Бензин бағасын 220 теңге дейін көтеруді ұсынған ОҚО облыстық жанар жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровтың айтуынша, құнын қымбаттату арқылы жанар-жағармай тапшылығын жоюға болады-мыс. Ал 30 пайыз импортқа тәуелді Қазақстан, Ресейге қарағанда бензинді әлдеқайда төмен бағамен саудалап жатыр екен. Мәселен, бізде АИ-92 150-155 теңге болса, Ресейдегі литрі 200-220 теңге болса керек. Осы деректі алға тартып «мырзасынған» шенді: «Біздің республикамыздың жылдық бюджетінде инфляция 6-8 пайыз. Соған байланысты бензиннің бағасы да өседі. Өскенде осы инфляцияға қарап орта есеппен қадағалап отырса. 2-3 теңге кварталында өсіріп отырсақ. Мысалы, бізде бензин 90 теңге болғанда, Ресейде 150 теңгенің көлемінде болды. Ал қазір ол жақта 200-220 теңге. Біз соған жетуіміз керек», — деп, керемет жаңалық ашқандай болды. Ал, төрағаның бұл ұсынысына жүргізушілер қатты наразы. Солардың бірі, жүргізуші Розмат Нарымбетов: «Біздегі жалақы мөлшері Ресейдегі бағаға сай емес. Айлықтың мөлшері мен бензиннің бағасы тура келмегендіктен, мұндай шарықтаған баға күндік нәпақасын адам тасымалдаумен тауып отырған біз сияқты қарапайым адамдарға қиын. Көлікпен отбасын асырап жүргендер бар. 220 теңге — өте қымбат баға. Бәлкім, жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы отынды басшы ретінде тегін құйғызып алатын шығар. Тым асқақтай бермей, жұрттың жағдайына да қарау керек қой»,— дейді кейістігін жасыра алмай.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз