”Аналар күні” мерекесінде “Анаға тағзым” орталығы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында биыл үшінші рет ұйымдастырып отырған «Анаммен бірге кітап оқимын» отбасылық шығармашылық байқауының марапаттау рәсімін өткізді. Аталған байқау осыдан 3 ай уақыт бұрын жарияланып, оған 12 мен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер анасымен бірге қатысты. Ережеге сәйкес, қатысушылар үш ай уақыт аралығында оқуға берілген 9 жазушының шығармасынан алған әсерлері туралы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісті.
Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын, оң ықпал ететін ең маңызды әрі басты институт, ол – отбасы. Жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған байқауға биыл жалпы саны— 40 жұп өтінім білдірді. Барлық талаптарды орындаған қатысушылардың ішінен 10 жұп екінші кезеңге өтті. Бұл бөлімде анасы мен баласы бір- біріне сырласу хатын жазды.
Әділқазы алқасының мүшелеріне «кіл жүйріктен кім жүйрікті?» анықтау оңайға түскен жоқ. Себебі, қатысушылар бір-бірінен ой ұшқырлығы жағынан дараланып, шығармаларды түсініп, эмоцияларын бөлісуде дес бермеді. Әйткенмен, екінші кезеңде, жан толғанысы, ішкі сезімі, алған әсері мен көңіл-күйлерін қағазға түсірген сәт - шешуші болғандықтан, сырласу хатындағы ерекшелікке баса мән берілді. /Ең үздік хаттарды алдағы уақытта жариялайтын боламыз/.
Сонымен, 3 ай уақыт анасы мен баласын бір-біріне жақындастыра түскен, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятқан байқаудың бүгін қорытындысы шығарылып, әділқазылар алқасының шешімімен «жүзден жүйрік» шыққан жеңімпаз жұптар марапатталды. Оларға дипломдар мен қаржылай сыйақы ұсынылды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтары табысталды.