Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында республикалық бюджет қаржыларын қатаң бақылау жағдайы сөз болды. Бұл құжат сот жүйесі, мемлекеттік рәміздер, Конституциялық кеңес, «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген-ді. Заң жобасы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығына бөлінген республикалық бюджет қаржыларын тиімді және мақсатты түрде пайдалану тәртібі АХҚО Басқармасы мен Қаржы министрлігінің бірлескен актісі бойынша анықталатыны көзделген. Осыған орай депутаттар корпусы аталған орталық қызметінен бөлінетін мемлекеттік қаржыны бақылау жайына алаңдаушылық білдірді. Осы ретте АХҚО өкіліне орталыққа қаржыны тиімді пайдалануды ескерткен Мәжіліс спикері Н.Нығматулин: «Ешкімде әсіресе, АХҚО орталығы басшылығында орталықтың өз бетінше қызмет етуіне мүмкіндік беру, мемлекеттен бөлінген қаржыны бақылау жауапкершлігінен босатады деген ой болмауға тиіс. Орталыққа бөлінген қаржының мақсатты пайдалануы үнемі Есеп комитетінің бақылауында болады»,— деді. Сонымен қатар парламент депутаттары 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын да мақұлдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз