30 жылда өзбектер 15 миллионға көбейді, ал біз 2-ақ миллионға ғана көбейе алдық. Неге? Рас, бәрі де әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Сонда өзекеңдер соншама бай ма? Жо-жоқ, ағайын, бұл жерде басқа ерекше гәп бар тәрізді. Бір көңіл аударатын нәрсе, біздің аналарымыз, әйелдеріміздің дені 90-шы жылдары ала қоржын арқалап, күнкөрістің қамымен қаңғып кетті.
«Қаңғып жүрген әйел бала туушы ма еді? Әрине, жоқ. Еркектер үйде азын-аулақ малын күйттеп, екі-үш баласын қарады. Бұл ала қоржынның жыры кешегі күнге дейін созылды. Ал өзбектердің хотундары үйінің тіршілігін дөңгелетіп, балаларын көбейтіп, бағып-қағып, күйеулерінің тапқан аз-маз нәпақасын жеткізіп, отбасына жаратты. Міне көрдіңіз бе, өзбектер қалай көбеюдің жолдарын білді! Мемлекет басшылары көбею қажеттігін, сонда ғана сыртқы жаудан қорықпай өмір сүре алатынын насихаттап хотундарды соған иландырды.
Әйтпесе қазақ аналары ешкімнен кем емес. Алтын жатырлы аналарымыз соғыстан кейінгі қиын жылдардың өзінде он баладан кем туған жоқ. Аштықтан, соғыстан қынадай қырылып қалған қазақ өз елінде азшылыққа ұшырап, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Кеңес өкіметінің негізінен көздегені, яғни зұлым саясаты қазақтарды түбірімен жойып, олардың жерін иелену еді. Орыстар қазақтарды «малға» айналдырып, олардың рухын біржола жаныштап, мәңгүрттер тобырын жасағысы келді. Оларды қалаға жолатпады. Сондықтан қазақтардың барлық жағдайларын жасап, оларды ауылдарға «қамады». «Қамағаны» жақсы болды. Есесіне қазақ көбейді. Бұл аналарымыздың бір ерлігі. Желтоқсан көтерілісі кезіндегі қыздарымыздың батырлығын қалай айтпасқа?! Жоғарыда айтқанымыздай аналарымыз ала қоржын арқалап, қазақ халқын ашаршылықтан қорғап қалды. Өкінішке қарай, қарыштап көбейе алмадық.
Енді не істейміз? Бір-ақ жол бар. Тағы да біздің жағдайымыз НӘН-ге және оның айналасындағылардың байлықтарына келіп тіреледі. Тезірек ол байлықты тартып алып, қазақ аналарының жағдайын жасау қажет. Аналармен мемлекетіміз келісімшартқа отыруы тиіс. Бір бала туса мынадай ақша деп, екіншісі келгенде тағы да жақсылап ынталандырып, үшіншісіне келгенде зәулім үй тегін берілсе. Төртіншісі, бесіншісі, алтыншысы, жетіншісі, сегізіншісі, тоғызыншысы, оныншысы келгенде миллиардерге айналдыру керек. Міне, осы кезде қазақ көбеймесе, маған кел! Тек НӘН-ге және оның жандайшаптарына осыншама ен байлықты 30 жыл бойына шып-шырғасын шығармай сақтап, халқына «сыйлағаны үшін заманауи түрме соғып, «алғысымыз» ретінде өмір бойына сол жерде «жақсы жайлы» өмір сүруі үшін жағдай жасауды әсте ұмытпауымыз керек.
Қадірлі аналар, ару қыздарымыз төл мерекелеріңіз құтты болсын! Алла Тағалам қазақ халқын қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ғажап та жарқын өмірге жеткізсін! Әумин!