Өткен аптаның соңында астаналық балалар екі күн бойы «Қазақстан» ОКЗ-да «АЛДАР КӨСЕ» мюзиклын тамашалап қайтты. Негізінде «АЛДАР КӨСЕ» мюзиклының премьерасын 2022 жылдың желтоқсан айында «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры ұсынған болатын. Кезекті қойылым ұлу жылының жылашар қойылымы ретінде есте қалатын түрі бар. Алдар Көсе – өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен халықтарының ауыз әдебиетінде кездесетін ортақ тұлға. Ол Қожанасыр секілді түркі халықтарының кейіпкері. Ал Алдар туралы аңыздар қазақы қалпымен бізде басқаша қырынан көрініс табады. Өмір бойы байдың малын бағып, кім-көрінгенге есесі кетіп жүретін момын шаруа Алдардың жалғыз ұлы есейе келе бүкіл елдің сүйіктісіне айналады. Ол қарапайым халыққа тісі батқан хандарды сан соқтырып алдап кетеді. Алдарды қаһары қатты хан алдына шақырып, сөзден сүріндіріп, жеңіліс табатын болса басын аламыз деп дайындалып отырған уәзірлердің өзін жерге қаратып кететін шешендігі өз алдына бір төбе. Ел ішінде сараңдығымен аты әйгілі болған Шықбермес Шығайбайды бірнеше рет тығырыққа тіреп, асын ішіп, атын мініп, Біз бикеш атты қызын алады. Қу саудагерлерді «өгіздерің қаталағандықтан батпаққа батып кетті» деп тақырға отырғызып кетеді. Ол тіпті сайтанды да алдап, оны біраз уақыт ат қылып мініп жүріпті... «Бөксесі әкесіне, кеудесі шешесіне тартқан» Алдар Көсе осындай болмысымен қазақ ертегілерінің арасында дараланып, жылдар өтсе де ескірмей жалғасып келеді. Өнертанушылардың дерегіне сенсек, «Шахмет Хұсайынов «Алдаркөсе» пьесасын (1942) және «Алдаркөсе» фильмінің (1964, режиссері Шәкен Айманов) сценарийін жазды» дейді. Ал бертінде түсірілген «Алдар Көсе» сериялы да сәтті шыққан туынды ретінде көрермендердің ықыласына бөленгенін айта кеткен жөн. Мюзикл жанрында дайындалған кезекті қойылым мүлде жаңарған екен. Жалпы сюжетте қазақ халқының жарқын, қызықты және тағылымды көрінісі баяндалады. Сондай-ақ, мюзикл халық батырының мәңгілік бейнесін жасауға, мықты тұлға ретінде қалыптастыруға, адамгершілік-рухани құндылықтарды, даналық пен тапқырлықты дәріптеуге бағытталған. Басты кейіпкер кедейлерді зұлымдық пен сараң байлардан қорғап жүреді. Әрі шапшаң, әрі жүйрік Алдар көсе үнемі қиын жағдайлардан шығып кетуге тырысады. Қойылымда хан қызы Айсұлудан дәмелі жігіттерге бәйге жариялайды. Айрас батыр, Қызыл бет батыр, Мақсатбай батыр, Жыртқышбай секілді батырлар бақтарын сынайды. Ханның уәзірі, Мыстан кемпір және оның ұлдары, Айдаһар, Дәу, Тағай ағай тәрізді кейіпкерлер, алуан түрлі образға еніп, ертегі әлеміне көрермендерді бірден баурап әкетті. Барлық кедергіні айналып өтіп, қиындықтардан жол таба білетін ақылды да шапшаң Алдар Көсе бас кейіпкер ретінде баршасынан дараланып тұр. Осында айрықша айта кетерлігі бұл қойылымның мүлде жаңартылғаны еді. Кейіпкерлердің қазақы қалыптағы ұлттық киім-кешектері мен әлемдік деңгейде танылған ертегі кейіпкерлерінің пошымы ғаламат үйлесім тауыпты. Қойылымның авторлары (Ефрат Шарипов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин, Әннәс Бағдат) сценарийді мүлде жаңартқан. Балаларға барынша түсінікті әзілдері де қазіргі тілде берілген екен. Мәселен алып күштің иесі, нәзіктік дегенді білмейтін Дәудің арманы «Димаш секілді әнші болу» екен. Айдаһар болса «наубайхана ашқым келеді, от өзімнен, газдың керегі жоқ» деп тұр. Балалар да, оларға серік болып барған ересектердің де езулері жиылмай кеткен қойылым осылайша мәңгілік кейіпкер Алдарды жаңаша түске енгізіп, көрген жанның есінен кетпестей әсерге бөледі. Мюзиклдың қоюшы-режиссері – «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин: «Біздің мақсатымыз – жаңа музыка, жаңа драматургия, жаңа қойылымдар көрсету. Өйткені осы заманға сай дүниелер жасалуы керек. Сондықтан Алдар Көсені жаңғырту – біздің бір жетістігіміз», – дейді. Бас кейіпкерді сомдаған Медет Рақымбергенов: «Менің Алдарым қазіргі заманауи жастарға, жасөспірімдерге сай болғысы келеді. Себебі қазір бұрынғыдай қулыққа, айла-тәсілге салуға болмайды. Қазір білімнің, ақылдың заман