Шын мәнінде, біздің замандастарымыздың арасында да ата-бабадан желісі үзілмей келе жатқан ерлік аманатқа адал, адамгершілік рухы жоғары жандар аз емес. Олардың ерлік істері бірде еленсе, бірде еленбей жатады. Дегенмен ондай ержүрек жандардың қатары бүгінде жаңа есімдермен толып, өз замандастарының рухын көтеріп, жігерін жанып жүргені анық. Мінеки, осындай ер мінезді елгезек жандардың ішінде өзгенің өмірі үшін өз жанын қиып, жүздеген баланы айтып келмес ажал тырнағынан аман алып қалған қарағандылық Қайрат Жұмабековтің жанкешті ерлігі жайлы айтпай өтсек, арамызға үлкен сын болар еді. Оқиғаның ұзын-ырғасы төмендегідей.
2008 жылдың 20 мамыры. Табиғат мамыражай мамырдың шуағына маужыраған қалыпта. Кешкі мезгіл. Алматы — Екатеринбург тас жолында 130 бала мен олардың ұстаздары отырған үш автобус Астана қаласын бетке алып жұлдызша ағып келе жатты. Бұлар жай жолаушылар емес-ті, облыстың үлкен мақтыныштары — үздік оқушылар болатын. Олар Астанада өтетін пәндік олимпиадаға қатысу үшін келе жатқан еді. Ал Қарағанды облыстық ІІД жол полициясы жеке батальонының инспекторлары, аға сержант Қайрат Жұмабеков пен старшина Дмитрий Пугач оқушылар отырған осы автобустарға жолбасшылық жасау тапсырылған. Жол ұзақ, әркім өз ойымен әуре. Сірә, алда болатын білім сайысындағы текетірестер санаға әлден-ақ салмақ түсіретін секілді. Анда-санда жандарындағы ұстаздарынан әлденелерді сұрап, мазасыздық танытып қояды. Кешкі қоңыр салқынның әсері ме екен, кейбір шәкірттер мұрындары пысылдап, алаңсыз ұйқыға кеткен. Ойларында ешқандай қауіп-қатер жоқ. Тек терезе сыртындағы табиғатта ғана әзірше неге апарып соқтырары беймәлім бір беймазалық бар еді. Полиция машинасы бастаған үш автобус жүздеген шақырымды артқа тастап, Ақмола облысының аумағына да кірген. Көп ұзамай аласа қырдың астынан жалт етіп шыға келген Аршалы кентін артқа тастап, қалыпты жылдамдықпен алға заулап келе жатты. Иә, апат та ажал сияқты айтып келмейді дейді ғой, бұл жолы да солай болды.
Дәл осы кезде бұларға қарама-қарсы бағытта үстіне ұсақ тас тиеген «ФАФ» маркалы ауыр жүк машинасы құстай ұшып келе жатқан еді. Жүргізушінің тәжірибесіздігі ғой, жолдағы жағдайдың қауіпсіздігіне көзін толық жеткізбестен алдында келе жатқан көлікті басып озу үшін жылдамдығын күрт үдетіп, алға шығуға ұмтылды. Сол мезетте жүргізуші «Абайлаңдар!.. Абайлаңдар!..» деген дыбыс белгісін жарқырата жағып, қарам-қарсы келе жатқан полиция көлігі мен автобустар легін байқап қалды. Сасқалақтап қалған жүргізуші тежегішін басып, өз жолына кері қайтуға әрекет жасай бастайды. Алайда бәрі кеш еді. Жөпелдемеде оның бұл әрекетінен түк шықпайды, сол екі арада өзімен бір бағытта үлкен жылдамдықпен келе жатқан «Тойота» автокөлігіне барып соқтығады. Соның салдарынан жүк машинасының өзі ырғып жолдың шетіне шығып кетеді де, ал жеп-жеңіл «Тойотаны» бұйым көрмей автобус колоннасы келе жатқан қарам-қарсы жақ бетке лақтырып жібереді. Қапелімде не болып, не қойғанын түсіне алмаған жеңіл көліктің жүргізушісі рөлден айырылып қалса керек… Өздеріне қарсы ағып келе жатқан автокөлікті алдымен байқаған Қайрат ә дегенде есі шығып, абдырағанымен, бойын тез жиып үлгерді. Ойланып-толғанып отыратын уақыт қайда?.. Мұндай сын сағатта ең бастысы ішкі қорқынышты ауыздықтай білуде екенін жігіттер іштей жақсы сезінді. Қалғаны өзінен-өзі жөнге келетіні белгілі. Қас пен көздің арасында шешім қабылдап үлгерген Қайрат көлігінің жылдамдығын арттырып, жаналғыштай көрінген дүлей дөңгелектің алдына кесе-көлденең тұра қалды… Кенет гүрс еткен қақтығыстан жер қопарылып, қара түтін аспанға атылды. Қызметтес серігі Дмитрийдің айтуынша, «Біз аман қалармыз, бәлкім, қалмаспыз, бәрі бір Құдайдың қолында. Алдымен балалар аман болсын!.. Тәуекел, Дима!» деп айқай салған Қайраттың екі көзі оттай жанып тұрыпты.
Алдыңғы автобуста жайбарақат отырған жолаушының бірі күтпеген жерден гүрс еткен қорқынышты дыбыстан қатты шошып, үрейлі үнмен шыңғырып жіберген-ді. Содан кейін-ақ салон ішінде әбігер басталып, ащы айқай мен жылап-сықтаған дауыстардан құлақ тұнды. Рас, бастапқыда балалар не болғанын түсінген жоқ. Өздеріне тікелей төнген ажал аузынан аман қалғандарын, оларды құтқарған жолбасшы болып алда келе жатқан қос қаһарман полиция қызметкерлері екенін кейін артынан білді.
Оқиға ортасында болған әріптестерінің айтуы бойынша, қандай сын сағатта да сынып кетпей сақадай сай тұратын мұндай тәжірибелі жігіттер соқтығыстан еш қиналмай-ақ жалтарып кетуге толығымен мүмкіндігі болыпты. Бірақ, қызметтік борышына адалдық танытқан қаһарман жігіттер өз өмірлерінен гөрі жас жеткіншектердің ғұмырын қымбатқа балаған сыңайлы. Сөйтіп, олар ұзын-ырғасы 130 баланы құтқарып қалды. Алайда апат ажалсыз болған жоқ. Аға сержант Қайрат Жұмабеков қақтығыс кезінде алған ауыр жарақаттан сол жерде тіл тартпай кетті. Оның жасы небәрі отызда ғана еді. Артында екі баласы мен жұбайы зар еңіреп қалды. Ал, старшина Дмитрий Пугач ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, бірнеше ауыр операцияларды бастан кешірді. Қақтығыстың қатты болғаны сондай, сол жолғы жол апатынан екі адам қаза тауып («Тойота» көлігінің жүргізушісі де оқиға орнында өлім құшқан еді), төртеуі ауыр халде ауруханаға жатқызылған болатын.
Шүкіршілік ететіні, үш автобустағы 130 баланың бірде-біреуі зардап шеккен жоқ. Осы апаттың басты айыпкері саналған «ФАФ» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі де түк болмағандай дін аман.
Енді Қайрат Жұмабеков кім, мұндай көзсіз ерлік жасауға оны не итермеледі дегенге келсек.
Ол 1977 жылы Қарағанды облысының Бұқар-Жырау ауданына қарасты Заречное селосында дүниеге келген. Әкесі Қуаныш та, шешесі Шолпан да ауылда қарапайым жұмыстар атқарған кісілер, қазіргі күні де осы жерде тұрып жатыр. Ал осы ауылдағы онжылдық мектепті үздік бітірген Қайрат кейін Қарағанды қаласына қоныс аударған екен…
Қарағанды облыстық ІІД жол полициясының ұжымы өзінің азаматтық парызын орындау барысында ерлікпен қаза тапқан Қайрат Жұмабековтың есімін қастерлеп, есте сақтайды. «Біздің елдің жігіті» деп мақтан тұтады, ерлігін дәріптейді. Берген антына аяғына дейін адал болып қалған мұндай ержүрек жігіттер өз ізбасарлары үшін мәңгілік ерліктің үлгісі болып қала бермек.
Өзінің қызметтік борышын аяғына дейін адал атқарып, батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін полиция аға сержанты Қайрат Жұмабеков қайтыс болған соң, Елбасының 2008 жылдың 5 желтоқсанындағы Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен аталып өтті.
Балалардың өмірін өз қарақан басынан жоғары қоя білген өжет жігіттің көзсіз ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі туып-өскен Заречное ауылындағы орталық көшеге оның аты беріліп, мектепке ескерткіш тақта орнатылды.
Егер Қайрат тірі болғанда, биыл қылшылдаған қырық жасқа толар еді.

Болат Шарахымбай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз