ФотВВС басылымы: «Ирак Күрдістанын 2005 жылдан бері басқарып келген президент Масуд Барзани тәуелсіздік жөнінде референдум өткізгеннен кейін бір айдан соң отставкаға кетпекші. Ол 1-і қарашада мерзімі өтетін президенттік өкілеттігін созбайтын болды»,— деп хабарласа, Күрд БАҚ-тары: «Оның отставкаға кететіні туралы ақпар жексенбі күні жарияланады, сол күні парламентте оның мәлімдемесі оқылады. Барзани сенбі күні күрд парламентіне жолдаған хатында билік реформасын жүргізуді ұсынды. Жоспар президенттік өкілеттіктерді үкімет, парламент және сот жүйесі арасында бөлуді көздейді»,— деп жазады. Рейтер: «Тәуелсіздік жөнінде референдум өткеннен кейін Ирак Күрдістанының Ирактың орталық билігімен қарым-қатынасы одан сайын ушықты. Ирак әскерлері Киркук мұнайлы провинциясына басып кіріп, салдарынан күрд жасақшылары мен Ирак армиясы арасында қақтығыс болды. Барзанидің өкілеттігі аяқталған кезде, яғни 1-і қарашада Ирак Күрдістанында президент сайлауы өтуі тиіс еді. Алайда өткен аптада өңірде ахуал ушығып кетуіне байланысты сайлау белгісіз бір мерзімге кейінге қалдырылды. Барзани қайта сайлауға түспейтінін бұған дейін мәлімдеген болатын, алайда оның бұл уәдесінде тұратынын ешкім күтпеп еді. Себебі 2013 жылы ол мерзімі аяқталғанымен, президент қызметінен кетуден бас тартқан-ды. Ал екі жылдан кейін парламент шешімінің арқасында өкілеттігін тағы екі жылға ұзартты»,— деген деректі алға тартады. 71 жастағы Барзани ұйымдастырған референдум 25 қыркүйекте өтті. Қатысқандардың 90 пайыздан астамы Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі үшін дауыс берді. Осыдан кейін Бағдат референдум нәтижесін жойып, даулы аудандарды бірге басқаруды талап етті. Ал қазан айының ортасында Ирактың үкіметтік әскерлері мұнайға бай Киркук қаласына басып кірді. Нәтижесінде Ирак Киркуктегі әскери база мен ірі мұнай кен орындарын өз бақылауына алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз