Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыс әкімдерінен мектептердегі санитарлық режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұрап: «Оқу жылының басында әкімдіктер дайындықтарын толықтай растап, тиісті актілерге қол қойған болатын. Дегенмен бүгінде әрбір бесінші мектепте санитарлық режимнің бұзылуы анықталып отыр. Әкімдерден тез арада арнайы жиналыс өткізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралардың бәрін қабылдауды сұраймыз»,— деді. Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында 20 қазаннан бастап карантин талаптары жеңілдей түсетінін мәлім еткен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын, сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның вакцинацияға жататын контингенттің 70 пайыздан астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, 2021 жылғы 20 қазаннан бастап мынадай шараларға рұқсат беру туралы шешім қабылданды: Келушілер COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе ПТР анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі. Сондай-ақ, түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналады», — деп хабарлады.