Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағындағы шырғалаңға Ресей әскерилерінің қатысы бар деген күдік тағы да қайталай айтылды. 6 қаңтар күні Әзірбайжан БАҚ-тары Президент Илхам Әлиевтің Ресейге қарата наразылық білдірген сөзін тарата бастады. Илхам Әлиев бұл сөзді ұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшелерінің үй ішімен және тірі қалған бортсеріктермен кездесуде айтқан көрінеді.
– Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан Әзербайжан азаматтарының қаны Ресей өкілдерінің мойнында деп сеніммен айта аламын. Біз әділдік талап етеміз, кінәлілерді жазаға тартуды талап етеміз, ашықтық пен адамгершілік талап етеміз. Қазір ұшақтың қара жәшігін зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жақын арада алдын ала нәтижені білетінімізге және бәрі өз орнына келетініне сенімдімін, қайғылы оқиға туралы бәрі белгілі болады. Әрине, бұл осы трагедияны толық тергеу және ондағы кінәлілерді жазаға тарту ісіндегі маңызды сәт болады, – депті Әзербайжан басшысы.
Бұл апатқа байланысты қара жәшікті оқу тапсырмасы Бразилияға берілген еді. Бүгін Бразилияның «Grupo Globo басқаратын және Central Globo de Jornalismo басшылығымен жұмыс істейтін бразилиялық» G1 жаңалықтар порталы «Бразилиялық мамандардың деректерді сараптау жұмыстарын 4 қаңтарда аяқтап, қатысты мәліметтерді Қазақстанға жібергендерін» хабарлады. Ақпаратта апаттың нақты себептеріне қатысты мәліметтер мен болжамдар айтылған жоқ.