Қордай аудан әкімі Мәден Мұсаев «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мырзағали Күзербаевпен бірге жұмыс сапарымен Сұлутөр ауылында болды. Ауылдық мектепте ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы өзін таныстырып, жұмыс сапарының мақсатын баяндады.
Тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді атап өтті. Атап айтсақ сұлутөрліктер Пушкин көшесін жөндеуді, көшелерді жарықтандыру және бастысы ауыз су мәселесін көтерді. Мәден Тоқтарбайұлы аталған мәселелердің біртіндеп шешімі табылатынын жеткізді.
Сонымен қатар аудан әбасшысы Мәден Мұсаев Кенен ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Жақында тағайындалған аудан басшысы өзінің жұмыс сапарының мақсатымен таныстырып, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына құлақ түрді. Кенен ауылында биыл жағымды жаңалық көп. Сумен қамту жүйесі жаңартылып, сегіз көше жөнделе бастады. Жаңа кішігірім саябақ пайда болып, ауылға көптен күткен газ келді. Тұрғындар осы басталған жұмыстардың аяғына дейін аяқталуын қадағалауды сұрады. Сонымен қатар ауыз судың қосымша көздерін тауып, ауылға жіберуді сұрады.
Келесі кезекте М.Мұсаев Отар ауылындағы «Зафар-Тараз» ЖШС-нің көмір базасына барды. Серіктестік өкілі Ыхтияр Каимов қазіргі уақыттағы мән-жайды баяндап берді. Оның айтуынша, Шұбаркөл сұрыпты көмірі тоннасына 14500 теңгеден сатылуда. Яғни, өткен жылғы баға сақталды. Ыхтияр Каимов көмірді алып сатушылардың бағаны тым асырып сататынын жеткізіп, оларға шара қолдануды сұрады. Осының кесірінен көмір базасынан бір қолға 3 тоннадан артық көмір сатылмайды.