлдызы әрдайым биік. Сол жұлдыз сөнбей, мәңгі жарқырап тұрса деп тілейміз.

Мырзахан АХМЕТ,                                

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы,

Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз