Бүгінде «ЭКСПО — 2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін көруге асыққандар саны күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен шетелдіктер Астанаға келіп, аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерген бас қаланың таңғажайыптарына куә болып жатыр.
Бұл орайда Алматыда ЭКСПО көрмесі үшін алдын ала таныстыру жұмыстарымен қоса, шаһарға дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Еліміз үшін ең маңызды шара елордада өткенімен, оның жүгін Алматыда қоса арқалап келеді. Мұны Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жайлаубай Ерлан Дүйсенбекұлымен тілдескенімізде білдік.
— Ерлан мырза, ЭКСПО көрмесіне тек елорда ғана емес, Алматының да қауырт, қызу жұмыстарын көзімізбен көрдік. Соған қарап, осындай жауапты шараны өткізуге оңтүстік астанамыз да дайын секілді.
— Өте орынды айттыңыз. Бұл тек бас қаламыз Астанамызға ғана жүктелген жүк емес. ЭКСПО еліміздің абыройын көрсететін әрі әлем елдерінен келетін қонақтар бізге сын көзбен қарайтындықтан, осындай айтулы әрі маңызды шараға Алматы да өз дайындығын бір жыл бұрын бастап кетті.
Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында шаһарда түрлі жұмыстар атқарылды. Мақсатымыз — жаһандану кезінде зайырлы мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып, халықаралық байланыстарға дайын екендігін көрсету. Оның үстіне ЭКСПО дүниежүзі елдерінің ғылым мен техникадағы, өнер мен мәдениеттегі жетістіктері дүйім жұрттың назарына ұсынылатындықтан, еліміздің қос қаласы да бұған дайындалды деп нақты айта аламын.
Еске сала кетсем, биыл Алматыда халықаралық қысқы Универсиада ойындары болып өтті. Арнайы осы ойын үшін біз «Халық Арена», «Алматы Арена» сияқты зәулім ғимараттарды салдық. Жаңадан салынған мұндай нысандар бастапқыда тек спортшылар үшін ғана керек болса, Универсиада ойындарынан кейін қала тұрғындарының балаларымен жиі баратын демалыс орындарына айналды. Көптеген спорттық секцияларға орын бөлініп, халықтың игілігіне жарап жатыр. Одан кейін Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы тек мерекелік концерт пен түрлі шаралар өткізетін орын ғана емес. Қаламызда салынған әрбір ғимарат, нысандар қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін, кәдесіне жарауы үшін бой көтереді десем, артық айтқандығым емес. Мұны неге айтып отырмын? ЭКСПО-ға келген шетелдік туристер тек Астанаға ғана барып, бірден еліне қайтып жатқан жоқ. Қайтарында мың жылдық тарихы бар Алматымызға келіп, өз демалыстарын өткізіп жатыр.
— Кешіріңіз, сөзіңіз аузыңызда, сол шетелдіктер біздің отандық туризмді қалай бағалап жатыр?
— Әр мемлекеттің өңірінің өзіндік ерекшелігі, өзгешелігі бар. Біреу Жерорта теңізіне баруды, енді біреу Дубайда демалуды қалайды. Алайда бір байқағанымыз қаламызға келген туристерді сөзге тартқанымызда, Көлсай өзені мен Шарын шатқалына, Шымбұлақ пен үлкен Алматы көліне деген таңданыстарын жасырмады. Австриядан келген қонақтар өз елінде жүргендей әсер алғандарын айтып жатыр. Жайлылығы мен саф таза ауасы демалуға тапсырмас жер дегенде, қуанып қалдық. Халықаралық Универсиада ойындарын өткізгеннен кейін қаланың инфрақұрылымы, транспорттық жүйесі, аэропорттық жұмысы мен қызметі жіті бақылауда болды. Тағы бір айта өтерлігі, Алматының визиттік карточкасына айналған — Алматыдағы Опера және балет театры. Қойылымды көріп отырып, арғы жағынан тауды көре аласыз. Бұл тағы да қаланың ерекшелігі. Көп елдерде демалыс орындары әуежайдан 2-3 сағаттық жерде орналасады. Ал бізде 40 минуттық жерде туристеріміз Талғардағы «Табаған», «Ақбұлақ», «Лесная сказка» сынды курорттық орындарға жылдам жете алады. Ұялмай көрсететін, әр станциясымен өзінің архитектурасы бөлек ең таза метромыз бар.
Тек әзірге бір шикі тұсы туристер мен біздің елдегі визалық кедергілерді шешу мәселесі болып отыр. Санкциядан кейін елінен өзге аймаққа шығып жатқан Иран, одан өзге Үндістан мен Қытайдан келетін делегация мүшелері болғандықтан, осы жағын да қарастырғанымыз жөн.
Қаламызға келген шетелдіктер Алматының ең әдемі жерлерін көріп қана бағасын беріп жатқан жоқ. Сонымен қатар, олар өздері орналасқан қонақүйлер мен мейрамханалардың, барған кафелері, ойын-сауық орталықтарының сапасы мен көрсететін қызметтеріне де дән риза.
— Бәлкім, бұл тек шетелдіктер үшін жасалған «комфорт» шығар?
— Жоқ, қателесесіз. Қаламызға келген саяхатшы немесе қарапайым демалушылар да өздерін өз үйлерінде жүргендей, еркін сезінетіндіктерін айтады. Өзіңіз білесіз, қаламызда 120-дан аса өзге ұлт өкілдері тұрады. Алматыдағы қонақүйлер мен кафе, мейрамханалардың сапа жағынан жұмысын біз үнемі қадағалаймыз.
Ас мәзірінде 50-ден астам елдің тағам түрлерін дайындайтын мейрамханаларымыз көп. Бәрі демеймін, бірақ шағын ғана кофеханаларымыздың кейбірі Еуропаныкінен асып тұрады. Мұны мен емес, тағы да шетелдіктер мен қаламыздағы өзге ұлт өкілдері айтып жатыр. Бұл, әрине, біз үшін, еліміз үшін абырой.
— Алматының экономикалық ахуалы жоғары екені рас. Алайда өзге мемлекеттермен отандық туризмді дамытудағы байланыс қалай жүзеге асуда? Жалпы маркетинг жайы қалай?
— Шындығында, ЭКСПО көрмесінен кейін қаламыздың танымалдылығы күн санап артуда. Себебі шетелдіктер Қазақстандағы туризм жайын өз көзімен көріп жатыр. Бізді әлі көші-қон елі көретіндер бар. Астана, Алматы сынды ірі мегаполистерімізді көріп, жаһандық бәсекеге қабілетті, инфрақұрылымы мен инновациясы дамып, халықаралық аренада дизайн мектептері, туризм және өндіріс салалары өркендеп жатқан ел екенімізді білуде. Шетелмен туризмдегі байланысымызда жыл өткен сайын бір жүйеге еніп келеді.
Open sky аясында Қазақстанда әр мемлекеттің авиакомпанияларына кедергі жасамау жағы реттеледі. Біз Алматы қаласының уәкілетті органы болғандықтан, сапасы сын көтеретін тур фирмаларды өзімізге шақырып, қызметтерін көргеннен кейін, оларды өзге елдің өкілдерімен кездесулер өткізуге мүмкіндік береміз. Екіжақты байланыс орнатып, Алматы сол елді, ал келісілген мемлекет қаламыздың тур агенттігін өзінің катологына енгізеді. Жарнамадан бөлек, шет мемлекет туристері мен саяхатшыларын Алматыға жіберу керектігі жайлы келісімшартқа қол қойылады. Міне, осылайша маркетинг жағы жүйеге келіп жатыр. Түрлі көрмелер де ұйымдастырамыз. Биыл өткізген көрмелердің нәтижесі, әлбетте, келесі жылы болады. Міне, содан имидж қалыптасады.
Қазіргі таңда «Vizitalmaty» деген сайтымызды дамыту үстіндеміз. Жыл соңына дейін сегіз тілге аударып, кең көлемде презентация жасайтын боламыз. Бұған дейін іссапармен Индия мен Иранға барып келсек, алдағы уақытта Сингапур, Лондон мен Испанияға барамыз деп мақсат қойдық.
— ЭКСПО қарсаңында шетелдік туристерді қарсы алуға Алматы жұртының дайындығы қалай? Өзіңіз басқаратын мекеме бұл орайда қандай жұмыс атқаруда?
— Әрине, ЭКСПО негізінен Астанада өткенімен, Алматы тұрғындары болып, қаламызға келген туристерге бір кісідей қазақтың қонақжайлылығын көрсетіп келеміз. Мемлекетіміз үшін осындай маңызды шара шаһарда бірінші рет ұйымдастырылып тұрған жоқ. Сондықтан олар үшін бұл үйреншікті жағдай.
Жалпы біздің басқарма ЭКСПО қарсаңында да, қазірде қызу жұмыс үстінде. Айталық қалалық әуежай мен теміржол вокзалы қызметкерлерімен сөйлесіп, туристердің жүгін кешіктірмеу, дөрекі сөйлемеу, гидтердің дайындығын қадағалау, ағылшын тілінде еркін сөйлеуі мен тур операторларымен байланыс орнату, олардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау сынды өзекті мәселелерді қадағалап отыр. Бұған дейін Алматының үлкен көшелерінің билбордтарында «ЭКСПО-ны көріп қайт», «ЭКСПО-ның әсерін сезін» деген сынды түрлі плакаттарымызды ілдік. Қала тұрғындарына ЭКСПО-ға сатып алуға болатын билеттер мен көрсетілетін қойылымдардың уақыты жайлы ақпаратты ертерек тараттық. Қаламызда қазір жаздың аптап ыстығына қарамастан, көшелерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 130 мыңнан астам Алматыдағы студенттеріміз үйлеріне каникулға, ал тұрғындарымыздың көбі еңбек демалысына кетіп жатқан қолайлы уақытты пайдаланудамыз. Бұл, әрине, қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асуда. Отандық туризмнің дамуы үшін, әлбетте, тас жолымыз дұрыс болуы керек. Дамыған елдердегідей велосипед жүретін веложолдарды көптеп салу қолға алынуда.
Жастар ғана жұмыс жасайтын басқармамызда шетелдік тәжірибеден өткендері көп. Екі маманымыз қазір «Болашақ» бағдарламасымен қонақ-жайлылықты басқару мамандығы бойынша өз білімін жалғастырып жатыр. Елге келген соң, олардың тың идея, жаңаша көзқараспен отандық туризмімізге өз үлесін қосатындықтарына күмәнім жоқ. Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін Алматыны дамыту жайлы тапсырмасы бар. Қаламыз ол кезге дейін бұдан да көркейе түседі деп ойлаймын. Бұдан өзге үлкен агломерация Астана мен Алматыдан бөлек, еліміздің ең ірі мегаполистеріне кіретін Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларын дамыту көзделіп отыр. ЭКСПО-ға келген туристеріміз де елімізді танып, біліп жатыр. Алдағы күндерімізді де абыроймен өткізіп, әлемге танылу жолын жасап алсақ болғаны…
— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз