Бүгінде елімізде баламалы электр энергиясын өндіруге ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Күні кеше ғана өткен «ЭКСПО — 2017» көрмесінің де «тұздық» тақырыбы осы «жасыл экономикаға» арналғаны да тектен-тек емес. Бұл бағытта қазір Жамбыл облысы да қыруар жұмыс атқаруда. Соның бірі — «Бурное Solar-2» күн электр стансасының екінші кезеңдік инвестициялық жобасы.

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Таза технологиялар қорымен (ТТҚ) бірлесіп Жамбыл облысында қуаты 50 МВт болатын «Бурное Solar-2» күн электр стансасы құрылысын қаржыландырмақшы. Бұған дейін іске қосылған «Бурное Solar-1» КЭС-тің қуаты 50 МВт-ты құраған болатын. Осылайша, екі стансаны қоса алғандағы қуаттылық 100 МВт-ты құрайтын болады. ЕҚДБ өкілдерінің айтуынша, банк 15 жылға дейінгі мерзімге 44,5 миллион долларды құрайтын теңгелей несие ұсынып отыр екен. «Мұндай ұзақмерзімдік несие қаржыны теңгемен бүгінгі таңда еліміздегі өзге қаржы көздерінен алу мүмкін емес. ТТҚ 20 жылға дейін мерзімге 10 миллион доллар несие бермек. Жоба құнының 80 миллион долларды құрайтын өзге бөлігін КЭС-тің болашақ меншік иелері өздері инвестициялайтын болады», — дейді мамандар.
Аталмыш несие жөнінде келісімге қазір ЕҚДБ-ның Ресей, Кавказ және Орталық Азияда энергетика және табиғи ресурстар жөніндегі директоры Аида Ситдикова және «Бурное Solar-2» бас директоры Нұрлан Қапенов, жобаны қолдау жөніндегі келісімге еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев және ЕҚДБ энергетика және табиғи ресурстар жөніндегі басқарушы директоры Нандита Паршад қолдарын қойды.
«Қазақстанға «Бурное» секілді жобалар аса қажет. Мұндай бастамалар шалғайда жатқан аудандардың дамуына ықпал етіп, жаңартылатын энергияның табиғи ресурстарына Қазақстанның бай әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жобаға Астанадағы ЭКСПО көрмесі шеңберінде ұйымдастырылған министрлер конференциясында аталған аймақта таза, қауіпсіз және қолжетімді энергия туралы аса маңызды пікірсайыстар өтіп жатқан тұста қол қойғанымыз қуанышты. Сәтті жүзеге асқан «Бурное Solar-1» жобасынан кейінгі бұл екінші жоба Қазақстан жаңартылатын энергия саласында жаһандық төңкерістің бір бөлшегіне айналғанын дәлелдейді», — деді Нандита Паршад.
«Бурное Solar-2» жобасын осы нысанды салған инвесторлар, яғни «Самұрық-Қазына Юнайтед Грин Энерджи Лтд» бірлескен кәсіпорны іске асыратын болады. Аталмыш кәсіпорын Ұлыбританияда тіркелген United Green Energy Limited жеке инвестициялық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бір бөлімшесі «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірлесіп құрылған. Бұған дейін нысанның екінші кезеңдегі құрылысы 2018 жылы аяқталады деп айтылған болатын. Алайда қазір «Бурное Solar-1» және «Бурное Solar-2» күн электр стансасы бірігіп, Шығыс Еуропадағы және Орталық Азиядағы ірі күн генерациясы нысандарының біріне айналғалы тұр. «Бурное Solar-2» жобасы ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жаңартылатын энергетиканы 200 млн. долларға қаржыландыру кешенді бағдарламасы аясында іске асуда. Мұндай нысанның салынуы энергия ресурстары балансының 70 пайызы әлі көмір болып отырған елдегі жаңартылатын энергетиканы дамытудың қарқын алып келе жатқанының куәсі. «Бурное Solar-1» және «Бурное Solar-2» КЭС-тің іске қосылуы көмірсутек қалдықтарын жылына 150 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл 30 МВт қуаты бар жергілікті көмірді пайдаланатын ЖЭС-тің қалдықтар көлеміне тепе-тең. Айта кетейік, Орталық Азиядағы 50 МВт қуаты бар ең ірі күн электр стансасы саналатын «Бурное Solar-1» 2015 жылы іске қосылған. КЭС-те 192 мың күн панелі орнатылған. 2016 жылы алынған нақты электр энергия 78,6 млн кВт/сағ болған. «Бурное» КЭС жобасына қатысты жұмыс 2014 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заң қабылданғаннан кейін басталған еді. Станса энергия тапшылығы бар Қазақстанның оңтүстігі Жамбыл облысында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралі бойында орналасқан. Еуропалық қайта құру және даму банкі Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі, сондай-ақ Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізінің 35 елінің жобасын қаржыландыратын халықаралық қаржы ұйымы болып табылады. ЕҚДБ Қазақстанға жалпы көлемі 7,3 млрд. еуроның инвестициясын құйған, оның ішіндегі 1,7 млрд еуросы жаңартылатын энергетика мен ресурстар секторына тиесілі. 2016 жылы Қазақстан операциялары көлемі бойынша ЕҚДБ елдері ішінде екінші орынға шықты. Банк инвестициялардың осы қарқынын ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұрып, келер жылы «Бурное-2» күн электр стансасын толықтай іске қоспақшы. Бұл баламалы электр энергиясын өндірудің жаңа дәуірін ашатыны сөзсіз. Оған қоса, аталмыш электр стансалардың рақатын Жамбыл облысына қарасты Жуалы, Жамбыл сынды аудандарының тұрғындары көргелі тұр.
Осылайша жаһандану көшіне ілескен Жамбыл облысы «күнге» қолын созуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз