Ауқымды реформалар – алға басудың алғышарты

Ауқымды реформалар – алға басудың алғышарты
Азаматтарымыздың денсаулығы мен саламаттылығын қорғауға арналған еліміздегі медицина саласы қазіргі уақытта нарықтық қатынасқа көшкен кезеңді басынан өткеруде.

Біздегі денсаулық сақтау жұмыстары Қазақстан Республикасы Конституциясына, «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау туралы» Заңға, «Халық денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүргізіледі. Осы орайда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері көрсететін дәрігерлік-санитарлық, дәрігерлік-әлеуметтік, дәрі-дәрмектік көмектің мемлекеттік кепілдігін қамт амасыз ету, олардың орындалуын қадағалаудағы жауапкершілігі, денсаулығынан айырылған азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, кепілденген дәрігерлік жәрдем шеңберіне сәйкес дәрігерлік жәрдем алудың әлеуметтік әділеттігі және теңдігі принциптеріне негізделген республикамыз азаматтарының денсаулығын қорғау тұрғысындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жолға қойылған. Ел Үкіметі құрамына енетін орталық атқарушы органның бірі ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы мен білім беру с а ласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, заңнамаға сәйкес азаматтардың мемлекет кепілдік берген көлем шегінде тегін медициналық көмек алуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру, халықты және денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстарын атқарады.

Оның қызмет бағыты ана мен баланың денсаулығын қорғау, қоғамдық денсаулық сақтаудан бастап, өзге де дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, денсаулық сақтауды цифрландыру, инвестициялық саясат, корпоративтік басқару, қызметтік ақпараттық сүйемелдеу, стратегия және даму, медициналық қызметтерді стандарттау, медициналық қызмет көрсету, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай саясат мәселелерін қамтиды.

Жылдан жылға денсаулық сақтау жұмысын жақсарту үшін, саланы жетілдіру үшін мемлекетіміз тарапынан көптеп қаржы бөлінуде. Жеке меншік секторларды қоса отырып, қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде. Дәрігерлерді оқыту мен олардың өз мамандықтарына қызығушылығын арттыру мақсатында жаңа кадр саясаты қалыптасуда.

Бірнеше рет қайта құруларды басынан кешіріп, алдағы уақытта да дамыта беру жоспарланып отырған ұлт денсаулығы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу кезеңдері мен қазіргі жағдайы туралы ғалым А.Ашимнің дерегіне сүйенсек, тәуелсіздік алумен бірге мұраға бұрынғы Кеңес Одағынан денсаулық сақтаудың орасан зор жүйесін алып қалған жас мемлекетіміз көптеген емханалар мен ауруханалар, материалдық және кадрлық жағынан құнды болып есептеліп, бүгінге дейін қолданыста жүрген ескі техникаларды да иеленген еді. Бұл ең мықты деген кадрлардың дені эмиграцияға кетіп, 1991 жылдан 1996 жылға дейінгі аралықта қаржы және білікті маман тапшылығы белең алған кез. Бала мен ересектер арасындағы өлім-жітімнің өршуіне, қиын материалдық жағдайларға қарамастан, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге барынша тырысқан денсаулық сақтау саласының өз жүйесінде оңды өзгерістер жасауға талпынғанын жұрт ұмытқан жоқ.

1996-1998 жылдар бюджеттік сақтандыру жүйесіне өту кезеңімен есте қалды. ҚР Президентінің 1995 жылғы 15 маусымдағы №2329 Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы Жарлығына орай, міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы тұрғындарды міндетті және ерікті сақтандырудың жай-күйі ойластырылды. Бұл қор Денсаулық сақтау министрлігінде жасалған міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасын қалыптастырған мемлекеттік коммерциялық емес ұйым еді.

Бұдан соң министрлік «Халық денсаулығы» атты алғашқы мемлекеттік бағдарлама ұсынды. 1998-2008 жылдарға арналған бұл бағдарлама Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуды көздеді. Ол үш кезеңнен тұрды және «Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің қол жеткен деңгейін қолдау, сақтау, экономикалық, құқықтық ұйымдастырушылық іс-шараларын жандандыру және денсаулық сақтау жүйесін нарықтық жағдайға бейімдеу», «Медициналық қызметтің ішкі нарығын қалыптастырудың экономикалық-құқықтық алғышарттарын жасау», «Медициналық мекеменің қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету », «Халық денсаулығын сақтау мен дамытуға азаматтар мен жұмыс берушілердің, мемлекеттің жауапкершілігі» деп аталатын қағидаларға сүйенді. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуында ғана емес, сонымен бірге соған қатысты сумен қамту, өндірілетін, тасымалданатын азық-түлік тауарларына бақылау жасау секілді, қоршаған орта мен экология сынды салаларда да шешілмеген мәселелер көп болды. Осының негізінде «Иммунизация», «Ана денсаулығының сақшысы», «ВИЧ-тің таралуын тоқтату», «Емдеу-сауықтыру және тууға көмектесу ұйымдарында асептиктер мен антисептиктерді сақтау», «Қоршаған орта және ұлт денсаулығы», «Отбасын жоспарлау», «Бала азығы» және тағы да басқа көптеген түйткілді жайттар қоғамда кезек күттірмейтіндей орын алды. Бұл мәселелерді шешу барысында мемлекет деңгейінде іс-шаралар желісі жасалғанымен, соңында белгілі болғанындай, ешқайсысы ақырына дейін жеткізілмеді.

Дегенмен, ұзақ уақыт жүргізілген жоғарыдағы бағдарлама бойынша ауылдық жерлерде емдеу мекемелері ашылды. Мектептердің төменгі сыныптарында тегін тамақ беру ұйымдастырылды. Орт а және арнаулы орта білім мекемелеріне педагог-психолог қызметі енгізіліп, арнайы штаттар бөлінді. Арнаулы клиникаларға, жеке меншік жоғары медициналық оқу орындарына сертификаттар ұсынылып, кепілдік лицензиялар берілді. Осы кезең тәуелсіз еліміз медицинасының қалыптасу тарихында кеңестік жүйеден қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне өту кезеңі деп орынды бағаланылып жүр.

Денсаулық сақтау саласындағы келесі қайта құруларды жүргізе бастаған министрлік 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамыту мен қайта құрудың мемлекеттік бағдарламасын жасады. Бағдарлама аясында тегін медициналық қызмет түрлері белгіленді және ол күні бүгінге дейін сақталып отыр. Бұл жоба денсаулық сақтау жүйесін түпкілікті өзгерте алмағанымен, бұл бағдарлама ұлттық денсаулық сақтау саласындағы негізгі бетбұрыстың іргетасын қалады. Осы уақыттарда денсаулық сақтау саласын басқарудың жаңа моделі пайда болды. Ана мен бала денсаулығын сақтау, демографиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендету сияқты классикалық тапсырмалармен бірге медициналық білімді қайта құру, медициналық білім беруді тереңдету, дәрігерлік біліктілікті көтеру сынды халықаралық қағидаларға негізделген тақырыптар қарастырыла бастады.

Медициналық қызмет сапасын жоғарылату және халықаралық талаптарға сай қазіргі заманғы ақпараттық технология арқылы жұмыстың тиімділігін бақылау жүйесін енгізу туралы проблема тұңғыш рет қозғалды. Осы бағдарлама денсаулық сақтау жүйесіне медициналық мекемелерде тіркелген әрбір ауру адамды қаржыландыру секілді жаңа механизмді енгізді. Жан басына шаққандағы норматив қажетті медициналық көмектің көлеміне, өңірдің ерекшелігіне қарай анықталды. Айталық, емханаларда тіркелген тұрғындар саны көп болса, онда мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі де соншалықты қомақты болмақ және бұл қаржылар дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалуы тиіс болды.

Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуімен бірге медициналық қызмет сапасын, айыппұл санкциясы жұмысын бақылау, медициналық көмектің әртүрлі параметрлерін бағалау айқындалды. Медициналық қызметтің сапасын басқару жүйесіндегі қол жеткен табыс деп сапа бағалау институтымен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін, сапа элементтерін, сапаны бағалау талаптарының халықаралық тәжірибесін ескерген арнайы әдістемелерді атауға болады. Қалай десек те, бұл бағдарлама Қазақстан медицинасының мейлінше дамуына қосылған зор үлес. Өйткені, бұл ретте, денсаулық сақтауға жыл сайын қомақты қаржы бөлінетін, тегін және жеңілдік бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жолға қойылған, қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзақтығына ықпал ететін, балалар реабилитациялық орталықтары және ана мен бала орталықтары, нейрохирургия, жедел медициналық көмек, кардиология орталықтарын қамтыған кластерлік жүйе енгізілді. Олардың қатарына арнайы салынып жатқан мамандандырылған медициналық мекемелерді, жасанды ұрықтандыру бағдарламасына жыл сайын бөлінетін квоталарды, қоғамға қауіпті аурулармен күресуді де жатқызуға болады.

Еліміз медицинасының даму тарихында денсаулық сақтау туралы заң да қилы этаптарды бастан кешті. «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» қабылданған кодексі мемлекетіміздегі денсаулық сақтауға қатысты барлық мәселелерді қарастырды. Осы саладағы басқару тетіктерін бекітті. Медициналық ұйымдарды және ҚР Денсаулық с ақт ау с а ласындағы білім ошақт арын жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді міндеттеді. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг сол үшін құрылды. Денсаулық сақтау саласында лицензия беру, аккредитация және аттестаттау жүргізу ережелері мен негіздемесі алғаш рет заң тұрғысынан белгіленді. Сапалы және қолжетімді медициналық қызметті, кең таралған ауруларға диагноз қою мен оны емдеуді, сауықтыру медицинасын дамытуды, «смарт-медицина» қызметін, ауруды қашықтықтан емдеу мен сауықтыруды, «электронды медицинаны», 16 жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет көрсетуді, яғни өмірдің минималды стандартын заңмен бекітуді енгізді.

Барлық ықтимал қауіп-қатерді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі кез келген күрделі жағдайға әрдайым дайын болуы керек. Ауру- сырқаудың белгілерін бастапқы кезеңінде анықтау және тосын сын-қатерлерге дер кезінде көңіл бөлінуі үшін әлеуетті арттыра беру саланың басты парызы. Қазір елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жүйелендірілген. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін бірқатар реформалар мен жаңашылдықтар жүзеге асты. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны үш еседен астам көбейді. Телемедицина және қашықтан мониторинг жасау сияқты цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл да болса алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттыруда.

Бір қарағанда атқарылып жатқан шаруалар шаш-етектен. Алайда, әлі күнге дейін ауылдарда кәсіби мамандардың жетіспеуі, денсаулық сақтау саласында мамандардың нашар дайындалуы, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағынан аз қорғалғандығы, аймақтардағы медициналық мекемелердің техникалық жағынан нашар жабдықталуы, мемлекеттік басқару ұйымдарындағы жемқорлық, жіберілген дәрігерлік қателіктерге дәрігерлердің жауапкершілігінің төмендігі, олардың кінәсін дәлелдеп, жауапқа тартудың күрделілігі секілді көптеген қиындықтардың ішінара болса да көрініс беруі денсаулық сақтау саласындағы реформалардың кешенді түрде жүргізілуі керектігін айғақтайды.

Жаңа технологиялар көптеп қолданысқа еніп, денсаулық сақтау жүйесіндегі инновация өте қарқынды дамып жатқан қазіргі уақыттың өзінде емдеу сапасына мұқтаж науқастарға қолайлы жағдай жасайтын әдістер мен аппараттар мегаполистер мен аймақ орталықтарынан шалғай елді мекендерде тапшы. Ресми деректер бойынша елімізде қажетті медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектерді тіркеу процесі де назар аударуды қажет етеді. Жалпы, медицина саласында көптеген әлемдік елдер қолданатын дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтарды Қазақстанға әкеліп тіркеу үлкен қиындық тудырады екен. Тіркеу мүмкін болғанның өзінде ол бір немесе бір жарым жыл уақытты алады. Ал, бұл өте ұзақ мерзім. «Дамыған мемлекеттерде қолданылып, дәлелденген препараттарды, технологияларды неге тіркемей- ақ өткізбеске?» дейді мамандардың кейбірі. Осының салдарынан қазақстандықтар жақсы құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді, ем- домды дер кезінде қолдана алмай отыр.

Медицина мамандарының айтуынша, еліміздегі медицина саласында кезең-кезеңімен қабылданған ауқымды реформалар жалғасын тауып, қарқынды жүргізілуі тиіс. Кеңес үкіметінен қалған хаттамалар мен ережелерден, бүгінде маңызын жоғалтқан өткен дәуір үлгілерінен арылып, заманауи стандарттарға бағыт алса ғана, денсаулық сақтау саласының жұмысы тиімді болмақ.

«Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, азаматтардың жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты» екенін өз Жолдауларында атап көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егер ұлт сау болса ғана қоғам тұрақты дамиды. Медицина – бұл инвестициялауға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау керек» деген болатын. Президент реформалары осы мақсатқа жеткізудің бірден-бір жолы.

«АҚ ЖОЛ»
30.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨЛЕБИДЕ ДЕНСАУЛЫҚ НЫСАНДАРЫ САЛЫНЫП, МЕКТЕПТЕР ЖАҢАРУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 01.07.2024 143
АСЫЛЖАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Ұлбике Әлібекқызы , Сарысу аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы - 30.06.2024 137
"ТАУ САМАЛЫ" ЛАГЕРІНЕ 200 БАЛА АТТАНДЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 30.06.2024 120
АСЫЛЖАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 30.06.2024 88

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1067
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 623
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 1945
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 1585
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2708