Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысы дін істері басқармасының бастамасымен Талдықорғанда алғаш рет «Рухани керуен» жобасы бастау алды. Бұл жобаның мақсат-міндеті — үш айдың ішінде өңірдің аудан, қалаларын аралап шығу және тамыры терең киелі өлкенің ұлт дәстүрін ұлықтай отырып, әртүрлі тағлымды іс-шаралар өткізу. Керуеннің құрамына 50-ге жуық мекемелердің өкілдері енгізілген.
Осыған орай, құрамында облыстың басқарма басшылары, өлкенің танымал өнер адамдары және зиялы қауым өкілдері бар Алматы облысының алыс-жақын елді мекендеріне «Рухани керуен» жобасымен жұмысшы тобының іссапары басталды. Алғашқы кездесу Жамбыл ауданында өткізілді. Жұмысшы тобы Ұлы Отан соғысы боздақтарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, аудан активімен кездесті. Осы кездесуде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов «Рухани керуен» жобасының бағыт-бағдарымен таныстырды. Жұмысшы тобының құрамындағы елге белгілі спорт ардагері, Әлем және Олимпиада чемпионы болған, балуан, облыстың Құрметті азаматы, бүгінде мал шаруашылығын өркендетуге өзіндік үлес қосып жүрген кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров, Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын-сазгер Кәмнұр Тәлімов, ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Наржанов және басқалары рухани жаңғыру, ұлттың асыл қазына іспеттес төл тарихы төңірегінде тәлім-тәрбиелік мәні бар әңгіме қозғады.
Жұмысшы тобының келесі сапары Қарасай ауданында жалғастырылды. Аудан әкімдігінің жиынжайында «Дінаралық татулық — бо-лашаққа қадам» тақырыбында кездесу өткізілді. Осы жиында Рахмет Есдәулетов жұмыр жердің бірталай өңірлерінде соғыс өртінің тұтануына себепші болған кертартпа діни ағымдардың өкілдерін қаруландырып, бір-біріне айдап салу салдарынан миллиондаған адамдардың зардап шегіп отырғанына, себепсіз ажал құшқан бала-шаға, әйелдердің тағдырына тоқталып, елімізде экстремизм мен терроризмнің етек алуына жол бермеуге, ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтауға шақырды. Ал келесі болып мінбеге көтерілген «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев рухани жаңғыруға жол салған тарихи мақаланың маңыздылығына, зайырлы мемлекетте қоғам мен діннің өзара келісімде өмір сүруі жайлы әңгіме қозғады. Осы жиынға қатысқан Қаскелең қаласындағы Архангел Михаил шіркеуінің жетекшісі Владимир Дрямов христан және ислам діндеріндегі азаматтардың ұқсас құндылықтарына және ортақ көзқарастарына тоқталып, өз ойларын ортаға салды.
Жоба барысында облысымыздың зиялы қауым өкілдері жергілікті мекендерді аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, жастар мен ардагерлердің кездесуін одан әрі жалғастыра бермекші.
«Рухани керуен» алдағы уақытта Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына ат басын бұрып, одан кейін өзге де өңірлерге сапар шегуді көздеп отыр.

Нұрила
Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз