Жақын інім әскерде қызмет істейді. Рота командирі. Сол інім Қаңтар көтерілісі кезінде ротасымен алаңда болды. Інімді әрқашанда рухани жағынан бай етуге септігім тиді. Ол рухани, имани байлықты сарбаздарының жүректеріне сіңіруге тырысатын. Содан ба, олар өзгелер сияқты қауіп төнгенде қашқан жоқ. Жараланса да қасқиып, оқиғаның аяғына дейін болды. «Қашқан, үрейленген өзге әріптестерімізді тоқтата алмадық. Ал біз жоғары жақтан бұйрық болғанша міз бақпадық. Біздің қолымызда қалқаннан басқа қару болған жоқ», – деді командир інім өз әңгімесінде. Тағы бір інім облыста әскери қызметте. Үрей билегені соншама – оның әскерлері алды-артына қарамай қашқан көрінеді...
Бұл жерде мен не айтқым келіп тұр? Рухпен, намыспен суарылмаған әскер қорқақ келеді. Атақты Бауыржан Момышұлын және оның әскерін даңққа бөлеген, айбарлы еткен, талай қоршауларды бұздырған, жауының үрейін ұшырған ол – Рух. Әр шайқасқа кірерде Баукең әскерлерін рухтандырып, «Аятүл Күрсі» дұғасын жеті рет айтып Аллаға сыйынады екен. КНБ болсын, басқа да әскери адамдармен, полицейлермен сөйлескенде олардың көпшілігі рухани жағынан сауатсыз екенін байқадым. Жан дүниесі кедей, намысы қайралмаған, өзінің тарихын білмейтін, дінін, иманын бойына сіңірмеген қай адам да солқылдақ, ел басына күн туғанда, жеке басына қауіп төнгенде қорқақ болады. Мәселен, Украина әскері қару, сан жағынан да болсын Ресейден кемшін жатыр. Бірақ олар қазір қуатты да айбарлы. Даңқты Ресей әскері майданнан тым-тырақай қашып, бүкіл әлемге масқара болып жатыр.
Менің қорқатыным күндердің күнінде елімізде осындай күн туа қалса, Ресейдің әскерінің кебін кимей ме? Қаңтар оқиғасы қалай болғанда да бәрімізге де ащы сабақ. Халыққа да, әскерге де. Халқын құрметтемеген әскер, полицей қатігез, зұлым күшке айналады. Себебі олар халықтың ішінен шықса да, жоғарыда айтқанымыздай, рухсыз, имансыз, намыссыз. Оның мысалдарын өз халқын аямаған полицейлердің зұлымдығынан көрдік.
Енді не істеу керек? Жақында облыстағы ініммен сөйлесіп қалдым. Олардың басшылары жауынгерлерімен әңгімелесуге имамды шақырыпты. Қысқасы, имамның әңгімесі сарбаздарға ғажайып игі әсерін тигізіпті. Мінеки, осындай жылы кездесулер керек. Тек имамды ғана емес, зиялы қауымды, қарттарды, жазушыларды, тарихшыларды, ғалымдарды шақырып, олармен кездестірген абзал. Бұл олардың жан дүниесін байытады, рух береді, намысын қайрайды.
Тағы бір ескеретін зор мәселе әскери дайындықты мектеп қабырғасынан бастап, ұрпағымызды күшті де қуатты, рухты етіп тәрбиелесек, қанеки! Жақында біздің газеттің қызметкерлері осындай игі істі бастап жатқан мектепте болдық. Жанымызға Желтоқсан көтерілісінің батырларын да ертіп бардық. Балалардың әскери жаттығуларын көрдік. Сондай-ақ олар қазақтың шығыстық мәнердегі жекпе-жегін үйреніп жатыр екен. Келесі аптада осы мектептегі кездесуден репортаж береміз. Өзгелер үлгі алсын!
Иә, әскеріміз күшті, қуатты, рухты болу үшін барлық жағдайды жасау біздің, мемлекетіміздің басты парызы мен міндеті. Сонда ғана біз үрейсіз өмір сүріп, әскерімізге, полицейлерімізге зор сенім артамыз, оларды құрметтейміз.