Аралдың арда перзенті

Аралдың арда   перзенті

Әбдісаттар Оспанов ағамыздың әдебиет, тарих, этнография, өнер салаларындағы жасаған қыруар еңбектері жайлы толғамдар 

Әбдісаттар аға жайлы, оның аты шулы құнды еңбектері туралы бұрыннан да қанық болатынбыз. Аты аңызға айналған тарихшы-этнограф, жазушы, әнші-күйші, композитор, жырау, аудармашы ағамызды сыртынан білгенмен, кездесудің, жүздесудің сәті түспепті. Байқап отырған боларсыздар, Аллам бір адамның басына қаншама өнер берген. Ол қасиеттерді бір-бір сала деп білсек, оның әрқайсысында Әбдісаттар ағаның таудай-таудай жасаған, іске асырған еңбектері бар. 

Мәселен, жазушылығын сөз етсек, кесек-кесек шығармалары, кітаптары самсап алдыңнан шыға келеді. Ол көштің бастауын «Жанқожа батыр» тарихи-көркем романы бастайды. Кейін ол «Наркескен» болып трилогияға айналды. Сондай-ақ «Хан Сырлыбай» тарихи-деректі романы, «Даналар жайлы дастан», «Зар Заман зардабы» романдары – әрқайсысы шоқтығы биік шығармалар. Поэзия әлеміндегі дүниелері де бір шоғыр. «Адамдықтың арқалап ауыр жүгін», «Адам, қайда барасың?», «Ән ұшып, күй төгілді жүрегімнен», «Қандырып құлақ құрышын...» кітаптары – оқырман көңілін жаулаған жыр жинақтары. Күнкөрістің қамымен сан түрлі жұмыстар істесе де, осыншама ғажап дүниелер жасауы Әбдісаттар ағаның нағыз еңбекқор, қайсар жан екенін дәлелдейді. Қайсарлық оның туа бітті қасиеті десек қателеспейміз. Үш жасынан бастап 8 жыл төсекке таңылып, мүгедек болған жағдайына қарамай, 7 жылдық мектепті үздік бітіреді. Қос балдаққа сүйенген жан талай асуларды бағындыратынын сол кезде біреу айтса, сенбейтінің анық. Тағы бір ғажап еңбегі Кеңес өкіметі кезінде он жылдай экспедициялар ұйымдастырып, Сыр елінің тарихи орындарын түгендегенін қалай айтпай кетуге болады?! Қырық жыл жинаған қолжазбаларын жинақтап,  Сыр сүлейлерінің кітаптарын өз ақшасына шығарған мәрттігіне қалай сүйсінбессің! 1969, 1987, 1989 жылдары Мәскеу, Алматы, Новосибирск қалаларында өткен бүкілодақтық фестивальдерде топ жарған Әбдісаттар Оспановтың аты қалайша аңызға айналмайды? 1985 жылы Мәскеуде 98 ел делегациясының алдында ұлттық өнерімізді паш еткен оның ансамблі үш күн бойына концерт қоюы таңғажайып іс емес пе? Ол ашқан жыршы-ақын дайындайтын мектеп орталықтары қаншама десеңізші! Иә, өнер саласында атқарған Әбдісаттар ағаның ерлік еңбектерін тауыса алмайсың. Сексеннің сеңгіріндегі Әбдісаттар ағаның еңбегі жайлы енді басқа ұлағатты жандар айтсын. Ал біз бүгін Әбдісаттар ағаны, оның жары Дариха апамыздың 80-ге келгенімен құттықтай отырып, ол кісілерге ұзақ ғұмыр, отбасына ынтымақ-бірлік және зор шығармашылық табыс тілейміз!

 

– Әбдісаттар аға, кез келген адамның көкейіне келетін сауалдардың бір-екеуінен бастайын. Шығармашылық жолға қалай түстіңіз және оған себепкер болған жан-дүниеңіздегі тебіреністер мен толғаныстар ма, әлде табиғи құбылыс деп ойлайсыз ба?

– Арал мен Сыр бойында айтылатын «Әркімнің өз ойы бар, біреу қауынды суға малып жейді» деген мақалды білетін шығарсыз. Сонда айтылғандай, өз естігендеріме жүгінсем, шығармашылыққа әркім әртүрлі жолмен келетін сияқты. Біреулер: «Түсімде пәленше деген атақты адам, не түгенше деген бабам аян берді, содан көп ұзамай ақын болып кеттім», – десе, біреулер: «Анау атақты жазушының қасында жүрдім, ақыл-кеңесін алдым, кітаптарын көп оқыдым. Сөйтіп, жазушылық жолға түстім», – дегендей сөздер айтып қалып жатады. Меніңше, мұның бәрі мақтан үшін айтылған бос сөздер...

Мен үш жасымнан жабысқан дерттің салдарынан сегіз жыл бойы төсек тартқан адаммын. Әкем Сәдуақас пен анам Зұлқия еш сауат ашпаған, қарапайым балықшылар болатын. Олар жыл бойына күндіз-түні балық қуалап далада түнеп жүретіндіктен, мені әкемнің тетелес ағасы Оспан мен жеңгесі Жұпар тәрбиелеуге мәжбүр болған-ды. Осы әкем өте өнерпаз адам еді. Ол Нұртуған ақынның әйгілі шәкірттері Жаңаберген, Кәрібоз, Жаппарберді жыраулармен дос, қызметтес болып, 1929 ж. солармен бірге «Мырзас» ауылына арнайы барып, ауырып жатқан ақынмен сәлемдескен екен. Атам Үркімбай шайыр һәм белгілі би болыпты. Ел аралап, мұралар жинап жүрген кезімде оның екі-үш өлеңі қолға түсті. Оның           Сәдуақастан кейінгі ұлы Әлімбай ағам да сауатсыздығына қарамастан, суырыпсалма ақын еді.

Оспан әкем соғыстан кейінгі жылдары балық аулау мерзімі қызған шақта, Арал ауданының Бөген, Қаратерең, Қасқақұлан, Аманөткел, Қызылжар елдімекендерінен ауылымыздың тұсына келген балықшылар арасында жыраулар мен күйшілер болса, үйге жиі ертіп келетін. Олар қиссаларды мақамға сап созып айтып жатқанда, мен жырлардың мәтіндерін де, мақамдарын да тез жадылап алушы едім. Он екі жасымнан өлең құрастыра бастауыма осы жағдайлар әсер етті.

– Ең алғашқы туындыларыңыз қандай тақырыптарға жазылды?

– Жаңа ғана айтқанымдай, алғашқы арманым ақын болу еді. 6-сыныпта ана тілінен дәріс беретін ұстазым Алуадин Әбілмажанұлының айтуымен, бірнеше өлеңдерімді «Лениншіл жасқа» жіберіп те көрдім. Оған аты-жөнімді қолмен жазып, «талабың бар екен, сен махаббат, табиғат туралы жаз» деген машинкаға басылып қойылған дайын жауап алып, тауым шағылып қалды. Сосын «ештеңе жазбаймын» деп шештім. Мектептегі сыныптасым Алтынбек Смағұлұлы екеуміз шығаратын, мен бас редакторы болған көлемді «Найзағай» сатиралық қабырға газетіне жалқаулар мен тәртіпсіз балалар жайлы шымшыма шумақтар жазып, суреттерін саламын деп, сол тентектерден талай таяқ жедім. Сосын, оған өлең жазуды да доғардым. Әйтсе де, анда-санда ұнаған «өлеңсымақтарымды» ешбір жанға көрсетпей, оңашада дәптеріме жазып қоя беретінмін. Бұл күндері ақын бола алсам, солар себеп болған шығар...

Прозалық шығармаларыма келер болсам, өткен ғасырдың 60-жылдары өзім-туып өскен «Ұялыда» ерте жетім қалып, он екі жасынан Сәдуақас әкемнің жанында ескекші бола жүріп, балық аулаудың қыр-сырын бір жыл үйреніп, он үш жасынан жеке балық аулаумен айналысқан, 22 жасында «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған немере ағам Қапаш (Қаппарберді) Жүсіпұлы жайлы баяғы өзімді «ренжіткен» «Лениншіл жас» газетіне жарияланған:

Тау толқындар жарысады, 

Асау теңіз күркіреп.

Ажалменен алысады,

Балықшы аға жаужүрек!» деген бір шумақ эпиграфпен басталған «Теңіз тарланы» атты очеркімнен, кейінгі ой-толғауларымнан соң, «осы аурумен» ауырған болармын.

– Он төрт жасыңыздан бастап ширек ғасырға жуық атқарған және кейін техникумда алған мамандығыңыз басқа бола тұра, әдебиет саласында, оның ішінде кез келгеннің тісі батпайтын, ұрпақ алдында жауапкершілігі мол тарихи тақырыптарға баруыңызға не түрткі болды?

– Қысқарта айтайын. Оған бірден-бір түрткі болған 16 жастан арманыма айналған және бес балалы болар алдында Қызылорда қаласындағы өте жауапты қызметті тастауға, Алматыға келіп қызмет істей жүріп, ҚазМУ-дың тарих факультетінің кешкі бөліміне оқуға түсуге «мәжбүрлеген», 1979 ж. бітірерде он екі ғалымның алдында «Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының өмірі мен қызметі ауыз әдебиеті бойынша» деген дипломдық жұмысымды «ерекше» бағамен қорғауға бар мүмкіндік жасаған батыр бабам Жанқожаның аруағы мен ұстазым әрі жетекшім, бұл күнде тоқсанның жетеуіне аяқ басқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Хамзаұлы Шалекенов аға десем артық айтпаспын.

Ал 1981 жылы «Жанқожа батыр» атты тарихи-деректі романымды жазып, «үш әріп» тыйым салған соң белінен буып, чемоданның түбіне тастағанмын. Ол 2012 ж. батырдың 220 жылдығы қарсаңында жарық көрді.

Жалпы, деректі шығармалар жазуымен шопандар, түрлі қызметкерлер тәжірибелерін насихаттайтын сериялы кітаптар жазу жөнінде партияның нұсқауы шықты. Солардың атынан жазу прозаиктерге, көбінесе баспада істейтін журналистердің мойнына жүктелді. Сөйтіп, екі-үш жылда менің үлесіме бес кітапша тиді. Малшаруашылығы редакциясында көптен істейтін Ақкөл Отарбаев деген қаламы қарымды аға редакторға да сол шамада үлес берді. Менің баспа ісінен тәжірибем аздау болғандықтан, оған ақылдассам: «Ешбір қиындығы жоқ. Шаруашылыққа барып, қажетті адамдармен сөйлесіп материал жинайсың да, адамдардың аттарын, цифрларды үйлестіріп тізбектей бересің», – деп күлді. «Ондай кітапты кім оқиды?» – десем: «Бұрыннан бері солай етеміз. Қаламақы төлесе болды емес пе?» – дейді. «Ендеше, екеуміз сол тәртіпті бұзып, кітаптарды бұдан былай деректі повесть деңгейіне көтерсек қайтеді?» – дедім. Ол сәл ойланып тұрып:

«Несі бар, көрейік!» – деді.

Ол кітаптар бірінен кейін бірі шығып, пікір жазғандарға да, басшыларға да ұнап жатты. Сол біраз дем беріп, мұрағаттар мен ел ішінен жинаған тарихи құжаттарым жеткілікті болған соң, деректі-тарихи шығармаларға бет бұра бастадым.

– Ақындық, жазушылықты былай қойғанда, әрқайсысы бір-бір төбе 64 ән, 10 күйіңіздің дүниеге келуінің бастауы мен себебін айтсаңыз...

– Оспан әкем жас кезінде жырау болған, сырнаймен ән салған. Өзі күй шығарды ма, білмеймін, бірақ халық күйлерін, Құрманғазыдан бастап Қазанғап, Үсен, Аққыз, Сыр өңірінен шыққан Мырза және Жалдыбай сияқты дарын иелерінің күйлерін орындайтын керемет домбырашы болды. Ол тартып отырғанда домбырадан бірде-бір жалған дыбыс шықпайтын. Балық артелінің клуб меңгерушісі, нағашы ағам Нұрадин Қалымбетұлы сырнайды ғажап меңгерген керемет әнші болған екен. Ал оның жалғыз ұлы, замандасым – Ертөре марқұм Кененнің әндерін үш деңгейде нақышына келтіріп орындайтын. Бұл өнер осылай екі жақтан келген болар.

Әйтсе де, күй шығаруға себеп болған тағы да Жанқожа бабаның 70 жылдық ерен ерлігі, Қорқыт баба мен өзім қолжазбаларын 40 жыл жинап, зерттеп, оларды араб әліпбиінен кириллицаға аударып, 3 том етіп шығарған Нұртуған ақынның өмірінің сонша қысқа болуы, туып-өскен Аралымның адам қолымен жасалған қасіреті әсер етсе, кіші қарындасым Алуаның жолдасы, қырықтан асқан шағында қыршын кеткен дарынды әнші, композитор, ақын Әлімхан Оспановқа арнап 2000 ж. 60 жасымда мәтінін де, әуенін де өзім тебірене отырып жазған «Бұлбұлым, сені сағындық» атты ең тұңғыш әнімнен бастау алғаны Аллаға да, адамдарға да аян!

– Әлі көкейіңізде тұтанып кетуге дайын тұрған, «осыны жазып бітірсем ғой» дейтіндей туындыларыңыз, шығармашылығыңызға арқау болатындай көкейкесті, құнды тақырыптарыңыз бар ма?

– Ондай тақырыптар көп-ақ. Қырық жылдай есебін тауып мұрағаттардан, ел ішінен жинаған деректерімнен әлі ондаған тарихи романдар мен бірнеше өлең жинақтарын шығаратын дүниелер баршылық. Тіпті, біраз жылдар бұрын жазылып, аяқталуын күтіп жатқан үш деректі романым бар. Алла сәтін салып, осындай денсаулық пен күш-қуат берсе, оларды алдағы бір-екі жылда бітірсем деген арманым бар.

– Жарық көрген туындыларыңыз оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып жатыр деп есептейсіз бе?

– Ол жайлы тек оқырмандардан сұраған дұрыс болар. Алайда келелі кеңестер мен алқалы жиындарда пікір айтқан А.Ісмақова, «Жұлдыз» журналына кезінде жарияланған Ш.Елеукенов, Н.Ақыш сияқты елге белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың пікірлері жаман емес сияқты. Алдағы уақытта ескерілуі тиіс азын-аулақ ақыл-кеңестері де бар. Көп оқырмандар телефон арқылы жақсы пікірлер айтса, бірсыпырасы республикалық, жергілікті газет беттерінде жылы лебіздерін білдіріп жатады. Оқырмандарға шексіз ризашылығымды білдіремін!

– Қазіргі кезеңде бой көрсетіп келе жатқан жас қаламгерлеріміз туралы қандай ойдасыз? Оларға айтар ескертпелеріңіз, ұсыныстарыңыз, ағалық ақылыңыз қандай?

– Ақыл айту деген кейбіреулер үшін оп-оңай, мен үшін өте қиын. Қиын болатын себебі, қазір ақыл тыңдайтын адамдар да қалмай бара жатыр. Бәрі «өзім болдым, өзім толдым» деп көкіректерін керіп шыға келеді. Талай ақынды көрдім. «Менмін» деп көкірегін керіп жүрген ақындардың үйіне кездейсоқ қонаққа бара қалғанда, өзінен бұрынғы танымал ақындардың бірнеше кітабын алдына тізіп қойып, өзіне тақырып ұрлап, сол тақырыптардың ішінен сәйкес сөздерін құрастырып, ұйқастырып өлең шығарып отырғандарын талай көрдім. Бірақ олар менің де бірдеңе түртетінімді білмейді, айтпаймын да. Дүниеде осындай «ұрлық-қарлықтан» аулақ жүру керек.

Екіншіден, «мынау мықты ақын екен, анау Абай, анау Мұқағали екен, біз солардан кембіз бе, біз соларға ұқсауымыз керек, солар қозғаған өзекті мәселелерді біз де қозғауымыз керек» деп олардан ой, идея ұрлаудың қажеті жоқ!

Мен М.Әуезовтың «Абай жолы» романын 6-сыныпта жүргенімде оқыдым. Ғабит Мүсіреповтың әңгімелерін оқыдым. Мұхтар Әуезовтың 14 томдық кітабы үйімде тұр, бірақ бетін ашқан емеспін. Қаламгерлікті бастағалы ешбір ақынның өлеңдерін, ешбір жазушының прозаларын оқымайтын болдым. «Қазақ әдебиетіне», басқа да газеттерге шыққан өлеңдер мен әңгімелерді ғана оқимын. Себебі оларды менсінбегендіктен емес, басқа біреуге ұқсап кетуден, солардан сөз ұрлап қоюдан қорқатын болармын, сірә. Мен өзім ес білгелі бері көріп, естіп келе жатқан халықтың мұң-зарын, қуанышын, қайғысын жырлағым келеді, сол туралы жазғым келеді. Сосын прозаға келгенде, халқымның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қамтитын тарихи дүниелерді жазуды о бастан өзіме мақсат етіп қойғанмын. Сол жолдан әлі тайған жоқпын.

– Шығармашылығыңызбен сусындап жүрген оқырмандарыңызға айтар аманатыңыз бен ізгі ниет-тілектеріңіз болса, білдірсеңіз...

– Қазіргі кезде, әсіресе, 1991 жылдан бері қарай кітап оқитындар азайып кетті ғой. Көбі кітаптан гөрі интернеттен оқығанды қалайды. Оқушыларымыз сондай дәрежеге жетті. Қуанамыз, әрине. Бірақ шала сауатты кейбір пысықайлар «нан таппақ мақсатпен» Абайдың өмірбаянын «автореферат» деп, «шатты-пұтты» жазып интернетке салады. Оны балалар сол күйінде көшіріп алады да, мұғалімдеріне айтып беріп, бәрі «бестік» баға алып жатады. Неге бұлай болды?! Бұл 1990 жылдары оқыған кейбір ұстаздарымыздың сауатының аздығынан болып жатыр. Мен талай рет немерелеріме соларды түзетіп жазып, түсіндіріп беруге мәжбүр болдым. Қате жазып жатқанын көріп, жүрегім сыздап, жаным шығып кете жаздады. Тарих пәні дегенің түгелдей қате. Сөйлемдері сөйлем емес. «Мұның бәрі неден?» дегенде, айтарым мынау. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра алмаған, ой-пікірін тек теориялық тұрғыда ғана білдіре алатын «ғалымдар» оқулық сөзіне орашолақ келеді. Ол ғылыми сөздерге мықты, ал оқулықтың сөзіне орашолақ болуы мүмкін. Міне, сондықтан да көп қателіктер кетіп жатыр деп ойлаймын. Ал оқырмандар мәселесіне келсек, олар мүлде жоқ деуге болмайды. Кітапқа қызығатын, көзін ашқаннан кітап оқып үйренген адамдар әлі бар. Дегенмен оқырмандар санын азайтып тұрған не нәрсе дегенде, біріншіден, мен сияқты адамдар бүкіл әлемге әйгілі болып кететіндей «алтын» кітап жазса да, оны 100, 200, 500 данадан артық шығара алмайды. Көп таралымға материалдық мүмкіндігі жоқ. Кітап оқитындар оны кітап дүкенінен сатып ала алмайды. Себебі ақшасы жоқ. 50 мың, 60 мың теңге айлыққа қарап отырған адам кітап оқи ала ма?! Кітап оқитындар сондайлардың арасында. Қалтасы қалыңдардың кітап оқуға уақыты жоқ, оқымайды да. Олар, керек десеңіз, бизнес жайлы кітаптарды да оқымайды. Ондайлар көркем әдебиетті қайтсін?! Әйтсе де менің «Мұның бәрі қазіргі тойдың әндері сияқты тағы бір ұрпақ жаңарғанша қажетсіз болады да, кейін қажет ететін ұрпақ дүниеге келеді-ау» деген үмітім бар. Қазіргі басшыларымыз осы мәселелерге көз қырын салулары тиіс. Бұл – менің өзімнің жеке пікірім. 

– Саналы ғұмырыңызды түгелдей арнап келе жатқан осындай сан алуан шығармашылық жолда атқарған еңбектеріңізге, төккен теріңізге көңіліңіз тола ма?

– Шындығына келер болсам, өзің өмір бойы армандаған, ұнатқан жолда еш аянбай еңбек етсең ғана терің өлшеусіз төгіледі. Сол есепсіз төгілген тердің бір-ақ өтеуі бар. Ол – еткен еңбектің нәтижесі. Егер нәтиже халықтың да, өзіңнің де ойыңнан шықса, әрине, көңілің толады. Еңбегіңнің нәтижесі елге, қоғамға, болашақ ұрпаққа пайдасы тиетіндей болса, тек шығармашылық адамдарға ғана емес, әрбір пендеге одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. 

– Шығармашылық адамы үшін жанұя бақыты қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

– Жанұя бақытының тек шығармашылық адамдар үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін маңызы зор. Биыл қараша айының жетінші жұлдызында Дариха апаң екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 59 жыл толғалы отыр. 1962 ж. осы Алматы қаласында жамбасыма он шақты сағаттық отаға келісім сұрай келген Елена Петровна Ченских деген бөлім меңгерушісі: «Балам, бізге қандай өтініш айтасың?» – дегенде: «Мен мұсылманмын. Қазір 22 жастамын. Әуелі Алладан, сосын сіздерден сұрарым – тағы да сегіз жыл өмір сыйлаңыздаршы. Сол уақыттың ішінде үйленіп, шежіремді жалғар бір ұлды болсам, өмірден еш армансыз өтер едім», – дегенмін. Алла тілегімді берді. Апта сайын бір адам оянбай кетіп жатқанда, олар маған өмір сыйлады. Сосын Қызылорда педучилищесіндегі оқуын тастап, өзімді күтіп жүрген Дариха екеуміз үйленіп бір ұл, төрт қызды болдық. Қазір 15 немере, 8 шөбере сүйіп отырған бақытты жандармыз! Бұдан басқа байлықты ешқашан ойламадық. Ешқашан өкіметтен көмек, жер, үй, мансап, атақ, «сылдырмақтар» сұрамадық. Балаларымыздың саулығы мен ар-намысымыздың тазалығын ойладық.

Шығармашылық адамына жанұя бақыты қанат бітіреді. Бар кедергіге бірге қарсы тұрамыз. Әсіресе жаның мен көңіл күйіңді айтқызбай ұғатын жарыңның болғаны теңдессіз бақыт екен!

– Маңызды да мазмұнды жауаптарыңызға зор алғыс білдіремін, аға!

 

Шәкіртімнің басқа да прозалық, поэзиялық һәм әуендік, күйшілік шығармаларын қоя тұрып, ұстазы және тарихшы ғалым ретінде, мен оның әйгілі бабамыз Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының қандыкөйлек батырларының ғұмырларын, азаттық жолындағы жанқиярлық қызметтерін алпыс жылға жуық зерттеудің нәтижесінде, «Жанқожа батыр», «Хан Сырлыбай» тарихи-деректі романдары мен «Наркескен» деректі-көркем трилогиясын жазғаны және фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, Жаңақорғанда М.Көкенов атындағы ақын-жыршылар мектебін, Қазалыда Н.Кенжеғұлұлы атындағы осындай орталықты ашып, шәкірттер дайындаған, қайраткерлік пен қаламгерлікті тең ұстап, өз ұлты мен туған топырағының төл тарихын ұлықтап, оның теңдессіз өнерін, әдебиетін ұрпақ игілігіне ұсынып келе жатқан зерделі зерттеуші, қарымды қаламгер, білімді азамат, белгілі аудармашы, талантты өнер иесі болғаны үшін мақтанамын!

У.Х.Шалекенов,

тарих ғылымдарының докторы, 

профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері, 

отставкадағы полковник.

 

 

Тарихи шындықты жайып салып, оқырманын үнемі адамгершілікке, адалдыққа, ұлтжандылыққа, халқына қалтқысыз қызмет етуге, бірлікке шақырып отыратын және республикалық дәрежедегі ең жоғары марапатқа лайықты, көп сериялы тарихи-көркем фильм түсіруді сұранып тұрған классикалық шығарма жазған Ә.С.Оспановтың бұл зор еңбегі ҚР Үкіметі мен Жазушылар одағы тарапынан бағаланса дегім келеді...

Ұзақбай Қараманов,

Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі

 

 

Турасын айтқанда, өзі кітаптағы соңғы сөзінде көрсеткендей, «мадақ пен сыйлық үшін жазбаса» да, Сыр түлегі, қаламгер ініміз Әбдісаттар жайлы айтқан тілегімді жоғарыдағылар, сондай-ақ, «Жаужүрек мың бала» сияқты тарихи-көркем фильм түсірушілер «Наркескен» трилогиясының дайын сценарий екенін ескерсе екен!

Көпмағамбет Елемесов, ҚР ҰҒА академигі, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

 

Белгілі қаламгер, тарихшы-этнограф, ақын, әнші-күйші сазгер, халқымыздың тарихи, әдеби, мәдени және сәулет өнері мұраларының жинаушысы, зерттеушісі, көптеген тарихи деректі көркем романдар мен жыр-дастандар жинақтарының авторы Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспановпен бұрын-соңды жүзбе-жүз кездесуге тағдыр әліге дейін жазбаса да, ағамызды он бес жылдан астам уақыттан бері жақсы білемін деп айта аламын.

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов,

Мемлекет және қоғам қайраткері

 

 

Әбекеңнің Сыр өңірінде қалыптасқан жыраулардың мақамдарын нақышына келтіре орындайтын домбырашы, термеші, жыршы екенін ескерсек, «Жаратқанның Әбекең сияқты көнбіс пендесінің басына өзі салған ауыртпалықты жеңілдеткісі кеп, әрі сол пендесінің өршіл мінезіне, қайсарлығына тәнті боп, үйіп-төгіп бере салған шексіз дарыны ма екен?!» деп те қайран қалам. Қалай десек те, Әбекең, сірә, тағдыр біздің замандастарымыз бен жас жеткіншектеріміз көруге жазған Арал-Сыр сүлейлерінің соңғы буыны, өзіндік өкілі болар...

Нұрлан Мәукенұлы,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

 

Халық қазынасына айналдырған «Наркескеннің» асыл дүние екеніне оқырманның көзі жететініне кәміл сенемін! Бұл – асыра айтқаным емес! Қаламгердің бұл шығармасы – оның көп ізденісі мен ерен еңбегінің биік шыңы! Мұндай шыңға тағдырдан сан теперіш көрсе де қаймықпаған, талмай ізденген, туған жерін, халқын, оның тілі мен ділінің құдіреті мен қадір-қасиетін терең ұғынған Әбдісаттар Сәдуақасұлы Оспанов сияқты қарымды қаламгер ғана шыға алады.

Дәреже Нәбиқызы Балапан,

Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері

 

 

Әкем жыл сайын еңбек демалысын алса болды, туып-өскен Арал, Сыр өңірлеріне экспедициялар ұйымдастырып, бір ай бойына ортағасырлық қорғандарды, тарихи ескерткіштерді зерттеп, суретке түсіріп, тарихын сұрастырып, ауыл-ауылды аралап, көнекөз қариялармен сұхбаттасып қайтатын.

Сексеннен асып бара жатса да, қазір кітаптарының мәтіндерін бұрынғыдай қағазға жазбай, бірден файл ашып соған жазады да, суреттерін өңдеп, мұқабасының дизайнын да өзі жасап, баспаханаға тек дайын күйінде апарады. Олар қалыпқа салып, тиражын басады.

Мейрамкүл Әбдісаттарқызы

 

 

Сазгердің осы цикльдегі «Тебіреніс» күйін саз мектебі оқушыларының оқу бағдарламасына енгізуге әбден болады. Күйдің формасы, тілі, қағыс иірімдері мектеп оқушыларына лайықты, сәтті туған шығарма дер едім. «Жырау қыз», «Дүрбелең», «Жеңіс», «Қайдасың, қайран Арал?» күйлері – ұлт-аспаптар оркестрінің орындауын сұрап тұрған тамаша тың туындылар. Оркестр орындаса, олардың өз табиғатын тереңірек аша түсері сөзсіз.

Абдулхамит Райымбергенов,

күйші, зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері, 

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық 

консерваториясының доценті

 

 

Әбекеңнің әндері оркестр, ансамбльдің сүйемелдеуімен орындауға, кейбіреулері хормен айтуға ыңғайлы. Әншілердің, оркестр аспапшыларының пікірлері бойынша және ағамыздың 2016 ж. Қызылордада өткен 75 жылдық мерейтойлық кешінде орындалған ән-күйлерін тыңдаған өнер маманы ретінде айтарым – ағамыздың әндері орындаушыларға барынша ыңғайлы және тыңдаушыларға өте әсерлі, мейлінше жағымды.

Каденов Төлеген, 

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазанғап атындағы 

Қызылорда музыка колледжінің оқытушысы

 

 

Ағаның ұстазға лайық сабырлылығы, парасаты, тура айтар мағыналы, өткір сөздері – таусылмас қазына. 1994-95 жж. «Тәуекел!» деп ізіне ердім, әлі еріп келемін. «Аулақ жүр, шаруаларым жетіп жатыр!» деп бетімнен қақпады. Керісінше, бауырға тартып, басымнан сипайды, «ұстазыңмын» деген емес. Ағадай ұстазым болғанына, қазақ әдебиетінің, өнерінің, оған бой ұрған жастардың жанашыры болғанына мақтанам! Аяулы ағама, қамқорым Дариха апама ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, бақыт тілеймін!

Эльмира Манасқызы Жаңабергенова,

 

өнертану кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

 

 

Сұхбаттасқан – А.С.Шүйіншәли. Дайындаған – Шаргүл Қасымханқызы
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 85
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 605
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 722
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 634
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 644

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8782
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8181
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11410
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9164
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394