Биыл Семей Ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл КСРО аталған қызыл империяның айдаһар ретінде жынының басылуы еді. Және соған бірден бір қол жеткізген – Қазақ елі. Бұл жеңіс Елдің егемендік мерейлі мерекесінің ажырамас бөлшегі ретінде әлемге паш етілуі керек. Қазақстан осы ісімен әлемді қауіпсіздік  пен  Бейбітшілікке қарай алға бастырды.

Атты қоғам – экологиялық таза орта

Әңгімені мына сұраққа жауап іздеуден бастайық. ХХ ғасырдағы экология саласы бойынша әлемді дүр сілкінтіп, алғаш ядролық полигонды жапқан қазақ халқы бұл шешімге қалай келді? Кездейсоқ па? Жоқ! Өйткені, қазақ халқының өмір сүру салтының негізін құрайтын көшпелі әрі атты өмір салтының бастауы – экологияны сақтауға негізделген. Атты өмір салты экологияны сақтаудан, адам мен табиғаттың арақатынасындағы үйлесімінен туындаған. Жалқаулықтан болмаса есерсоқтықтан, біреудің есебінен болмаса табиғаттың есебінен күн көруге құрылмаған. Атты қауымды бұған дейінгі қалыптасқан аңшылар қауымы итермеледі ме, әлде жер бетінде бірнеше рет орын алған түрлі апаттар адам мен табиғаттың өзара үйлесе алмағандығынан болар. Соны ата-бабаларымыз жақсы білгендіктен осы күрделі өмір салтына иек артты ма – оны арнайы зерделеп, зерттеу қажет. Әйтеуір атты қоғамның экологиялық принципі тек қана Табиғатты таза ұстауға арналмаған, ол адам мен адам, адам мен табиғат, адам мен қоғам, адам мен ғарыш арасындағы арақатынастың тазалығына құрылған жалпыадамзаттық қағидаға негізделген еді. Сол себепті атты қоғам табиғатқа залалын келтірмейтін шаруашылық технологиясын меңгеріп қойған жоқ, адамзаттың тұқымы тозбайтындай Жеті ата құрылымын да енгізген еді. Жеті ата институты бүгінгі ұрпақ елестететіндей жеті шалдың аттары емес – толыққанды гуманистік-эко-социопсихологиялық нәзік те, күрделі тетік – механизм.

Сол себепті бүгінде шегіне жеткен табиғаттың бүлінуі ғана емес, адамның адам болып қалу қатері, геннің бұзылып, өзгеріске ұшырауы, өзекті мәселе туындаған шақта қазақ халқының Семей полигонын жабуы тектен тек емес және кездейсоқ емес! Ол өзінің кезекті тарихи миссиясын орындады.

Қазақ халқы бұл қадамы арқылы адамзатқа эколог-ұстаз болатын дәрежеде!

«Невада-Семей» – елдегі Азаматтық қоғамның негізін қалады

Бұны айтуыма өз басымнан өткен ХХ ғасырдың 90-жылдары елдегі антиядролық қозғалыстың пайда болуына қатысты қоғамдық өзгерістер себеп.

Әлі есімде 1989 жылы 28 ақпан күні Қазақстан телеарнасынан тікелей эфирге қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің Жазушылар одағында сөйлеуінен басталған қоғамдық дүмпу мені де қамтыған еді. Сол күннен бастап, мен қоғамдық экологияға кірістім. Ақтөбе облысында антиядролық «Жем» тобы құрылып, облыстың Байғанин ауданы бүгінгі Жарқамыс ауылдық төңірегіне қарасты Қалдайбек елді мекенінде, менің туған жайлауым Қойлыбайдан 20 шақырым жерде жарылған, КСРОдағы ең соңғы және ең жойқын жерасты ядролық жарылыстың кесірін зерттеп, қоғамды оятуға кірістік. Бұл қоғамдық серпіліс талай экологиялық ұйымдар мен қозғалыстарды ғана емес, қоғамдық-саяси қайраткерлерді дүниеге әкелді. Соның арқасында солардың талайы 1993 жылғы елдегі ең демократиялық сайлауда жеңіске жеткен халық депутаттары елдің ең жоғарғы мінбесіне мандат алып еді. Соның бірі, соңғы 25 жыл бойы тыным таппай келе жатқан қандыкөйлек жолдасымыз Ізімғали Көбенов. Тіпті бүгінде Ақтөбе облысын басқарып отырған әкім Оңдасын Сейілұлы Оразалин екеуміз Невада-Семей қозғалысының 1990 жылғы мамырда өткен І конгресіне қатысқанбыз.

Өңірдің бүгінгі басшысы қоғам қайраткері ретінде «Жем» антиядролық қозғалысынан бастап белсенді. Оңдасын Сейілұлы Ақтөбе педагогика институтының комсомол комитетін басқарып тұрғанда, бірлесіп Ақтөбе қаласында алғаш рет 1991 жылы 10 наурызда бір топ «Жем» қозғалысы мүшелерімен митинг өткізуді ұйғардық. Сол кезде институттың Комсомол хатшысының кабинеті қозғалыстың штабына айналды. Бұл КСРО референдумынан бір апта бұрын болатындықтан жергілікті билік рұқсат етпей құрсап тастағаны бар. Митинг болатын орын бүгінгі Қобыланды атындағы стадион аялдамасы болатын. 700 милиция радиусы 500 метр шеңберге адам өткізбеді. Бірақ сол митингке ақтөбеліктер көп жиналды, бізге зор қолдау болды. Демек бұл тақырып, бұл қозғалыс елде қаншалықты қоғамдық саяси деңгейдегі өзгеріске үлес қосқанын бағамдай беріңіз.

«Жем» антиядролық қозғалысы ретінде Ақтөбе облысы бойынша Бисен Жақанов ақсақал, Хамит Қырқымбаев, Гүлсамал Аймаханова, Сәбит Сүлейменов және т.б. ондаған белсенділер шыңдалып, қоғамдық эколог ретінде қалыптасып қайраткерлікке көтерілді. Өңірдегі азаматтық қоғамның қалыптасып дамуына үлес қосты. Өз басым Олжас ағамызбен тіл мәселесі бойынша келіспейтін кездеріміз болғанмен, ол кісіні қоғамдық-саяси аренаға әкелген бірден бір ұстазым санаймын. Сол себепті де сол кісі негізін қалаған «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсына құрылтайшы болдық.

Семей полигонының жабылуы

Семей полигонының жабылуы осындай іргелі әрекеттер және жалпықазақстандық дүмпу мен серпілістердің нәтижесі, бір адамға бір тұлғаға теліп керек емес. Оған өз басым куә болдым. 1990 жылы қыркүйекте болған Невада-Семей қозғалысының ІІ-конгресі Алматыда ғана өткен жоқ, ол антиядролық шеру ұйымдастырылып бүкіл Қазақстанды шарпыды. Алматы – Қарауыл маршруты бойынша ондаған автобустар толы антиядрошыл адамдар легі Семей полигонын жабуға алғышарт жасағаны біреуге мәлім, біреуге таңсық. Ол тарихи оқиға әрі факт.

Қоғамдық-саяси қозғалыстың ушыққаны сондай, Антиядролық шаруаға бүкіл саяси ұйымдар да кіріскен еді, соның бірі 1991 жылғы басты оқиғалар эстафетасын қолға алған Азаматтық «Азат» қозғалысы да «Аттанайық Семейге!» ұранымен жүздеген жақтастарын жинап, «Невада-Семей» қозғалысының бастамасын бірге көтерді. Ақырында 1991 жылы 29 тамызда әлі егемен болмаған, Қазақ советтік социалистік республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ресми түрде әлемді тітіркенткен 5 алып полигонның бірі жабылды. Оны Қазақ халқы жапты.

Осы жерде мына тарихи ғажап жайтқа жұрттың назарын бұрғым келеді: заң жүзінде Семей полигоны КСРО аталатын қызыл империяның шешімімен құрылған, демек, оны жабатын да сол империя болмаса соның мұрагері Ресей болуы керек еді. Бірақ КСРО ресми түрде ыдырап үлгермесе де, әлі өз алдына мемлекет болып жалауын желбіретіп үлгермеген Қазақстан басшылығын полигонды жабуға қазақ халқы көндірген еді. Бұл тарихи – пародокс. Бұны бір жағынан алғанда, бізге беймәлім тылсым Жаратқанның осы жайтқа әкеліп тіреген заңды шешімі деуіміз керек.

Фото ғаламтордан алынды

Түйін. Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, Таза табиғатпен алға басуға Қазақстанның әлі тындырары көп және «ядросыз әлем» тіркесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл жер бетіндегі әділеттің орнауына қатысты миссия. Әділет дегеніміз – адам мен қоғамдағы өзара экологиялық таза қарым-қатынастың салдары. Міне біз осыған ұмтылуымыз керек! Сонда таза табиғат та, ядросыз әлем де, әділет те орнайды.

Алайда, осы мәслихаттың мүмкіндігін пайдалана отырып төмендегі ұсыныстарды жолдауды парызым санаймын:

  1. Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының тарихи рөлі мен ықпалын ескере келе, оның азаматтық қоғам орнатуға қосқан үлесін бағамдай отырып, қозғалысқа арнайы қоғамдық-азаматтық мәртебе беріліп, ядролық экология саласы бойынша арнайы мүмкіндік пен құзыр берілгені дұрыс. Осы арқылы қозғалыс елімізде аталмыш сала бойынша қордаланып қалған мәселені шешуге басты қоғамдық оператор қызметін атқарғаны жөн.
  2. «Невада-Семей» қозғалысының баскері һәм лидері О.Сүлейменовтың Қазақстан тарихында халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікке зор үлес қосқанын ескере келіп, екі жарым жыл ішінде алып империялық ядролық полигонды жабуға ұлтты жұмылдырып, нәтижеге қол жеткізгенін негізге ала отырып, Олжас Омарұлын Халықаралық Нобель сыйлығына ұсыну қолға алынуы керек. Бұл жүлдесый ең әуелі осы жеңіске қол жеткізген, адамзатқа экологиялық ұлағат таратып отырған Қазақ халқына қажет!

 Серік ЕРҒАЛИ, публицист, Ақтөбе облысы бойынша 1990 жылдардағы «ЖЕМ» антиядролық қозғалысының басшысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз