ТҰҢҒЫШ АСТАНА ЖАҢА АСТАНАДА ҚОНАҚТА

Қызылорда облысы жалпақ жұртқа аппақ күрішімен, ел ішіндегі ырысымен етене таныс. Қазақтың арғы-бергі тарихына көз салсаңыз, Сыр еліне қатысты дерек таппай қалуыңыз әсте мүмкін емес. Аңыз-әфсана саналатын Қорқыт абыздан бастап, өз уақытында «тірі аңызға» айналған тұлғалар аталмыш облыста жетіп артылады. «Күріш атасы» атанған бір ғана Ыбырай Жақаев жайында әңгіме бастасаңыз, облыс тарихына толықтай саяхат жасайтыныңыз хақ.
Жуырда Тәңірдің өзі тарту еткен Сырдың күріші, Аралдың балығы елордада өткен кезекті жәрмеңкенің көрігін қыздырса, «Сыр сүлейлерінің» көзіндей болған өнер иелері халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесінің алыс-жақыннан жиналған қонақтарын бір қуантып тастады. Былтырдан бастап дәмді қауынын экспортқа шығарған қызылордалықтардың жәрмеңкесіне 270 тонна өнім әкелініпті. 30-ға жуық шаруа қожалығы күріш, балық, бау-бақша дақылдары, ет және сүт өнімдері т.б. азық-түлік түрлерін арнайы әкелген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесімен өңір басшысы Қырымбек Көшербаев та танысып, оң бағасын берді.
Жәрмеңкемен қатар, яғни 10 тамыз күні «Қазанат» ипподромы жанындағы этноауылда Қызылорда облысының мәдени күндері шымылдығын түрген болатын. «Сыр шежіресі» тақырыбында өткен өңір тарихы мен мәдениет көрмесі бір облыстың ғана емес, тұтастай Тұран далада бабалардан мұра болып қалған қазақ халқының рухани байлығын паш етте десек, қателеспейміз.
Ұлттық өнердің озық үлгісін паш еткен жыршы-термешілер көрме өткен төрт күн бойы Астана тұрғындары және қонақтары үшін концертін үзбесе, төл спорт түрлерінен сайыстар 13 тамыз күні өтті. Этноауылға жиналған көпшілік Сырдың шымыр спортшыларының қатысуымен аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу секілді ат үстіндегі өнер түрлерін тамашаласа, одан бөлек, тоғызқұмалақ, асық ату ойындары мен қазақы тұқымды тазылардың көрсетілімі жұрт назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ, бозкілемдегі түйе балуандар айқасы да көрерменнің делебесін қоздырғанын айтпай кетуге болмас. Өйткені Сыр елінің ең мықты әрі дарынды күрес шеберлерінің қатысуымен өткен жолдастық кездесулер қазақ күресінің ешқашан маңызын жоймайтынын тағы бір дәлелдегендей. Оған биыл ғана «Қазақстан Барысы — 2017» республикалық турнирінің жеңімпазы, «Күш атасын танымас» деген тәмсілдің растығына қазақ жанкүйерлерін тағы бір мәрте сендірген жас балуан Еламан Ерғалиев, самбодан Азиядан өзіне қарсылас таппаған апайтөс Мақсат Исағабылов, Қазақстан чемпионы Нұрым Сәлімгереев және де ел біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып жүрген Марат Баймаханов пен Жайдар Есеновтер қатысып, аға-бауыр ретінде өзара бақ сынасты.
«Ел іші — өнер кеніші» дегендей, ән мен жыры жарасқан, қобыздың сарыны Қорқыттан бері жалғасқан Сыр өңірі сахна өнеріне де кенде емес. Мәселен, облыстың Астанадағы мәдени күндері аясында қос спектакльдің премьерасы елорда төрінде өтсе, 10 тамыз күні М.Горький атындағы орыс академиялық драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал 11 тамыз күні Астанада Қызылорда облыстық филармониясы жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы мен Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өнерпаздарының қатысуымен «Мазасыз тиін» және «Кетпейсің. Болды, кетпейсің…» қойылымдары астаналық көрермен үшін тұңғыш рет сахналанды.
Қызылорда облысының Астанадағы мәдени күндерін елімізге кеңінен танымал Сыр өңірінен шыққан әншілердің қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. 14 тамыз күні Астанадағы «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің амфитеатрында қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Сыр өңірі өнерпаздары «Сырдария — жыр дария» атты концерт ұйымдастырып, ЭКСПО қонақтарына және дүйсенбі күні жұмыстан маужырап шыққан елордалықтарға тамаша көңіл күй сыйлады. Ерекше айта кететіні, гала-концерт аясында халықаралық ғарыш станциясындағы 52-экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдады. Мерекелік шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, ауыр атлетикадан Қазақстан намысын талай жыл қорғаған әйгілі зілтемірші Илья Ильин, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Александр Зайчиков, ақын Елена Әбдіхалықова және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтар арнайы келіп қатысқанын айта кетейік.
Ермұрат Назарұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз