Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың күре жолда қатынаған жолаушылар мен жүргізушілерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет көрсету нысандарын іске қосу жөнінде жүктеген тапсырмасына сәйкес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзитінің Көлқайнар ауылдық округі аумағына «Мақтарал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 200 млн теңгеге жуық қаражатқа сервистік қызмет көрсету нысанының құрылысын жүргізуде.
Бүгін Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев жол бойындағы әлеуметтік нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарын тағы бір көріп шықты.
Мердігер өкілінің айтуынша, мұнда көлік дәлізіндегі жүргіншілерінге, аймақ жұртшылығы мен қонақтарына демалу, тынығу, қонақ үй, дәмхана қызметтері ұсынылады.
Сондай-ақ көлік жуу, желімдеу, автотұрақ қарастырылған. Сервистік қызмет көрсету нысанының жер көлемі – 10 гектарды құрайды. Бүгінде 30-ға жуық жұмысшы жұмылдырылған ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Екі қабаттан тұратын еңселі нысанды аралаған Сәкен Қаланұлы құрылыстың сапасына баса назар аудару керектігін, желтоқсан айында жұмыстарды аяқтау кажеттігін ескертті.
– Мына күре жолдың бойында қатынаған жолушылар мен жүргізушілер үшін орталықтың маңызы зор. Аймақ басшысының тапсырмасының да негізі осында жатыр. Сондықтан жұмыстарды жеделдетіп, іске қосу керек, – деді Сәкен Қаланұлы.