Алып күш, асқақ рух иесі

Алып күш, асқақ рух иесі

Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына – 155 жыл

 

Тамыз айының 8 жұлдызында Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны, бірнеше мәрте әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толуына орай «Дала алыбы – ел мақтанышы» атты мерекелік жиын өтті.

Мерекелік жиынды Қажымұқан ауылының аға биі Таңат Омаровтың бастамасына сай, осы ауыл әкімшілігімен «Целиноград аудандық билер алқасы» бірлесе ұйымдастырды. Жиынға облыс, ауданнан арнайы шақырылған қонақтар, атақты балуанның ұрпақ-жұрағаттары, ауыл халқы, баспасөз өкілдері қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға аудан билері бір кісідей атсалысты.

Жүргізуші: 

– Қазақ халқының атын асқақтатып, теңдессіз өнерімен жер шарына тәнті болып,  чемпион атанып,  48 медаль олжалаған. Ол – тек спортшы ғана емес, ел рухын көтерген, ұлтын әлемге танытқан ұлы тұлға! – деп,  шараның ашылуын жариялаған соң,  Қазақстан Республикасының Гимні шырқалды. 

Әнұраннан соң  даңқты палуанның рухына ауыл иманы Әбдіхалық Дәулетбай құран бағыштап, дұға тілектер жасалып, мерекенің негізгі шараларына ойысты. Жүргізуші бүгінгі бәсекелерге қатысу үшін  Қажымұқан атасының ізбасарлары елге танымал спортшылар – тас палуан   А. Сүлеймен, темір адам Т. Спатай, қол күрестен үш дүркін әлем чемпионы Б.Спатаев, көшпенділер ойынының жеңімпазы А.Мақұлбеков, балуантасшы  М.Нұрғазиндер      қатысып отырғанын құрметпен атады. 

Алғашқы сөзді  негізгі баяндама, көпшілікке   құттықтау жолдау  үшін   «Ақмола билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстың бас биі Жамшин Даханға берді. Баяндамашы құттықтау сөзінен соң, даңқты балуанның өмір жолдары, жетістіктері, оның еліне, ұлтына деген, патриоттық сезімдері жайлы кеңінен әңгімеледі. Баяндамаға қысқаша тоқталсақ. Қажымұқан Мұңайтпасов кім? Ол несімен ардақты? Қажекеңнің өз сөзімен айтсақ,  төрт рет дүние жүзінің және Еуропаның чемпионы атанып, 59 шет мемлекетте сайыстарға қатысып,  48 алтын, күміс, қола медаль ұтқан алып күш, асқақ рух иесі.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы осы біз той тойлап жатқан  Қажымұқан ауылында дүниеге келіпті. Әкесі – Мұңайтпас, оның әкесі – Ернақы батыр.  Қарақыпшақ Қобыландының 11-ұрпағы.   Қажекең – алтыбас қыпшақ. Қажымұқанның жаратылысы   бөлек болғаны сондай – күрескенде балаларға  қырғидай тиіп,  «бала палуан» атанады.

Ол халыққа күш иесі ретінде алғаш  О.Масляков деген орыс саудагеріне  жалданып жүрген кезде,  боранды күні даладан шөп алып келе жатқанда шанасы қарға түсіп,  аттар  тарта алмай тұрып қалады. Қажымұқан аттарға  көмектеспек болып, шананың артынан  итергенде, болдырған ат астында қалып, өледі. Басқа амалы қалмаған ол атының денесін шөптің үстіне тастап, өзі ат орнына жегіліп, шананы қалаға сүйреп әкеледі. Мұқанның  өзіне дұрыс болғанымен, басқаға оғаш та болса таңғажайып  тірлігі ел арасында аңыз болып тарайды. Осы кездейсоқ қылығы Мұқанның атын шығарады. Онысы жалғасып Мұңайтпасовтың палуандық жолы басталады. Ол 1901 жылдан Омбы қаласында жаңадан ашылған циркте орыстың тұңғыш кәсіби палуандарының бірі И.Злобинмен белдеседі. Мұқан И.Злобиннің кеңесімен әйгілі бапкер И.Лебедевтің күрес мектебіне 1903 жылы түсіп, күрес тәсілдерін игереді. Германияның Кельн қаласында 1908 жылы өткен жарыста Мұқан алғаш рет немістің атақты палуаны Генрих Веберді  жеңіп, бірінші рет әлем чемпионы   1909 жылы Рига қаласында дүние жүзінің атақты палуандары қатысқан үлкен жарыста бас бәйгені жеңіп алады. Ал, 1910 жылы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен өткен жарыста үлкен медальді иеленеді.  1911 жылы Түркияға барып, Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жыққаны үшін «қажы» атағы беріліп, содан бастап Қажымұқан атанады. 

Ал 1916 жылы 31 тамызы күні Харбин қаласында Джиу-джица күресінен дүние жүзінің біріншілігі өтеді, міне, осы жарыстың финалында Сар Кики мен Қажымұқан кездесіп, жерлесіміз жеңіске жетеді. Бұл күрес өлсе құн сұрамайтын, қатігез күрес түрі еді. Соған қарамастан Мұқан күреске түсіп, жыртқыштық жасап, Мұқанның құлағын жұлып, ернін жаралаған Сар Кикидің иегінен бас сап ұстап, бас терісін сыпырп алады. Сар Кики алаңда жан тәсілім етеді. Бұл Мұқанның асқан қара күш иесі емес, бабасы қарақыпшақ Қобыландыдан жалғасқан теңдессіз батыр, жүректілігі деп, таныған жөн.

Қажымұқан  барлық жарысқа Ресейдің атынан түсті және әріптестерінің бәрі орыстар болды. Ол «Черный Иван» «жапон Ягамата Муханура», «Муканов – Муханура» лақап аттарымен күрескен. 

Мұқан қазан төңкерісіне белсене қатысқандардың бірі десе болады. Азамат соғысы аяқталған соң палуан өзінің сүйікті ісіне қайта кірісіп, көшпелі цирк ұйымдастырады.

1927 жылы Орынборда өткен ірі чемпионатта зор табысқа жеткені үшін Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» атағы беріледі.  1945 жылы ол «Құрмет белгісі» орденімен наградталады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қажымұқан жасы ұлғайғанына қарамай өнер көрсетіп, жиналған қаржыға әскери ұшақ жасатып «Қазақ батыры Қажымұқан» деген атаумен майданға жіберіп оны қазақ ұшқышы Қажытай тізгіндеп, 120 рет әуе шабуылына қатысады. Қажытай Шалабаев осы самолетпен жеңіс парадына қатысады.  

Бұл әрекет Қажымұқанның тек күш иесі ғана емес, ел тағдырына алаңдайтын патриот азамат болғанын көрсетеді.

Қызылордада Қазақ драма театры ашылғанда 1926-1929 жылдары  Иса Байзақов, Әміре Қашаубаевтармен бірге өнер көрсетеді. Ауызекі деректерде  атамыз айтар сөзін өлеңдетіп жеткізетін ақындық қабілеті, домбырамен әу дейтін өнер иесі болған дейді. Қажымұқан әулиеліктен де құралақан болмаса керек.  Қысқасы, балуан нағыз сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болған десе артық емес.  

Бұл жайында жиылған көпшілікке Д.Жамшин тың деректі баяндамадан тыс қысқаша айтып өтті. Ол жайында 2015 жылы Көкшетау қаласында Рахат деген ағаның үйінен Қажымұқан атаның көйлегін көргенін әсерлеп әңгімеледі. Рахаттың әкесі Барыс Қажымұқанмен Мәскеуде оқып жүргенде танысады. Барыс елге келген соң Қажымұқанмен оңтүстікте қайта табысады. Бл 1940-1945 жылдар екен. Барыстың балалары жастайынан шетінеп болмайды. Осындай кезде 1945 жылы Рахат дүниеге келеді. Қазақ салтымен шілдехана жасауға асықпайды және шетіней ме деп қорқады. Бірде Барыс тәуекел деп баласына ат қойып, шілдехана жасап, қырқынан шығаруды  ұйғарады. Шілдехана кешінде  баланың ыстығы көтеріліп  шырқырап жылайды. Ауылдағы фельдшер орыс келіншек келіп көреді.  Орыс көңілге қараушы ма еді? Жоғары температураны көрген орыс келіншек «балаң өледі, дайындала бер» десе керек.  Осы кезде шілдеханаға шақырылған Қажымұқан да тарантасымен келеді. Жағдайды естіген Қажымұқан адымдай басып құндақтаулы балаға жетеді. Фельдшер «ойбай, жолама» деп бақырады. Қажекең: «Әй, доктор, ничего, ничего, абажий, я знаю», – деп, баланы бесіктен шештіріп, көтеріп алады. Көтеріп тұрып, «Бисмиаллаһ» деп, біршама сөйлесе керек. Діннен алыстаған  қазақтар  күш атасының  не айтқанын қайдан білсін. Көргендердің айтысы: «Аман болып, мендей балуан бол. Бұл менің балам. Аты Рахат болсын!» – дегені ғана естерінде  қалады. Баланың аузына түкіріп,  көйлегін шешіп баланы орап, анасы Ақбөпеге «қызуы басылғанша шешпе» деп ұстатады. Аңтарылған елге қарап: «Барыс тойыңды бастай бер. Балаң ештеңе етпейді, сауығады. Доктор сен,  «На здоровье» деп, бір-екі стаканды қағып жіберіп, үйіңе қайт!» – деп, балуан таудай болып, шекпенін желбегей жамылып, малдас құрып, өз жанынан шығарған өлеңін  оқиды. Шілдехана тойланады. Бала тыныш ұйықтайды. Тапжылмай той тарағанша, тіпті ертесіне дейін ұйықтайды. Содан бала сауығып, жейдеге оранып өсе береді. Осылай Рахат ағамыз  Қажымұқанның көйлегіне ие болып 70 жыл жамылады.  

Көйлек  қолмен жөрмеп бөз матадан тіккен. Машинамен тіккендей, тігісі  білінбейді. Қызықтап жай ғана өлшедік. Көйлегінің жағасының  айналасы 62 см, екі иығының арасы 96 см, етегінің  жалпы ұзындығы 230 см екен. 

Қажымұқан Барыстың үй іші, бұрынғыдан ары етене жақындасып, келіп қонып жүреді. Қажымұқан тышқаннан қорқатыны сондай, тышқан десе болды, алып дене дірілдей бастайды екен. Қонғанда қораның ортасына тышқан жоламау үшін биікке нар жасатып ұйықтайтын дейді.

 Анам «Қажы атам көрген түсімді жорып, жеті балаң болады, үшеуі қыз деген. Айтқаны айнымай келді. Анам Ақбөпе  Қажекең  әулие ғой деп, аузынан тастамайтын», – деп еді. Өкініштісі,  Рахат ағамыз өмірден өтіп кетті. Көптеген мағыналы әңгімелер айтушы еді. Айтпағаны қанша екен деп өкінесің. Тақырып соңында Д.Жамшин балуанның саяси сүргін балуанды да айналып өтпегенін атап өтті. 

1937 жылдары даңқты балуан  Омбыда тұрады. Қазақтың азаматтарын қуғындау басталып, оларға Қажымұқан ара түседі. Сол кезеңде Қажекең  басына тағы да қара бұлт үйіріліп, мемлекеттік қауіпсіздік органдары тарапынан қудалау науқаны басталады. Ұсталуға таяғанда бір сенімді адамы Қажымұқанға тез қашуды ескертеді. Ақылды Қажымұқан мал-мүлік, үйін тастап, әдеттегідей үйден ұзамағандай, үйін ашық тастап, түн ішінде бала-шағасын арбаға отырғызып, арбаны өзі сүйреп жылыстап кетеді. «Үйі ашық, осында» деген жендеттер алданып қалады.  Осы жағдайлардан соң Қажекеңнің 1937 жылдан біржола оңтүстікке ойысып, өмірінің соңына дейін осында болады. Балуанның мұндада тіршіліктің біраз тауқыметін тартқаны айтып, жазылып жүр. Қажы атамыз туралы шағын мәлімет осы.  Ұйымшыл ауыл тұрғындары, сіздерге  ризашылығымды білдіремін. Қазақ айтқан аруақты еске алғанда, қабірінде аунайды екен деп. Лайым солай болып, балуанның аруағы риза болсын! Қажымұқандай ұлттың ұлы перзенттері осы ауылдан түлеп ұша берсін.  Мерекелеріңіз құтты болсын!

Сөз соңында Д.Жамшин іс-шараны белсенді ұйымдастырған Қажымұқан ауылының аға биі Таңат Омаровты «Ақмола облысының тұңғыш биі» төсбелгісімен, демеушілік көрсеткен Иван Сауэрр бастаған 10 тұлғаны «Ақмола билер алқасының» арнайы шығарған   «Қажымұқанның туғанына 155 жыл» мерекелік  медалімен марапаттады. 

Келесі кезекте  Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Абенов құттықтау жолдап,  ауыл әкімі атынан мерейтойлық медальдармен жеке тұлғаларды марапаттады. Олардың ішінде  балуан бабамыздың өр рухын ұлықтап, оның 155 жылдық мерейтойына орай 155 шақырымды жүгіріп өтіп, Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын  үлгісін  көрсеткен  Б.Ақылбаев, Б.Кульпейсов, А. Ашкеевалар бар.  

Іс-шарада дәстүрлі әншілер жырдан шашу шашты. Спортшылар ұлттық спорттан сайысқа түсіп, жеңімпаз атанып, сыйлық алып, құрметтелді. Сыйлық та қомақты болды. Жеңімпаздарға жылқы, ақшалай сыйлықтармен қатар, атақтарын айқындаған арнайы белбеулер табысталды. 

Спортшылар  «Түйе палуан», «Толағай» алыптар сайысы – өгіз, қошқар, тас көтеру сайыстарына қатысып, қомақты жүлделерге ие болды. Соның бірі 260 кг салмаққа тең өгіз көтерген А.Мақұлбеков И. Сауэрдің тіккен жарты млн теңге қаржылай сыйлығына ие болды. 

Осы мерекеде айрықша  айтарлық оқиға орын алды. Ол атақты балуантасшы, күш өнерін дәріптеуші Мұрат Нұрғазин Қажымұқан атасынан өнеге еткен, қайратпен,  күш тоғысқан «тас жару» нөмірін жаңа салмақта қайталап, 120 кг бетон блокты «көпір» қалыпта кеудесіне қойып, 10 кг балғамен сындыру арқылы өзінің әлемдік рекордын жаңартты. Осы жетістікті GBR – The World Book of Records for Asia and Africa рекордтар комиссиясы ресми түрде растап,   «Рекорд иегері  Мұрат Мырзагалиевич Нұрғазин, Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Қажымұқан ауылы» деп, тіркеу нөмірі – GBR-AA-2026-NURGAZIN-005/53 сертификат берді. Билер алқасы атынан чемпиондық белбеу табысталды. 

Нәтижесінде  М.Нұрғазин GBR рекордының екі дүркін иегері атанды. 

Рекордшы  Мұрат Нұрғазин:

«Қажымұқан атамыздың атын арқалаған ауылда, оның мерейтойы аясында осындай прецедент жасау – мен үшін зор мәртебе. Бұған дейінгі көрсеткішімді жаңа салмақпен жаңартуды мақсат еттім. Бұрынғыларынан да ауыр зілбатпан тасты көтеріп, кеудеде ұстап, балғамен сындыру үлкен физикалық дайындықты, төзімділікті және техниканы талап етеді. Бұл жетістік ең алдымен қазақтың күш өнеріне, Қажымұқан атамыздың рухына деген құрметім», – деген лебізін білдірді.

Қажымұқан ауылында тіркелген жаңа рекордты  Ақмола өңірінің қазіргі заманғы «Балуан тасы» ретінде «Қазақ күшінің картасында» таңбалағандығы жайлы «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров мәлімдеді.

Түйін:

Алып күш, асқақ рух иесі Қажымұқанның туғанына 155 жылдығына орай Ақмола билері, ауыл әкімшілігімен ынтымақтаса  ұйымдастырған торқалы тойы тарихи оқиғалармен аяқталды. 

Қажымұқан Мұңайтпасұлы қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында 1948 жылы 12 тамызда дүниеден өткен екен. Осы жолдарды жазып отырғанда балуанның қайтқанына дәл бүгін 78 жыл толған екен ғой деген ой орала берді. Алла күш атасының алдынан жарылқап, жұмақтың төрін нәсіп етсін деп дұға жасадым. Қазақтың елін сүйетін әр патриотқа даңқты бабасының аруағына арнап дұға жасауды нәсіп етсін!

 Дахан ШӨКШІР,

  Ақмола облысы

 

12.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 302

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26893
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43707
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44092