Абай мен Шортанбай жырларының тоғысуы

Абай мен Шортанбай жырларының тоғысуы

 Халқымыздың ауыз әдебиеті – ұлы даламыздың біртуар тұлғаларының көзін ашып, көкірегіне сәуле жаққан асыл қазына. Абай да әжесі Зере мен анасы Ұлжанның айтқан аңыз-ертегілерінен және Бұқар мен Дулат, Шортанбай мен Шөже секілді ақындардың жыр-толғауларынан елдік пен ерліктің, найзағай намыс пен қайтпас қайраттың сан ғасырлық өнегесін жадына тоқиды. Алайда, ұлттық сөз өнерінің мөлдірінен сусындап, Шығыс пен Батыс және орыс әдебиетінің тереңінен маржан сүзген ақынның «өлең – сөздің патшасына» қояр талабы тым жоғары. Өлең – «ер данасы қиыннан қиыстырған, тілге жеңіл, жүрекке жылы, айналасы теп-тегіс, жұмыр келген сөз сарасы».    

 Абайдың «өз өлеңдерін 1896 жылға шейін жинағысы келмегені де, ғұлама Әуезов атап көрсеткеніндей, оның өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, қатаң шарт қойғандығынан болған. Өлең Лермонтов, Пушкин сөздеріндей болмаса, одан берідегі сөздері өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған». Себебі, «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы, Сөз қосарлық орайлы жарасымы. Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы». Ақын сусындаған мөлдір жыр қайнарларының бірі – Шортанбай Қанайұлының жауһар мұрасы еді. Хәкім жыраудың ауыздан-ауызға көшіп, Шыңғыс өңірінде де кең тараған толғауларының, үзіп-жұлынып, толық жетпейтініне ғана қынжылады. 

   «Арыз сөзді толғанып, 

    Қалдырайын артыма...»

Семейге келетін газеттердің әрбір санын, жаңа кітаптар мен басылымдарды Абай үнемі асыға күтіп отырады. Соның бірі – «Дала уәлаяты» газетінің ақын-жыраулар туралы жазғандарынан да ойына нәр жинап, жан қуатын молайтады. Өткенде осы басылымнан Шортанбай жайлы да оқып шығып, қолындағы барды азырқанған болатын. Соған орай жыр жампозының «Қазан» баспасынан 1890 жылы жарық көрген «Бала зары» жинағы «іздегенге – сұрағандай» болды. Жырау «Өлең сөздің мәні жоқ, ойы терең болмаса...», яки «Мың қабат бетім жуылған, Көзден аққан жасыма... Арыз сөзді толғанып, қалдырайын артыма» – деп, еркін заманды аңсаған жан сырымен бөліседі. Хәкім елдіктің намысын жыртқан сөз сүлейіне іштей сүйініп, жүрегін бодандық қыспағы сыздатады. 

Кітап інісі Халиолла жіберген сәлемдеменің арасынан шыққан. Атақты жыраудың «ағын судай екпіндеген, лайы жоқ суатынан» өмір-өзеннің толқыған беті мен жөңкілген ағысын ғана емес, қабат-қабат тереңін де айнадағыдай көреді. Ал, абыз ақынның бұзылған заман сұрына қамығуының себебіне өз басы жақсы қанық. «Бетінің жасқа жуылуының» да, «артына қалдырмақ арыз сөзінің» де сырын біледі. Өлең-толғаулары жан жарасын «тырнаған» Шортанбаймен бірге елінің бұлыңғыр бүгіні мен күңгірт келешегіне алаңдайды. Қауырсын қаламы ақ қағазға тақ бір өші кеткен жауындай шүйлігеді: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр, Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған». 

Жақында, Өскемен сапарынан, бұған дейінгі уайымы аздай, көңілі мүлде құлазып оралған. Ежелден қалың найман құтты қоныс еткен өңірді осы жолы «танымай» қалды. Орыс деревняларының шүлдірлеген атаулары жат жұртқа тап болғандай жарықта «адастырып», жаны жабыққанын қалайша ұмытпақ! Қамал алар қырық жасында бозаң тартқан шашы өмір күзінің де тез-ақ өтіп кеткенінің хабаршысындай. Суынған көңілі «тірі жанды танымас соқыр, мылқау» биліктің салған әлегінен бүрсең қағып, қайғыдан қапалы: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек?...» – деп, қабағы қарс жабылып, таусылмас ой тұңғиығында тал қармағандай күй кешеді. 

Ол бала жасынан білетін Шортанбай ақынды қазір, есейіп, ержеткен шағында жаңа қырынан танығандай болады. Орыс патшасының отарына айналған халқының шерін мұңдаған зарлы сөзі мазасын қашырады. Ой-санасын «ел-жұртын жетелеп, озық жұрттардың қатарына қосудың жолы қайсы?» деген сан сауал сілкілейді: «жарықтың» көзін қалқалаған қараңғылық пен бодандық бұлты қайтсе сейіледі?». Абыз жыраудың бақиға озар алдында ел-жұртына «дұғай сәлем» жолдаған сәттегі сарғайған жүзі көз алдына келеді. Лермонтовтан аударған өлеңі жаңағы жадау көңілінің көшірмесі іспетті: «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, 

Ішінде түсі суық, бір жан отыр. 

Алысты тұманданған ол ойлайды, 

Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр. 

Ішкен-жеген, таласқан, ойнап-күлген, 

Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген. 

Даурыққан, күліскен, өлеңдеткен 

Қайғысызға қайғырып, жиіркенген». 

  Хәкім Шортанбай мұрасының сырына терең бойлап, оны өз тарапынан одан әрі тарқатады: «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек, Таразы да, қазы да өз бойында, Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек». Әсіресе, тас қамалмен қыспаққа алып, от қарумен қоқаңдаған басқыншының қарындастарын бір-біріне айдап салып, алақандарын ысқылағаны ашындырады. Қазағының осыны көретін көзін, өкінішке қарай, отаршыл үкімет «шен-шекпенмен» бүркеп, қалың шел басқандай. Тағдыр-талайы ерте «қартайтқан, сырты дүрдей» ақынның кеудесі «у мен өртке толады»». Оңашада өлеңге мұңын шаққанында, сонау Бұқар заманынан бергі жыр аламанының хас жүйріктерінің бірі – Шортанбайдың «көз жасының» қышқылтым дәмін сезінеді.

Ел-жұртының тағдырына ара түскен жырау «Мынау ақыр заманда/ Алуан-алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты», – деп налиды. – Үміті бар кәпірден, Олар қорықпас құдайдан... Шошқаның етін қақтаған / Құбылаға бақпаған, Атасының жанындай Арақты ас қып сақтаған...». Біртуар тұлғаның «Жандарал болды ұлығың, Майыр болды сыйласың, Айрылмастай дерт болды, Нашарға қылған зорлығың... Тілмашты көрдің биіңдей, Абақты тұр көріңдей», – деген сөздері Хәкімнің әлсіз үмітін жел жалпылдатқан алаудай қалтыратады: – Байлар ұрлық қылады, Көзіне малы көрінбей, Билер пара жейді екен, Сақтап қойған сүріндей... Мынау заман қай заман? Азулығы бар заман, Азусызға тар заман, Тарлығының белгісі / Бір-бірлерін күндеген, Жай-жайына жүрмеген...» 

Мұндай бақас тірлікке, ең алдымен, өз қазағының бойкүйез, ертеңіне тым енжар, өзара алакөз «мінезі» кінәлі екенін Абай да еріксіз мойындайды: «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек». Шортанбай суреттеген би-болыстардың әпербақан, әулекі әрекеті ақынды еріксіз жирендіреді: «Болыснай, би, ауылнай/ Сырттан қарап шолып тұр... Мұсылманды бұл күнде/ Орыс кәпір жеңіп тұр». Іште қайнаған ашуы бұрқ етіп, бетіне шапқанда қоңыр жүзі қара сұр тартады: «Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың... Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жылқың. Баста ми, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын...». 

Құнанбай ауылының құрметті қонақтарының бірі – Шортанбайдың өлең-жырларына, тегінде Хәкім ерте жастан жорға. Бастапқыда оның мұңға толы толғауларын құлағының тосырқағаны рас. «Жылауық» жырдан үй ішін басқан ауыр көңіл күйдің себебін де түсіне қоймайды. Әйелдердің жаулықтарының ұштарымен көздерін сүрткілеп, кейбір еркектердің жанарларын жасырып әуреге түскенін көргенінде, балалығы шығар, жиналған қауымнан қағаберіс жымиятын. Бұл, бірақ әуелгі балғын көңіл, балауса әсері ғана еді. Алғыр әрі сергек Ибраһим «жастық дәуренмен» ерте қоштасып, тыңдаушылар «қамалған» тұнжыр хәлдің Бұқар мен Дулат, Шөже мен Мұрат секілді ақындардың өлең-жырымен тамырлас екенін түйсінеді. Бұдан былай азат күнді аңсаған сарын құлағының түбінен зар қағып, тыныштық бермейді.

Бұ дүниеден бақиға озарының алдында «ендігі заманның адамдары қандай болады?» деген сауалға атақты жыраудың қайтарған жауабына да еріксіз күрсінеді: «Жақсың аттан жығылса, Жаманың тұрып табалар. Жақындап келген бұл кәпір / Жылдан-жылға қамалар. Қасиетті төре жоқ, Шарапатты қожа жоқ», – деп түнереді ол. – Қария қалды ақылдан, Қастық шықты жақыннан, Ендігі күнің кем болар, Ит кәпірге жақындап, Билік кетті басыңнан ... Ендігі байға мал бітсе, Ит кәпірдің олжасы. Шайдан басқа асы жоқ, Жақыннан басқа қасы жоқ, Ендігінің мырзасы». Ойшыл ақын жағымпаз бен сатқынға «найзасымен» шүйіледі: «Орыс сияз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер/ Аз жүрегін жалғайды. Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды». 

Намыспен суарылған ақынның «көбе бұзар жебесі» нысанасын оңдырмайды: «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май / Қалмады елге тығындап... Сыяз бар десе, жүрегім / Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей, Құр күлемін жымыңдап... Оңашада оязға / Мақтамаймын елімді. Өз еліме айтамын: «бергем жоқ, – деп, – белімді». Хәкімнің қабағы қарс жабылады: «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға», «Бай сейілді, Бір пейілді/ Елде жақсы қалмады... Жөнді, жөнсіз, Сөз теңеусіз, Бас пен аяқ бір қисап. Ұрысса орыс, Елге болыс, Үйден үрген итке ұсап». Бірақ, жырауды қайғыртқан «Бірге туған қарындас/ Отырады үйінде «Сөзді ұғар осы осы күнде кісі бар ма?» Бірін-бірі көре алмай. Қас болып тұр жақының...». 

«Сөзді ұғар осы күні кісі бар ма?»

Абайды «қайғы мен ыза қысып», пікірлес серігін өлеңнен табады. Әуелі, ежелгі әдетімен, өзінің жақын-жуығын әзіл-қалжыңмен сипай қамшылап, ара-арасында өткір мысқылмен түйрейді. Ақын, ләкин ешкімді де босқа сағын сындырып, текке жер қылудан аулақ. Жақын-жуығын «ұялта» отырып барша қандастарына ой салуды көздейді: «Базарға қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу – маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар». Әйткенмен, «Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар. Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар... Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар». 

Соңғы уақытта Абай «ешкімге зияны жоқ, өзі көрген бір қызық ісі» – аңшылықтан да бой тартып, тірлік қуанышына жадырауы сирек. Дегенмен, әл-әзірге өзін де, өзгені де сарыуайымға салып, жалғаннан жалығып, келешектен күдер үзе қоймақ емес. Жастық шақтағыдай «ашу мен айлаға шырақ жақпай», оқу мен білім жолын шамшырақ етіп ұстанады. Рас, «бұдан бұрын да талай сөз айтты, көп айтты, түбін ойлап, уайым жеп, ақылдылар арланып түзеле ме деп айтты». Бірақ, «ақылын алмай, соңынан ермей, табандаған» төңірегі еріксіз жабырқатады. Қалғып-шұлғыған, «күлкішіл, кердең» мінезге қаны қайнап, сын тезіне салады: «Жігерлен, сілкін, Қайраттан, беркін», – деп, қандастарын насихат сөзімен оятып, қарекетке көшіргісі келеді, – Егіннің ебін, Сауданың тегін / Үйреніп, ойлап, мал ізде...».

 Дегенмен, «қазақ, бірін-бірі дос көрмейінше», алға басамын, ел боламын дегеннің бәрі бос әуре екеніне ақынның көзі жеткелі қашан. Арамза биліктің сеніскен ағайынды біріне-бірін сексеуілдей соғыстырып, дүрдараз жасап қойғанына қабырғасы қайысады: «Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың. Өтірік шағым толды ғой, Өкінер уақытың болды ғой». Өкінішке қарай, «Бір кісі мыңға, Жөн кісі сұмға, Әлі жетер заман жоқ. Қадірлі басым, Қайратты жасым / Айғаймен кетті, амал жоқ. Болмасқа болып қара тер, Қорлықпен өткен қу өмір...». Ақын тыңдаушысының өзін түсінуінен әлі де болса үмітті: «Білгенге жол бос, Болсайшы қол бос, Талаптың дәмін татуға. Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға». 

 Осыны көре тұра Хәкім қалайша күйінбесін: «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Онан да шықты жаңғырық. Естісем үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер түкті байқамас». Басқыншылар қасақана залымдықпен, жергілікті атұлтандар жағымпаздықтан барша адам баласына тән «пендешілікке» көпшік қойып, ел арасын ырың-жырың қылады: «Құтырды көпті қойып аз ғанасы, Арызшы орыс – олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы... Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп». 

Қауырсын қалам ауада сәл-пәл «қанатын жазған» соң, одан әрі шарықтайды. Ақынның «Тәңірі ұғымсыз қылып берген тыңдаушысына» өкпесі таудай: «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың...». Ақын тым құрыса жергілікті билікке, яки болыстық тізгініне, оның қадірін «жоймайтын» жандардың ие болғанын қалайды: «Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек, Адалдық, арамдықты кім теңгермек? Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, Иттей қор боп өзіне сөз келтірмек». Осы көңіл күйін Шортанбай жырауды түңілткен «заманақыр белгілері» бұрынғыдан бетер ширықтырады: «Әуелгі қорлар зор болды, Сондай зорлар қор болды, Әуелгі барлар жоқ болды, Сондай жоқтар тоқ болды, Жөн білмеген жамандар, Ел билеген бек болды... Алды кәпір алқымдап. Елді еркіне қоймады».

«...Айта жүрер сөз болсын,

Дағдарған сорлы халқыма»

Халқының ағайынға жанашыр, тілектес көңілі мен кең пейілінің тез суалып, суынғанына ұлы жыраудың жаны мұздайды: «Заман ақыр боларда, Алуан-алуан жан шықты, Қайыры жоқ бай шықты. Сауып ішер сүті жоқ, Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты». Бұдан әрі «Байлар ұрлық қылады, Көзіне малы көрінбей, Билер жейді параны/ Сақтап қойған сүріндей, – деп жабығады жырау. – Бір-бірлерін күндеген, Жай-жайына жүрмеген / Мұның өзі тар заман». Кертабан кезең қалыбының жақын арада түзеле қоятын да түрі көрінбейді. Ел ішінде көбейген, «ыржаң мен қалжыңға» бауыр басып, «сырын түзеудің орнына сыртын түзеген, қу борбай сидаң жігіттер»: «Өзімнің иттігімнен болды демей, Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек».

 Айналасының қараңғылық «торына» шырмалған бейберекет әрекетінен Абайдың да ұнжырғасы түседі: «Олардың жоқ ойында малын бақпақ, Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ». Сондықтан өскелең жасқа ой салудан дәмелі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық... Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық». Ол «сөзін ұғарлық бозбаладан» үмітін оңайлықпен үзбек емес: «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», – дей келіп, «арзан, жалған» жандардан сақтандырады: «Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор». 

 Айналасына адал әрі қамқор «ығы зор» жанның бірі – әкесі Құнанбай екенін де ақын біледі. Осы перзенттік ризашылығын Абай үміт артқан бір перзенті – Әбдірахман дүниеден өткенінде өзін-өзі жұбатқан өлеңінде жайып салады: «Арғы атасы қажы еді / Бейіштен татқан шәрбәтті. Жарықтықтың өнері / Айтуға тілді тербетті. Адалдық, ақыл жасынан / Қозғапты, тыныштық бермепті, Мал түгіл жанға мырза еді, Әр қиынға сермепті. Мұңды, шерлі, жоқ-жітік / Аңсап алдын кернепті. Бәрінің көңілін тындырып, Біреуін ала көрмепті». Ендеше, біз де «тентектің тәубесін еске түсіріп тыйған», сондай-ақ «дүниеге көңіл бөлмей, артына өлмейтұғын атақ қалдырған, әділ, мырза, ер сыпатты» қазақтың жүзін көрмекке қамалғандардың сапына қосылғанша асығамыз. 

 Меккеге қажылыққа баруды ойлаған әкесінің осы сапарға жедел жиналуына да Шортанбайдың ел жақсысын және соның бірі Құнанбайды да атап-атап имандылыққа шақырған «дұғай сәлемінің» әсері болғанын да сезеді: «Сөзін айтайын үлкендер: Құдайдан қапы кетпеңдер. Әлің келсе, Мекке бар; Артық дәулет біткендер! Старшын, болыс болам деп, Ысырап қылып малды төкпеңдер!..». Осы орайда жырау өз басының да өкінішін бүгіп қалмайды: «Жұрт тамаша болушы ед / Жалғыз ауыз сөзіме, Дүние ыстық көрінді / Құрғыр менің көзіме. Жалғанға тіпті тоймадым, Өлмейін деп ойладым, Дүниенің боғы осы деп, Өлгенімше шайнадым... Қасықтап жиған көп малым / Қалды менің артымда... Опасы жоқ сұм дүние / Оттан ыстық болар ма, Қалды ма көрдің астында?!».  

Еркіндік пен бостандыққа жету жолындағы күресте дін-исламға арқа сүйеген дауылпаз ақын ел басындағы уайым-қайғының түп себебі бодандық құлдықта екенін айтудан жалықпайды. Мұны, тіпті дүниеден баз кешер уақытында да жас ұрпақтың жетесіне жеткізе айтып кетуді көздейді: «Келсе балам басыма, Хатым қалсын артымда. Бәйіт айтып, баян қып, Жанастырдым әр неге. Мәселе кітап шығардым, Кейінгі қалған пендеге... Жеті ғалам астында, Дауысым кетті алысқа. Өзімнен өрнек жайылды, Жақынға, туған, қалысқа... Айта жүрер сөз болсын, Дағдарған сорлы халқыма». Ол жыр-толғауларында адамның өсіп, ер жетуінің, оның өмірінің және айналасымен қарым-қатынасының барлық жағын қамтиды. Соның бір парасы – туыстық пен сыйластықтың қадіріне жетіп, ағайынның тату-тәтті, дәулеті мен сәулеті жарасқан дәурен құруына не кедергі?..

Хәкім өзін ойландырған сауалдарға тынбай жауап іздейді: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?.. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді». Өз ойын қара сөзбен жаза келіп, өлең сөзбен түйіндейді: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа.... Мал жияды мақтанын білдірмекке, Көзге шұқып малменен күйдірмекке». Ақынның айтпақ ойлары Шортанбай өсиетімен астасады: «Қызықпаңыз бес күнге, Бұл дүние қалмас әркімге...» немесе «Малдың көзін сүйгендер / Мінбей, кимей өтеді».  

Шортанбайды одан әрі тыңдасақ, «Өліге де мал керек, Тіріге де мал керек», алайда «Алтын-күміс абзалың / Өлгеннен соң не керек?..». Сондықтан «Медресе, мешіт салдырып, Мүфтиге берсең балаңды, Азан, тәкбір айттырып, Мешітке қойсаң молдаңды, Сираттың желі соққанда, Ораза-намаз панаң-ды» деген ұлағат қалдырады. Хәкім отаршыл үкіметтің халықты діннен, салт-дәстүрден айырып, шоқындыру науқанына қарсы жыраудың Құран мен иманды неге арқа тұтқанын түсінеді. Шортанбай халықты ұйыстырған Ислам дінін ардақ тұтып, өз өсиетін де қасиетті Құран сөзіне сүйене отырып әдіптейді. Ендеше, кешірілмес күнәсін «көрге» ала кеткен «қып-қызыл» кеңестік кезеңде Шортанбай мұрасын тануға дүмше құдайсыздықтың кесірі тигеніне таңдануға болмас. 

Жыраудың жаны түршігетін «әзәзіл қызыл ту» қандықол диктатураның қанды қылышын жалаңдатқаны даусыз. Өз дәуірінің «ыстығына күйіп, суығына тонған» жалаугер ақынды «ескішіл, феодалдық қоғамның жаршысы» деген айыптаулардың негізгі себебі де орыс шовинизмінің салдары болатын. Алайда, Шортанбай мұрасы сынала отырып та ақталып, зерттеушілердің «...заман шындығын шеберлікпен өлеңге сыйғызған... оны халық санасынан сырып тастауға ешкімнің құдіреті жеткен жоқ... бұрынғы фольклор дәстүрінен алға кеткен елеулі ақын... жыр дәстүрінен де Шортанбай озат тұр... ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасында жатқан көпірі» ретінде әділ саралауға көшкені де шындық. 

Ұлы жырау қай мәселені жырға қосса да қалыпты өмір салтының бұзылуының басты себебін орыс басқыншылығынан көреді: «Ит кәпірге жақындап, Билік кетті басыңнан... Ендігі байға мал бітсе, Ит кәпірдің олжасы...» немесе «Арқадан дәурен кеткен соң, Қуғындап орыс жеткен соң / Тіпті амал жоқ, қазақтар, Енді сенің торыңа. Орыс – бүркіт, біз –түлкі, Аламын деп талпынды, Орыстан қорлық көрген соң, Отырып билер алқынды...». Әуелі Бұқар, кейін Дулат пен Шортанбай жыраулар бастаған ақындарға ортақ қайғы-мұңды Абай жазбай таниды. Көріктей кеудесі бір жазылып, бір басылып, деміккендей хәл кешеді. Білімді әрі елжанды ұрпақтың өсіп, ер жетіп, ілім мен ғылымның өркен жайғанын көруге асыққан арманы өлең өрісін соны ойлармен серпілтеді. 

 Халқының басына түскен тауқыметтен жыраудың қабағы қабарып, жұртының жоғын жоқтаудан танбайды: «Қамсыз жүріп қамалған, Жасын иіп тәңірім, Өзің оңда халқымды, Құрық түсті мойынға, Тарылып тыныс алқынды. Зармен бітті өмірім, Жарылқа енді артымды». Ол отаршыл үкіметтің қыспағы аздай, ел ішін жайлаған арызқойлық «дертіне» қамығады: «Жүгірісер қалаға, Қаныққан соң жалаға, Алып бір шығар далаға. Дұшпаның кім деп сұралса, Алып бір келер ауылына – Өзінің туған бауырына». Өзара аңдысқан тірліктен «Аяқты қия басу жоқ, Орыстың салған жолы бар, Емін-еркін заман жоқ, Ендігі жүрер жігіттің / Маңдайында соры бар. Екі кісі ұрысса, Қалам алар қолына, Зәкүннің түсер жолына. Өте қусаң оралдың / Орыстың жайған торына». 

Қараңғы жанның қызғанышының көк иті етектен алуға, ерегеске дайын тұрады: «Атқа мінген адамын / Жұрты қолға алады, Сотқа таман шабады, Келедей істі көлдей ғып, Өтірік айтып жаласын / Мойнына әкеп жабады». Аға ақынның сөзін Абайдың қаламы іліп ала жөнеледі: «Бір сөз үшін жау болып, Бір күн үшін дос болып, Жүз құбылған салт шықты». Осылай өлеңмен өрген әуелгі ойын бұдан әрі «Елдегі жақсы адамдардың үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді, – деп, қара сөзбен күрмей түседі. – Оған дознание – тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған...».  

Ондайларға Хәкімнің де «сыбағасы» сайлы: «Пысық кім деп сұрасаң – Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай... Ақылы бар кісіні / Ғайбаттайды, даттайды. Ауқаты бар туғанды / Қайырсыз ит деп даттайды...». Ал, «сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» міскіндердің «еңбек жоқ, харекет жоқ, тамақ іздеп тентіреуден» басқаға бас ауыртып, әуреге түспейтініне Абайдың өзі де куә: «Мінер атын, киімін ып-ықшам қып, Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып, Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан / Антұрғанға қосылмай кетсін қаңғып». Көзінің алдындағыдан өзгені көрмейтін, яки ақылын асқазаны билеген надан ортаны жыраудың жалғанның жарығына шығарғанына Абай шын жүректен разы: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімен». 

Шортанбайдың өкінішке толы өлеңінен Бұқар «тұсауын» кесіп, кейінгі қазақ ақындарының жүз жылға созылған зар мен мұңға толы жырлары қайта жаңғырады: «Кетейін десең жерің тар, Кетпейін десең кәпір бар...». Орыс патшасына бодан болғалы бері заман ағысы бұзылмаса, түзелмегенін көре тұрып күйінеді. Әуелі Хан билігі далада қалып, кейін сұлтандар да басқару тізгінінен айырылды. Қазаққа болыстан жоғары қызмет берілмейтін болды. Орыстың «сексеуіл» саясаты бойынша қандастарды бір-біріне айдап салып, өзара шағыстырудың «болыс сайлауы» секілді қитұрқы амалдары жүзеге асты. Жалақорлықтың салдарынан ұлт қасиетінің «құрт түскендей» ірігенін көріп отыр. Жыраудың отаршылдарға деген қарсылығын өзі өле-өлгенше айтып өткеніне тәнті болатыны да содан.    

 Шортанбайдың келер заман сипаты мен халқын алдан күткен тауқымет туралы сөзінен Абай бір уақ шөгіп бара жатады. Абыз ақын «отызыншы, отыз бірінші жылдары, Елдің ері еренде. Жалғыз-ақ қара қалады, Ұялмастан бұл кәпір / Оған да салық салады...». Ақ патшаның солақай саясатына қарсы көтеріліп, барша адам баласына теңдік әперемін деп ұрандатқан қызыл билік өзі түбіне жеткен үстем тап үкіметінің отаршылдық мақсатынан бас тартпақ емес-ті. Қазан төңкерісіне дейін-ақ шығармалары бірнеше мәрте басылған Шортанбайға «кертартпа ақын» деген жала жабылды. Шындығында, ақын-жырауларды «байшыл, ескіні көксейді» деп қудалаудың астарында, тағы да қайталаймыз, шовинистік сайқал саясат пен арамза астамшылық жатқан болатын. 

Болат Жүнісбеков
08.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 772
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 618
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 663
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 596
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 621

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5595
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5039
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8207
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7233