ӘРБІР ҰЛТТЫҢ АРМАНЫ БІРЕУ – ОЛ ҰРПАҒЫНЫҢ АМАНДЫҒЫ МЕН ЕЛІНІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ. БЕЙБІТ АСПАНДА ҰРПАҚТЫҢ ШАТ КҮЛКІСІ ЕСТІЛСЕ, ОДАН АРТЫҚ АДАМЗАТҚА НЕ КЕРЕК?
Күнделікті өмірде болып жатқан әр түрлі қиындықтар ересек адам түгілі балалар мен жасөспірім санасына ерекше ықпал ететіні анық.
Әсіресе, мінез-құлқына, зейінінің ашылуына, сабақ үлгерімінің қай деңгейде екеніне қарамастан, қоғамда өзіндік орнын қалыптастыруда тұлғалық қасиетті дамыту аса маңызды.
Сол тұрғыдан алғанда, аудан мектептерінде белгілі бір топтар құрылып, жұмыстар атқарылуда.
Мектеп оқушыларының арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, психикалық және физикалық денсаулықты нығайту, өмірге деген құштарлықты арттырып, суицидті болдырмау мақсатында Талас аудандық білім бөлімі тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Бүгін "Дүние жүзілік балаларды қорғау күні: балаларға арналған өмір" атты республикалық акция негізінде Талас ауданы 4-ші "Үміт "арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілері мен мектеп түлектерінің қатысуымен "Ұлбике ақын" мәдениет орталығында "Әр бала-бір жұлдыз" атты фестиваль өтті.
Сахна төрінде өнер көрсеткен өнерпаздар мың бұралып би билеп, әннен шашу шашып көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Иә, бала мына жарық дүниедегі ең кіршіксіз, ең пәк жаратылыс иесі.
Жылт еткеннің бәрін алтын деп ұғатын ең таза болмыс.
Әлемде жалғыз қайталанбас ғажайып болса, ол тағы да баланың әлемі.
Олай болса, балаларыңызды қорғай да аялай біліңіздер!