«Алтын Емел - құландар мекені» фестивалі Алтын Емел ұлттық паркінде спорт, табиғат, тарих пен мәдениетті тоғыстырды

«Алтын Емел - құландар мекені» фестивалі Алтын Емел ұлттық паркінде спорт, табиғат, тарих пен мәдениетті тоғыстырды

17 қазанда Altynemel визит-орталығында (Жетісу облысындағы «Алтын Емел» ұлттық паркі) дәстүрлі күзгі фестиваль жаңа форматта өтті. «Алтын Емел - құландар мекені» фестивалі таудағы трейл, этникалық музыка жұлдыздарының өнер көрсетуі, жабайы табиғатты, соның ішінде құландарды табиғи мекендеу ортасында бақылау, сондай-ақ тарихпен танысу мүмкіндіктерін біріктірді. Қонақтар петроглифтерге экскурсияларға шығып, дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Іс-шараның басты мақсаты - табиғат, тарих пен мәдениеттің ажырамас байланысын көрсету. Осы үш құндылықтың өзара үйлесімі бірегей дала өркениетінің қалыптасуына негіз болып, қазіргі Қазақстанның дамуына ықпал етті.

Фестивальді жаңа форматта өткізу идеясын «Qazaq National Parks» компаниясы (визит-орталықтарды салумен және олардың жұмысын үйлестірумен айналысатын) мен «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қоры ұсынды. Іс-шараны «АЛТЫН ЕМЕЛ» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Жетісу облысының әкімдігі, Central Asian Sustainable Tourism Development Foundation және DDA креативті агенттігі ұйымдастырды.

Фестивальге Алматы, Талдықорған және еліміздің басқа қалаларынан келген тарих пен табиғат әуесқойлары, сондай-ақ шетелдік қонақтар, оның ішінде шетелдік журналистер қатысты. Іс-шараға барлығы 1000-ге жуық адам келді.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев: «Жетісудың бай тарихи мұрасы мен табиғатының сан алуандығы өңірдің туризмді дамытуға зор мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Жыл сайын туристер ағынының едәуір өскенін байқап отырмыз. Сонымен қатар облысымыздың қонақтары мен тұрғындарына қызықты жаңа туристік бағыттарды ашып келеміз. «Алтын Емел - құландар мекені» фестивалінің сәтті өтуі туризмнің өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айнала алатынын және айналуы керектігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастырамыз», - деп атап өтті.

Фестивальдің ресми ашылуына дейін Qulan Run жүгіру жарысы өтті. Оған қатысқан 60-тан астам спортшы Шолақ тауларының көркем соқпақтарымен 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға жүгірді. Бағыт бойында қатысушылар әсем шатқалдарды, көне қорғандар мен қола дәуіріне жататын петроглифтерді тамашалады. Сондай-ақ олар ежелгі жартас суреттерінің негізінде жасалған заманауи арт-нысанмен танысты. Оның авторы - алматылық танымал суретші Санжар Жұбанов. Ұйымдастырушылар жүгіру жарысын жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Болашақта спорт әуесқойларына арналған жаңа бағыттар да ашылуы мүмкін. Олар ұлттық парктің бірегей табиғатын сақтауға басымдық бере отырып, табиғи ландшафттарға зиян келтірмейтіндей етіп әзірленеді.

«Qazaq National Parks» бас директоры Александр Гужавин: «Жетісудың туристік мүмкіндіктері қысқа экскурсиялармен ғана шектелмейді. Спорттық және танымдық туризмді дамытуға, жабайы табиғатты бақылауға, қызықты іс-шаралар ұйымдастыруға мол мүмкіндік бар. Бұл бағыттардың барлығы өңірдің туристік саласын дамытуға ықпал ете алады. Мұнда туристік инфрақұрылымды дамыту аса маңызды. Алайда бұл тек инженерлік желілер мен ғимараттар салумен шектелмейді. Өлкенің қайталанбас табиғатын, тарихын, аңыздары мен мифтерін танытып, насихаттау да маңызды. «Құландар мекені» фестивалін жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта тұрақты туризмді дамыту тұжырымдамасына сай келетін жаңа форматтар да пайда болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті.

Фестивальді танымал тележүргізуші, продюсер және блогер Әнел Әлиасқар жүргізді.

Фестивальдің негізгі бағдарламасы түскі уақытта басталды. Жылдың осы мезгілінде «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің символына айналған құландар визит-орталық маңында жиі жайылады. Бұл жолы да қонақтарға фестиваль алаңына жақын жерде құландар үйірін табиғи мекендеу ортасында бақылау бақыты бұйырды.

«Алтын Емел» ұлттық паркінің бас директоры Куат Нурахимович Байтурбаев: «Алтын Емел - құландар мекені» фестивалі табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттарын сақтай отырып, туризмді дамытуға болатынын көрсетті. Басты міндет - табиғаттың бірегей әлемін, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, туған өлкеміздің қайталанбас ландшафттарын сақтай отырып, оларды адамдарға таныту. Осындай іс-шаралар табиғатқа саналы көзқарас қалыптастыруға, оған деген қызығушылықты арттыруға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үлкен үлес қосады», - деп атап өтті.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын петроглифтерге ұйымдастырылған экскурсиялар тудырды. Шолақ тауларынан қола дәуірінен (б.з.д. II мыңжылдық) бастап жаңа заманға дейінгі кезеңдерді қамтитын жартас суреттерінің бірнеше бірегей шоғыры табылған. Фестиваль қонақтары сақ дәуіріне тән бұғылардың көркем бейнелері, аңшылық көріністері мен көне арбалардың символдары сақталған орындардың біріне барды. Жартас суреттерінің тарихы мен маңызын оларға «Петроглиф ізшілері» қоғамының директоры, белгілі зерттеуші Ольга Гумирова және өлкетанушы, археологиялық фотограф Сергей Алексеенок таныстырды.

Ольга Гумирова атап өткендей: «Қазақстанды бекерден-бекер «петроглифтер елі» деп атамайды. Еліміздің аумағында саны, тарихи құндылығы және көркемдік шеберлік деңгейі жағынан әлемде теңдесі жоқ жартас суреттері мұрасы сақталған. Жалпы Жетісу, ал оның ішінде Алтын Емел - осындай қазынаға бай өлкенің бірі. Оны сақтау, зерттеу және әлемге таныту - ғылыми қауымдастықтың, мемлекеттің және қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттер».

Мәдени бағдарлама аясында фестиваль сахнасында сахналық жекпе-жек шеберлері өнер көрсетті. «Айбалта шоуы» кезінде көрермендер дәстүрлі қазақтың жауынгерлік айбалта қаруын қолдану шеберлігін тамашалады. «Топжарған» шығармашылық ұжымы күрделі күштік акробатика, сахналық жекпе-жек және хореографияны үйлестірген «Бес Қару» акробатикалық шоуын ұсынды. Өнерпаздар ұлттық нақыштағы киімдермен өнер көрсетті.

Аты аңызға айналған «Arkaiym» этно-фолк тобы дәстүрлі халық музыкасын заманауи өңдеуде орындады. Музыка шебері Ләйлә Тәжібаева қонақтарды қобызда ойнаудың қайталанбас өнерімен таныстырды. Ал «Алтын Емел - құландар мекені» фестиваліне арнайы шақырылған Якутияның варган аспабында ойнау шеберлері көрермендерге ерекше музыкалық бағдарлама ұсынды.

Ересектер мен балаларға арналған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Тарихшы әрі филолог Ерлан Еспенбетов қонақтарға көне түркі руникалық жазуларымен таныстырды. Алматыға танымал суретші Дәурен Тасбулатов петроглифтерді салуды үйретсе, блогер әрі қолөнер шебері Саида Ахангари киізден петроглифтер бейнеленген әшекей бұйымдар жасаудың жолдарын көрсетті. Фестиваль қонақтары қайта өңделетін материалдардан бұйымдар жасап, дәстүрлі таба нан пісірді. Ғылыми волонтер әрі әскери медицина маманы Рафаэль Хисматуллин экспедициялар кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау дағдылары туралы айтып берді. Биолог Елена Ударцева «Затқа екінші өмір сыйла» атты экологиялық шеберлік сабағын өткізді.

Дәстүр бойынша фестиваль аясында қолөнершілердің дәстүрлі кәсіп бұйымдары мен кәдесыйлары ұсынылған «Қолөнер жәрмеңкесі» де өтті.

«Алтын Емел - құландар мекені» фестивалі адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасында табиғатты қорғау қағидаттарын ұстану еліміздің туристік әлеуетін толық ашуға берік негіз бола алатынын көрсетті. Сонымен қатар фестиваль ұлттық экономика ауқымында оқиғалы туризмді дамытуға негіз бола алатын сәтті тәжірибе үлгісін ұсынды.

18.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28685
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28201
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45511
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41163
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45829