Ұлы Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» дегені нағыз даналық. Абай жарықтық қырқыншы қара сөзінде: «Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар. Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп сұрақ қояды.
Осы сұрақты мен де сіздерге қойғым келіп отыр. Неге олай?
Менің жауабым мынау: адам баласы көз алдында жүрген пенденің қадіріне жетпейді. Жетпегесін кемсітуге, тілдеуге, сөзбен «жерлеуге» құштар. Адам баласы жақсылықты тез ұмытады, жамандықты қазбалай береді. Сөйтіп жүріп ақырында бір кемшілігін көріп қалады. Себебі адам баласы – әлсіз жаратылыс. Күнәға тым бейім. Қателесуге әуес. Солай жаратылған. Нәпсі деген тойымсыз үнемі «Мен, Мен» деп кеудені ұрғыза береді. Иманымыз әлсіз болғандықтан, көбіміз нәпсінің құлына айналып кете береміз.
«Қадірі болмас адамның,
Ортаңда тірі жүргенде.
Орны қалар ойсырап,
Бір күн жерге кіргенде!» – деген екен Жәнібек Кәрмен марқұм. Бұл – талассыз шындық. Оны күнде көріп жүрміз.
Айтайын дегенім, жалпы адам баласының бәрі жақсы. Бірақ оны біз бағаламаймыз. Көрмейміз. Көзіміз перделенген. Тағы бір себеп – тірі жүргендігі. Тірі жүрсе, көп былыққа батады. Ертең сені ренжітіп, болмаса сын айтып өкпелетіп кетуі бек мүмкін. Атақ-абыройымен алдыңа түсіп кетуі де кәдік. Оны бойдағы нәпсі өлсе кешірмейді. Нәпсі-итті ауыздықтайтын иманымыз тағы әлсіз.
Өлген адамды неге жақсы адам еді дейміз шуылдап? Өйткені ол қайтқан. Мәңгілік мекеніне. Қайтып келмейді. Осыны сезінген сәтте қатып қалған жүректердің құлпы ашылады. Нәпсі-ит тұра қашады қыңсылап... Ол енді жоқ. Кеше болған. Бүгін жоқ. Көзден ғайып. Көңілден өшкен. Ешкімге кедіргі келтірмейді. Қызғанышыңды тудырмайды.
Осы кезде қимастық сезім оянады. Оған керегі сол ғой! Көзден сорғалап жас ағады. Тіл ұшына тек марқұмның жақсылығы, игі ісі ғана оралады. Жамандығы, қияңқылығы, пенделігі көзден бұл-бұл ұшады. Бәріміз тек оны жақсы қырынан ғана көреміз. «Жақсы адам еді, жақсы адам еді...» деп улап-шулап шығарып салатынымыз сондықтан.
Сөз түйіні: адамды жақсы қырынан көруге талпынған дұрыс. Өлмей тұрып... Сонда ғана жаман қылығын жақсы ойлар бүркеп отырады... Өкініш те аз, жүзіміз де жарқын болады ұрпақ алдында...