Қандай да бір ауылға барсаңыз көпшіліктің билікке айтар өтініші, талап-тілегі бар. Ал сол ұсыныстардың орындалып, жүзеге асып жатқанын да айта кеткеніміз жөн болар.
2020 жылдың қорытынды есеп беру кездесуінде Ақбұлым ауылының қадірлі қариясы Тілеуберді Оспаналиев аудан әкімі Сәкен Арубаевқа Түркістан көшесіне жол жабындысы қажет екенін жиында алға тартқан болатын.
Ауыл ақсақалының тілегін қағазға түрткен өңір басшысы ағымдағы жылы жолдың жаңаратынын жеткізіп, халықты сөзіне сендірген еді.
"Сөзден – іске" демекші, ақбұлымдықтардың сұранысы бойынша аталған көшеге 6 млн теңге қаралып, асфальт төселіп, көшенің сәні кіріп қалды.
Өз кезегінде алғысын білдірген жұртшылық өтінішітің жерде қалмай, назарға алынғаны үшін жергілікті атқарушы органға ризашылығын білдірді.
Ал жолдың сапалы әрі талаптардың сақталуын қатаң бақылауда ұстаған ауыл әкімі Ердос Бейсенов алда атқарылатын жүйелі жоспарлар бар екенін де айтады.
Жалпы аудан көлемінде жыл соңына дейін аудандық мәндегі 5 жолды жөндеуге 125,2 млн теңге бөлінді.
Олар: Бесағаш-Юбилейный, Құмтиын-Өрнек-Ерназар, Ерназар-Қойгелді, Құмсуат ауылына кіреберіс, Шайдана-Сеңгірбай бағытындағы жолдар.
Сондай-ақ 10 ауылдың 26 ауылішілік жолдарын жөндеуге 309,7 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 6 ауылдың 10 көшесі және аудандық бюджет есебінен 8 ауылдың 16 көшесі осы жылы асфальттанады.