Бүгін, 10 қараша күні Ақтау жастары Мемлекеттік рәміздер алаңындағы тутұғырдың түбінде «Көк тудың желбірегені» әнін автормен бірге шырқады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігіне қарасты қоғамдық коммуникация орталығы.
Ақтауда өткен ұлттық патриоттық шарасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Отансүйгіштік рухтағы кездесуге белгілі ақын, мәдениет қайраткері «Көктудың желбірегені» атты өлеңнің авторы Алмас Ахметбекұлы, арнаулы оқу орындарының студенттері, әскери қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Алмас Ахметбекұлы патриоттық жалынды жырларын оқып, жастарды туған жерді сүюге, Отанға адал қызмет етуге шақырды.
-Азаттықтан үлкен байлық жоқ. Біздің келер ұрпағымызға қазақтың мына байтақ жері бақыт пен байлықтың мекені болу керек. Тәуелсіздігімізді баянды ететін, туымызды көкке көтеріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жастар легін тәрбиелеп шығаруымыз керек. Себебі болашақ – жастардың қолында, деді Алмас Ахметбекұлы.
Ақынның «Марқакөлден Маңғыстауға» атты шығармашылық сапары аясында облыстағы Есенов университетінің студенттерімен және өңірдегі мұнайшылармен кездесу кеші өткізіледі.