Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орай жасалған бағдарламалардың орындалу барысымен танысу үшін ішкі саясат басқармасы, өңірлік коммуникацилар орталығының ұйымдастыруымен Есіл ауданында пресс-тур өтті. Осы жолғы пресс-турда «Туған жер» жобасы аясында Интернациональный, Юбилейный, Заречный, Бузулук ауылдарында атқарылған игі істермен таныстық. Сапар басы Интернациональный ауылынан басталды.

Интернациональныйда футбол алаңы ашылды

«Шыңғыс хан» ЖШС-ның жетекшісі, кəсіпкер Қазымбек Ақмағамбетов «Туған жер» бағдарламасы аясында туған ауылына жасанды жамылғылы шағын футбол алаңын салып берген екен. Біз осы алаңның ашылуына куә болдық. Алаң Интернациональный ауылындағы орта мектептің жанына салыныпты. Себебі нысанды күтіп ұстауға, футболмен шұғылдануға мектеп қолайлы болмақ. Алаң салуға серіктестіктен 10 миллион теңге жұмсапты. Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Аманбек Қалжанов қатысып, ауыл жұртын құттықтады. Қазақ салты бойынша шашу шашылып, лента қиылды. Интернациональный ауылында тұратын 671 тұрғынның 161-і жастар. Жаңа заманға сай жабдықталған футбол алаңының ашылуында ауыл жастарынан жасақталған құрамалар өнер көрсетті. Кәсіпкер Қ. Ақмағамбетов өткен жылы ауылға мұз айдынын, биыл футбол алаңын салса, келесі жылы шағын саябақ орнатуды жоспарлағанын жеткізді.

Юбилейныйдің әлеуеті жоғары

Юбилейный ауылының негізгі қамқоршы тірегі «Ново-Приречный» ЖШС басшысы Валерий Тюркин «Туған жер» жобасы бойынша ауылдың әлеуметтік нысандарын көркейтумен қатар, көп жылдар жөндеу көрмеген жолдарын да жөндеуді қолға алыпты. Ол ауылына 80 млн теңге жұмсап, 3,5 шақырым асфальт жол салып, бітіріпті. Негізі Валерий Тюркин жыл соңына дейiн Юбилейный ауылындағы 160 тұрғын үйге газ құбырын тартып, 2 тұрғын үй салу уəдесін орындау үстінде екен. Ауылда спорт алаңдары, стадион, монша салынып, наубайхана жұмыс істеп тұр. Мектепті жарқыратып жөндегенін көзбен көрдік. Балаларға серіктестік есебінен тегін тамақ береді. Су құбыры тартылған, газ үйлерге тартылып жатыр. Ауылда спорт нысандары бар, бірақ спортқа бейімдейтін, мықты, кәсіби спорт маманы жоқ екен. Сол маманға арнайы еңселі үй салыпты. Газ, су құбыры тартылған, гаражы да бар екен. Маман қат болғандықтан, келетін адам 3 жыл тегін отырады. Газ, су, тоқ бағасын серіктестік төлейді дейді. Баратын адам болса, үй жайнап тұр. Серіктестік жұмысшыларының жалақысын сұрап едік, ауыл әкімі жауап қатты. «Менің жүргізушім егін орағында бір ай жұмыс істеп, 1 млн 200 мың теңге айлық алды. Орташа жалақы 100 мыңның үстінде», — деді. Ауыл мектебіне де бас сұқтық. Мектеп аралас. Ауыл тұрғындарының, мектепте оқитын балаларының 80 пайызы неміс, орыс, поляк ұлтының өкілдері болса да, мектеп қабырғаларындағы жазбалардың көбі мемлекеттік тілде жазылғаны көңіл қуантты.

Бузулукте жетістіктер жетерлік

Сапар барысында Бузулук ауылында жолай өтіп, ауылға қамқоршы болып отырған «Агро-Олдви» ЖШС-ның мекемесіне бас сұғып, жағдайымен таныстық.
Ауылға қамқоршы болып отырған «Агро–Олдви» ЖШС-ның басқарушысы Рамазан Салтаев қарсы алып, өндіріс орындарымен таныстырды. Серіктестік егін шаруашылығымен айналысады. Келешекте құс өсіруді қолға алмақшы екен. Биылғы егін орағында бұл серіктестік үздік болып танылған. Әлеуметтік салаға көмектесіп тұрады. Келешекте ауылдың әлеуметтік нысандарын «Туған жер» жобасы аясында жұмыстар жасауды жоспарлапты. Егін орағында серіктестікпен қатар, оның жұмысшылары да үздік екен. Қостанайда құрастырылған «Есіл» комбайнымен А.Игонин мен Э.Михайлов 2200-2400 т. астық жинапты. Бұл ауданда жоғарғы көрсеткіш екен. Бузулук ауылында шағын шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында Н.Қайырбеков басқаратын «Болашақ–Агро 2017» кооперативі құрылыпты. Ұйым ауыл шаруашылығымен айналысумен қатар, ауылдан сүт жинап, өңдеп, сауда орындарына жеткізу мақсатында жұмыстар жасап жатса керек. «Ауыл тұрғындарының өндірген өнімі, шикізатын нарыққа шығару біз үшін өте ауыр тиіп тұр. Жол қатынасы өте нашар және алыс. Сол кемшіліктерді жою мақсатында «Болашақ–Агро 2017» кооперативі құрылды, біз осы ұйымға зор сенім артып отырмыз», — дейді ауыл әкімі Абай Ысқақов.

Келбеті көркем Заречный

Заречныйға ымырт жабыла жеткен журналистерді ауыл шетінде ауыл әкім Н. Милюкпен бірге күтіп алған белгілі кәсіпкер У.Әріпов: «Қош келдіңіздер, бірақ кеш келдіңіздер! Сапарды бірден біздің ауылдан бастауларыңыз керек еді. Себебі көретін нысандар көп және ауылдың әлеуеті өте жоғары», — деп, сөзін жұмыспен бастаған кәсіпкер ауыл жайын таныстыруға жол бастады.
«Заречный» ЖШС мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығын өте тамаша ұштастырып отырған ұйым екен. Шаруашылықтың мал шаруашылығы дамып, мал басы 5 мыңға жетіп, 2 мың бас мал бордақылайтын алаң, мал сойып өңдейтін, қасапханасы бар. Егін шаруашылығы — негізгі сала. Серіктестік ресми «Заречный» асылтұқым шаруашылығы» деп аталады. Ұйым егін өнімдерін шетелге шығарады. Өнімді Ресей, Беларусь, Украина елдері тұтынады.
У. Әріпов — «Туған жер» жобасын бұрыннан орындап келе жатқан кәсіпкер. Ол иесіз, бұзылған ескі балабақшаны өз қаражатымен заманға сай жөндеп, пайдалануға берген. Ауыл клубын күрделі жөндеуден өткізіп, стадион, спорт алаңдарын салған. Жаңа балабақшаны жиһазға толтырып, керекті құралдармен жарақтандырып, «Айналайын» атауын беріпті. Жөнделген клубтың мәртебесі өсіп, «Мәдениет үйі» аталыпты.
У. Әріпов: «Жақсы қызметкер — салауатты қызметкер. Елбасының тапсырмасы бойынша ауылдың әр тұрғыны спортпен айналысуы керек. Өткен жылы ауылдың «Бәйтерек» спорт стадионындағы футбол, баскетбол, волейбол алаңдарына және жүгіру жолдарына жасанды төсем төселіп, жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, ауданда, округте жүлделі орындардың барлығы Заречный командасының еншісінде», — дейді, ауыл қамқоршысы.
Иә, кәсіпкердің салған, жөндеген нысандарының бәрі ауыл игілігіне жарап тұр. Әлеуметтік нысандардың кейбірінің шаруашылық шығындарын өтеп береді.
Соңғы жылдары жас мамандарға арнап 4 пәтерлі, «Ұйқылы» Калачи ауылының тұрғындарына көмектесу мақсатында ішкі жиһаздарымен 8 пәтерлі үй салып берген. Калачиден көшкендер зейнеткерлер болғандықтан, олардың шаруашылық төлемдерін серіктестік өз есебінен төлейді.
Ауыл таза су жүйесіне қосылған, ауыл ішінің жүргіншілер жолы, ғимараттар алдына арнайы бедерлі тас / брусчатка/ төселіп, көмкерілген.
Шаруашылық неміс технологиясы және сол елдің техникаларымен жарақталыпты. Шығаратын өнім сапалы болғандықтан, онда керек құрал-жабдықтар да сапалы болуы шарт.
Жалпы егін алқабы 45506 мың га, 250 адам еңбек етеді. Қырманда құны 500 мың евро тұратын, немістің тұқым тазалап, сұрыптайтын заманауи қондырғысы бар екен. Ол сағатына 15 т. бидайды сапалы әрі жылдам тазалайды. Тұқым сұрыптаумен ғалымдар айналысады және 80-нен астам бидай сұрпын арнайы алқаптарда сынайды. Көпжылдық шөптерді асылдандырумен де шұғылданады екен.
— Бүгінгі күні «Заречный» ЖШС-де жалпы 500-ден астам адам еңбек етеді. Біздің басты мақсат — ауылшаруашылық еңбеккерлері, соның ішінде өңір диқандарының еңбегі арқасында мол табыстарға жетіп, ел, ауыл игілігіне жарату, — дейді белгілі кәсіпкер У. Әріпов.

«Рухани жаңғыру» жайлы семинар өтті

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру — болашақтың бекем бағдары» атты облыстық семинар өтті. Шараға облыс және аудандардың әлеуметтік сала басшылары қатысты.
Бас тақырыпта Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында белгіленген міндеттерді саралау және жүзеге асыру жайы талқыланды.
Семинарды облыстық ішкі саясат басқарма басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин жүргізіп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы С. Бөрібаева, ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Д.Жакеева, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобаларының бас менеджері Ә. Азербаевалар баяндама жасады.
Астанадан келген Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқару офисінің «Тәрбие және білім» бағдарламасының бас менеджері Стелла Ыбыраева семинарда сөз сөйлеп, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беру қажет деді.
Баяндамашылардың сөзінен түсінгеніміз, облыста «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру мақсатында 107 жоба жоспарланыпты.
Атап айтсақ, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары бойынша 24, «Рухани қазына» бағытында 79, ал ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды байытып, туризмді дамыту мақсатында қолға алынған 4 «Атамекен» жобасы бар.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, «Қазақстанның 100 қасиетті орны» республикалық тізіміне 11 нысан мен 8 жоба кірген. Мәселен, Ерейментау ауданының аумағындағы Құмай бірегей археологиялық және этнографиялық кешені бар. Шежіре тұнған тарихи ескерткіштерде талай сыр жатыр. Сонымен қатар, облыста «Атамекен» кіші бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ағымдағы жылы 4,8 миллиард теңгені қамтыған 57 жоба қолға алынды.
Шара барысында облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарға да баға беріліп, алдағы уақытта аталған тақырыптар бойынша аудандармен бірлесе қызмет ету, тәжірибе алмасу туралы ұсыныстармен қатар, «Рухани жаңғыру» жобаларына халықты көптеп тартуға ғылыми-әдістемелік көмектер көрсетілетіні айтылды.
Дахан Шөкшир

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз