Арман Шораев ісі: Аяқтан шалу үшін әдейі жасалған әрекет пе?

Арман Шораев ісі: Аяқтан шалу үшін  әдейі жасалған әрекет пе?

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 14       наурызда Қазақстан халық партиясының мүшесі Нұрия Балтабайқызының арызы негізінде қоғам белсендісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Арман Шораевтың үстінен қозғалған іс бойынша шешім шығарды. Арман Шораев сырқаттанып, ауруханада жатқанына байланысты кезекті сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш ескерілмеген. Сондай-ақ сот үкімі ҚР ӘҚБтК 104-бабы бойынша Қазақстан халықтық партиясының кандидатының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқаны үшін Арман Шораевты кінәлі деп танып, 30 АЕК (МРП) көлемінде айыппұл тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Оның күшіне енуі үшін 10 күн қажет, яғни 2023 жылдың 24 наурызына дейін уақыт бар.

Ал Арман Шораев Facebook парақшасында:   «Әрине, шығарылған сот актісімен келіспеймін, шағымданамын. Өкініштісі, мұндай шағымды қарау сайлау өтіп жатқан 2023 жылдың 24 наурызынан кейінге қалады. 

«ҚР-дағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 4-3-тармағына сәйкес кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе дауыс беру күніне екі күн қалғанда бұрын тіркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейді. 

ҚР Конституциясының 77-бабына сәйкес, оның кінәсі заңды күшіне енген сот актісі ретінде танылғанға дейін адам кінәсіз болып саналады.  Демек, 2023 жылдың 19 наурызына дейін сот актісі заңды күшіне енбейді, сондықтан аудандық сайлау комиссиясы апелляция қаралғанға дейін тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқысы жоқ. 

Соңғы күндері Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының басшысы Жүнісбеков Бақытжан тарапынан қызметтен кетуді талап еткен №2 ИЫҰ төрағасы Жолмағамбетова Айсара бүгін комиссияның бес мүшесінің үшеуі басқа тұлғалармен ауыстырылғаннан кейін төраға қызметінен кетуге және қарапайым мүше болуға мәжбүр болды. 

Енді №2 аудандық сайлау комиссиясының жаңа төрағасы соттың заңды күшіне енбеген қаулысы бойынша мені тіркеуден жоюға бара ма, жоқ па, соны күту ғана қалады.

Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның бұзылуына Орталық сайлау комиссиясы және аудандық сайлау комиссиясы  жол бере ме, бермей ме, оны біз алдағы күндері көреміз. Мені сайлауға түсірмеу үшін жаңа Қазақстан тағы да қандай заңбұзушылықтарға баратынын көрейік…» – деп жазды.

Демек, 2023 жылдың 19 наурызына дейін сот актісі заңды күшіне енбейтіндіктен және аудандық сайлау комиссиясы апелляция қаралғанға дейін тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға құқысы болмағандықтан, Арман Шораевты сайлаудан шеттете алмайды. Түсінгеніміздей, заң бойынша А. Шораев кандидат ретінде насихат жүргізуге, сайлауға түсуге құқылы. Яғни Арман Шораев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандитат ретінде сайлаудан бас тартпайды. Бірақ А. Шораевтың жоғарыда өзі айтқандай, Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның бұзылуына Орталық сайлау           комиссиясы және аудандық сайлау комиссиясы қандай әрекетке көшетіні белгісіз. 

Астанада 6 наурыздан бері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Арман Шораевтың үстінен ашылған іс бойынша 3 рет сот отырысы өтті. 

Сот отырысының себебі: Арман Шораев ақпанда Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты Ресей пропагандисі Владимир Соловьевтің бағдарламасында «Мен орыс тіліне басымды иемін. Мен Путинге алғысымды білдіремін» деп сұхбат бергені үшін өзінің Facebook парақшасында Ертісбаевты сатқын деп жазған. Ал Ертісбаев Арман Шораевтан желідегі жазбасын өшіруді талап еткен. Талабы орындалмаған жағдайда Бас прокуратураға шағымданып, оның Мәжіліс сайлауы кандидаттары қатарынан алынуына ықпал ететінін айтып, доқ көрсеткен. Бірақ Ертісбаев ешқайда шағымданбаған. Алайда көп ұзамай аталмыш партия атынан депутаттыққа үміткер жалғыз кандидат Нұрия Балтабайқызы Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына Арман Шораевтың үстінен арыз түсірген болатын.

6 наурызда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғыны Нұрия Балтабайқызының арызы негізінде Арман Шораевқа қатысты алғашқы сот отырысы болды. Алғашқы сот отырысына «жәбірленуші» қатыспағандықтан, сот 10 наурызға шегерілген-тін. 

Ал 10 наурызда Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот отырысына Нұрия Балтабайқызы тағы да келген жоқ. Бірақ арызданушы сот барысына Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан интернет желісі арқылы қосылып, Арман Шораевтың «сатқындар» деп көпше түрде айтқанына наразылығын білдірді.

10 наурызда өткен сотқа судья Әділбек Дүйсебаев, прокурор Жасұлан Жүсіпбаев, Арман Шораев пен оның екі адвокаты, бақылаушылар мен журналистер қатысты. Арман Шораевты қолдауға келген жүзге тарта адам сот залына кіруді талап еткенімен, сот залына кіре алмады. 

Сот отырысы кезінде Шораев Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты сатқын дегенін мойындады. 

– Ертісбаевты сатқын дегенім рас, бұл шындық. Дәлелдеймін. Ертісбаев мырза сайлау барысында Ресей пропагандисі Соловьевтің бағдарламасында: «Мен орыс тіліне басымды иемін. Мен Путинге алғысымды білдіремін», – деді. Меніңше, оның бұл мәлімдемесі –  нағыз сатқындық. Өзінің парақшасынан скриншотты жариялап, «Бұл сатқындарға дауыс бермеңдер» дегенім рас. Ертісбаев мырза неге сатқын? Ең біріншіден, халық партиясы – бұрынғы коммунистік партия. Сол коммунистік идеяларын сатып, халықтық болып шыға келді. Екіншіден, 30 жыл бойы Назарбаевтың бұлбұлы болып, жақтап, енді өзі сол Назарбаев жүйесіне оппозиция болған партияны басқарып отыр, – деді Арман Шораев.

Сонымен қатар, өзінің үстінен арыз жазған Нұрия Балтабайқызын танымайтынын, ешқашан көрмегенін айтты.

Сотқа онлайн қатысқан Нұрия Балтабайқызы: 

– Мен партияға мақсаттарға жету үшін кірдім. Шораев «Бұл сатқындарға дауыс бермеу керек» деп жариялаған. Мен өзімді сатқын деп есептемеймін. Менің бұл жерде ар-намысыма, абыройыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп есептеймін. Бұл жерде қандай негізде менің бейнем постта алынды. Сол суретте менің бейнем бар», – деді. Нұрия Балтабайқызына жауап берген Арман Шораев: «Мен сатқындар деген жазбада сіздің аты-жөніңіз бар ма?» – деп сұрады. Алайда Нұрия Балтабайқызы: «Ол жерде менің бейнем бар», – деген уәжін айтты. 

10 наурызда болған сот отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Арман Шораев: – Арызданушы сотқа келе алмайды, осы жерге келсе, қалың халықты көріп отырсыз. Сол үшін келе алмайды. Мен әлеуметтік желі арқылы сот болатынын айттым. Мен сияқты тәуелсіз кандидат, депутат билікке қажет емес. 30 жылдан бері келе жатқан авторитарлық жүйеде тәуелсіз сот жоқ. Шындықты шырылдап айтқан қаншама адамдар сотталды. Ал осында келген адамдар маған рух береді, – деді.

Ал А. Шораевты қолдауға келген қоғам белсендісі Мөлдір Омарханқызы: 

– Сот процесіне келгендегі ең маңызды себебім: бірінші, Арман Шораев Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде өзін-өзі ұсынды. Менің азамат ретінде жеке пікірім, оның Қазақстанда тіркелген кез келген партияның атынан шығуға мүмкіндігі бар. Соны біле тұра ол халықтың мүддесі үшін жеке кандидат ретінде тіркелді. Екінші, А. Шораев мемлекеттік тілді қолдап отыр. Мен студент кезімнен, 20 жылдан бері «Қазақ тілінсіз мемлекет алға жылжымайды. Мемлекеттік тілді әрбір азамат мойындамай, қоғам бірікпейді, мемлекет дамымайды. Қоғам тіл төңірегінде консолидациялануы керек» деген принципті үнемі айтып келе жатырмын. Шораевты «Біз қазақ тілін төрге отырғызып, бір тілге көшуіміз қажет» дегені үшін қолдаймын. Үшіншіден, Ертісбаевты сатқын дегені үшін. Ал Ертісбаев сатқындық жасады, оны кез келген адам дәлелдеп бере аламыз. Нұрия Балтабайқызы болса ешқандай негізсіз арызданып отыр. Оны бәріміз көріп отырмыз. Шораев сатқын дегенде Ертісбаев секілділерді айтты, Нұрия Балтабайқызы деген жоқ. Сондықтан соттың Балтабайқызының шағымын қабылдауының өзі маразм. Қаншама елім, жерім деген азаматтар жазықсыз сотталып жатыр. Мен Қазақстан Республикасының жеке азаматы ретінде ҚР Бас прокуратурасына  «мына азаматты мына сөзі үшін соттауға болады немесе болмайды» деп жазып жатырмын. Бірақ ешқандай шағымымды қабылдаған жоқ. Нұрия Балтабайқызы жеке өз атынан беріп отыр, партияның атынан бере алмайды. Себебі партия халықтың мүддесін қорғауы керек. Тіркелген кез келген партия заң бойынша қандай мақсат-міндет арқаласа да, алдымен халықтың мүддесін қорғауы тиіс. ҚР Конституциясына қарама-қайшы келмеуі тиіс. Ал Шораевтың Facebook желісінде Ертісбаев секілділерді сатқын деуінің негізі бар. Себебі Айдос Сарым ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бола тұра, мемлекеттің, елдің атынан сөйлейтін азамат бола тұра «Ресейге біз тәуелдіміз» деп ел мүддесін сатты, біріншіден, екіншіден, осы сөзімен Қазақстан Республикасының 30 жылғы Тәуелсіздігін мойындаған жоқ. Ертісбаев: «Ресей халқына бас иемін, Ресей президентін мойындаймын, соғысты қолдаймын», – деді. Ал оларға сот жоқ. Оларды сатқын дегені үшін Шораевқа қатысты сот процесінің жалғасуының өзі заңсыздық. Шораевтың адвокаты Нұрия Балтабайқызының арызының ешқандай негізсіз, ешқандай нақты аты аталған факты жоқ екенін дәлелдеп берді. Нұрия: «Шораев жариялаған суретте менің бейнем бар», – деді. Онда Нұрияның бейнесі бар суретті парақшасына рұқсатынсыз қойғаны үшін Ертісбаевты сотқа берсін. Сондықтан Арман Шораев секілді Қазақстан Республикасының елім, жерім, тілім деп шырылдаған азаматтардың барлығын қолдауға бармын. Менің ұрпағыма керек тілім мен жерімді, елімді қорғау үшін сот процесіне Шораевты қолдау үшін ары қарай келе беремін, – деді. 

ТІЛЕКГҮЛ ЕСДӘУЛЕТ
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 329
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6433
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8045
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6512
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6649