Әлеуметтік медицина кәсіпкері қолдауға мұқтаж

Әлеуметтік   медицина   кәсіпкері   қолдауға мұқтаж

Қазір елімізде Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 73,3 жасқа дейін арттыру, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан және қант диабетінен мезгілсіз өлім-жітім қаупінің деңгейін төмендету, ана  мен нәресте өлімін азайту секілді төрт мақсатты индикаторға қол жеткізуге бағытталған. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін  8 міндет пен 20 көрсеткішті қамти отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі мен  мәртебесін арттыру, пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің сапасын арттыру көзделген. 

«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітім қаупінің деңгейін төмендету – негізгі мақсатты индикатордың бірі ретінде бекітілген. Жалпы жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне саналады. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Дүниежүзі бойынша өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 млн адам қайтыс болса, ал Қазақстанда 80 мың адам осы аурудан көз жұмады екен. Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себеп – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп кеткен. Негізінен атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі инфаркт пен инсультке соқтырмай қоймайтыны дәлелденген. Сондықтан көптеген елдерде денсаулық саласын дамытуда алдымен әлеуметтік медицинаға мән беру мәселесі жиі көтеріліп келеді.

Елімізде дәл осы бағытта халыққа жанашыр болып, мұқтаж жандарға қол ұшын беруге дайын азаматтар саны саусақпен санарлық. Солардың бірі әлеуметтік кәсіпкерлікті жандандырып қана қоймай, ерікті, саналы түрде ауқымды қайырымды істер жасап жүрген тұлғалардың бірі – көп балалы ана, медицина ғылымдарының докторы, әлеуметтік сала кәсіпкері Роза Қарабекова. Роза Қарабекова Ағабек Қарабеков атындағы қоғамдық қордың құрушысы. Ал Ағабек Қарабеков деген кім? Ағабек Қарабеков – елге танымал педиатр-ортопед, хирург, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лаураеты. Кезінде кемтар-мүгедек балалар мен жасөспірімдердің мұқтаждығын жеңілдету жолдарын зерттеген ғалым. Қызы Роза Қарабекова да әке жолымен медицина ғылымына келген. Қазір бала хирургы, Астана медицина университетінің доценті.

Қайырымды істерді жүйелі түрде қолға алған кәсіпкердің екі әлеуметтік медициналық орталығы, тігін шеберханасы мен саз балшық шеберханасы бар. Ерекшелігі сол – мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, ерікті студенттер жұмыс істейді. Дамуында кінәраты бар балалардың ата-аналары да осында жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ал медициналық орталық мүмкіндігі шектеулі және дамуында кемістігі бар балаларға қолдау көрсетумен, ем жасау, сауықтыру шараларын қолданумен айналысады.

Жақында аталмыш қордың жетекшісі Роза Қарабекова Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимовтың қабылдауында болды. Ол қан тамырлары патологиясы бар науқастарға көмек көрсететін Қазақстанда арнайы лазерлік жабдықтары бар жалғыз әлеуметтік медициналық орталық қажетті стандарттарға сәйкес келетін бөлмеге мұқтаж екенін айтады. Роза Қарабекова: – Қордың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсарту. Қор әлеуметтік медициналық орталық жобасы негізінде құрылған. Қазақстанда арнайы лазерлік жабдықтары бар жалғыз орталық. Арнайы лазерлік жабдықтардың көмегімен емдеу оң нәтиже береді. Бірақ орталықта қажетті стандарттарға сәйкес келетін бөлме жоқ, – дейді.

Осы орайда қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов: – Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, Денсаулық сақтау министрлігіне гемангиома ауруымен ауыратын балаларды емдеуге мемлекеттік тапсырыс беру туралы хат дайындаймыз. Алайда, бұған дейін қалада қанша бала емделуге мұқтаж екенін талдау қажет. Үй-жай іздеуге де көмек көрсететін боламыз, – деді. 

Атап айтар болсақ, Ағабек Қарабеков атындағы қор құрамындағы әлеуметтік медициналық орталық кемтар балаларға тегін ем жасап, ата-аналарына тегін медициналық кеңес береді. Әсіресе, қан тамыры паталогиясы бар балаларға ем-шара аса қажет. Оларға шетелдік мамандармен консультациялар ұйымдастырады. Соның арқасында былтыр 600-ден астам балаға тегін кеңес берілген екен. Ата-аналар қаржысын үнемдеп, баланың ем-домы мен сауықтыруға жұмсауда. – Бұл жерде біздің міндетіміз, уақытты жоғалтпай дер кезінде ауру мен дерттің себебін анықтау. Әрі сонымен күресу. Мұндай балалардың кемістігін ерте анықтау өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз, – дейді қордың иесі Роза Қарабекова.

Қордың мамандары денсаулығында кінәраты бар балалармен жұмыс істейтін клиника мен аурухананың медиктерін оқытумен, менторлық жасаумен де шұғылданады. Бұған да шетелдік мамандарды тартады. – Әлеуметтік кәсіпкерлік елімізде енді ғана пайда болған бағыт. Енді ғана дамып келеді. Бірақ, біз, жасап жатқан іс әлі талай кәсіпкерге үлгі болары сөзсіз. Себебі әлеуметтік кәсіпкерлік адамның өзіне мейірім мен рақат сыйлайды. Қуаныш пен бақыт әкеледі. Қоғамды жақсылық алға сүйрейді. Еңбек бәрін жеңеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікте үлкен қаржы жоқ. Бірақ бақыт бар, – дейді Роза Ағабекқызы.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
14.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 148
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 145
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 658
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 778
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 691
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 701

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8841
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8238
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11465
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9222
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10449