Биыл екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, шабуылдаушы-ұшқыш Талғат Бигелдиновтің туғанына 101 жыл толады. Осы датаға орай ҚР Қорғаныс министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымы даңқты жерлесіміздің құрметіне 19 тамыз күні Астана қаласының Триатлон паркінде «101 жыл – 10.1. шақырым» атты марафон өткізуді жоспарлап отыр. Оған кәсіби марафоншылармен бірге әуесқой спортшылар да қатыса алады. Себебі ең ұзақ қашықтықтан бөлек әуесқойларға арналған 4 шақырымдық қысқа қашықтық пен қатысушылардың жас шамалары да ескерілген.
Жарыс басталмай тұрып ҚР Қарулы Күштерінің түрлері мен тектерінің жауынгерлері өз туларын асқақтата, Триатлон паркі арқылы бір айналымды жүгіріп өтеді. Бұл күн қазақстандық әскери ұшқыштар үшін қос мереке болып саналады. ҚР Әскери-әуе күштерінің 25 жылдығы батырдың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл даңқты қазақ батырына ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен әрбір боздаққа көрсетілген құрмет.
Марафон барысында қалалық шығармашылық ұжымдармен қатар ҚР Қорғаныс министрлігінің, ІІМ Ұлттық ұланның әскери ансамбльдері өнер көрсетіп, құрметті қарауыл ротасының жеке құрамы өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етпек. Жеңімпаздар батыр атындағы медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.