Екі күннен бері ақпарат беттерінде, теледидар мен әлеуметтік желіде тараған Жамбыл облысындағы оқушы баланың өлімі туралы хабар біздің ұжымды бей-жай қалдырмады.
Бұл не деген қатыгездік!.. Өзі де аз қазақ ауру-сырқаудан, соттан, оттан, несиеден, жол-көлік оқиғалары, тағы да басқа апаттардан кетіп жатыр ғой. Жасы келіп кеткендер емес, қыршынынан қиылып, бірін-бірі өлтіріп, жастар, оның ішінде оқушы балалар өлімі көбейіп кеткені жаныңды ауыртады. Бұл бір облыстың мәселесі емес, бүкіл Қазақ елінің ортақ қасіреті!
Мен басқарып отырған ұжым жыл – он екі ай ел аралаймыз, үлкен қалалардан бастап, ауыл, аудан, міне 19 жылдан асты, мақсатымыз айқын. Газетіміздің ұраны: «Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз»! Бірнеше жылдан бері экспедицияларымыздың бейнетаспаларын ғаламторға салып отырмын, бейжай қарамаңдар, пікір айтыңыздар, ой-пікірлеріңізді газетімізге, сайттарымызға берейік.
Ұрпағымыз қайда барады, біз қайда барамыз? Неге осындай дәрежеге түсіп кеттік, себебі не? Біздің ұжым, мен өзім бастап бәріміз осы мәселенің себеп-салдарын, жолдарын талай жаздық, айттық. Басқалар да жазудан кенде емес. Бар мәселе өзімізде, ағайын, өзімізде! Отбасы – Отан тірегі. Отан отбасынан басталады. Отан – шағын мемлекет!.. Отбасынан береке кетті, мәселенің бәрі өзімізден. «Қатты түшкірсек...» билік қайда қарап отыр дейміз, бәрін билікке аударамыз. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деуші еді бабаларымыз, дастарқан басында шүйіркелеспейміз, бәріміздің қолымызда бір-бір ұялы телефон. Ата-әжелер дастарқан басында өсиет сөздер айтып тәрбиелеуші еді.
Бүгінгі «тәрбиеші» – көк темір, одан көретіні – атыс-шабыс, зорлау, қорлау, ату, сату, өлтіру... Ал біз туыс-бауырдан, мұғалімнен бастап, бүкіл билікті жамандап, даттаумен әлекпіз. Өзіміз ғана судан ақ, сүттен таза. Оған кінәлі, бірінші біз – ата-ана кінәлі. Одан кейін мектеп, қоғам. Бұл ақиқат, мойындайық!
Жолдауда ел Президенті Қ.Тоқаев геосаясат жөнінде ашық айтты. Бәріміздің көзіміз ашық, алмағайып заман болып тұр, ағайын! Әлемді көріп отырмыз. Ішкі жағдай да белгілі. Сондықтан өзімізге мықты болуымыз керек, сабыр сақтап, бірлікте болуымыз тиіс. Осы күнімізге зар болып қалмайық, ағайын! Жан-жақтарыңа қараңдар! Ұрпағың дұрыс болу үшін өзің өнеге көрсет. Ұлттық құндылығыңа құрметпен қара!
Кітапты өздерің оқымайсыңдар, газет-журналға жазылу десе, телефон – қаруларың, дереу «мәжбүрлеп жатыр» деп шыға келесіңдер. Кітап оқымас бұрын газет-журнал оқу керек. Оны қажет етпейсіңдер. Телефон қазір көпшіліктің «бәле іздейтін» құралына айналды. Бала осының бәрін көреді, қабылдайды. Жас жеткіншектердің айтқанын істеп қымбат телефон, қымбат киім-кешек, не керектің бәрін алып бересіңдер. Материалдық тұрғыдан тоқ, рухани аш ұрпақ өсіп келеді. Өз отырған бұтақтарыңды өздерің кесесіңдер ме, айналайындар-ау!..
Ұлт тәрбиесі – анадан. Әйел азса, ұрпақ азады. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлдік, өзім бастап қалам тарттым. Жаздық, екі мәрте жылына ел араладық. Жасыратыны жоқ, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», біз ел аралағанда шаршамаймыз, бірақ келеңсіздіктерден шаршаймыз. Газет-журнал шығару оңай емес. Ұжымымыздың қайрат-жігері, бірлігінің арқасында осылай жалғастыра береміз. Ақиық ақын Мұқағалидың «Шыда» өлеңін қару етіп «құлап, қайта тұрып», ақын Сабыр Адай бауырым жырлағандай, «Әр қазақ – менің жалғызым» деп қайта шығамыз. Бұрын «Ауылым – алтын бесігім», «Ауыл аманаты – ел аманаты», «Ауыл аманаты – бабалар аманаты» деп айдар тақсақ, Алла жазса, министрліктер қолдап, халық демесе, биыл «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» айдары аясында экспедицияға шығамыз. Біз барған облыстардағы игілікті істер мен проблемаларды, еңбек адамдарын, ұстаздарды, мектептерді, жұмысшыларды – бәрін жазамыз. Өкінішке қарай, көп адамдар газет оқымайды, ниет жоқ. «Естімесе сөз жетім» осындайда айтатын болар.
Кейінгі 2-3 жылда билік тарапынан немқұрайлық бар. Көпшілігі емес, әрине, қазір атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, министрлерге, әкімдерге кіру, кіру емес-ау, жауап алу «қияметтің қияметі» болды. Әкімнің, министрдің өзі қолдамаса, орынбасарларының көбі жас, тәжірибесіз, қолдағысы келеді, бірақ жүйе түсінікті. Оларға кіру үшін «тоқпағың» мықты болу қажет. Ресми төртінші билік бізді қолдамаған әкім, министр мырзалар қарапайым халықты қалай қолдайды? Сондықтанда билік пен халық арасы алшақтауда. Біз халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір емеспіз бе?!
Жақында ғана ауруханадан шығып жұмысқа араласып едім, Әулиеата өңіріндегі жайсыз хабарды естіп, белді буып елге аттанбақшымын. Бөлінгенім емес, елге ортақпым, сексеннің сеңгіріне келген, өздерің берген «Елана» деген атым бар, сол Жамбыл облысының Құрметті азаматымын... Оларды айтпай-ақ, перзентімін ғой осы елдің, кіндік қаным кесілген... «Итің жаман» десе намыстанатын елміз, басқа облыстарға барғанда «апай, сіз сол жердің тумасы емессіз бе?» десе, барған жоқпын деп қалай айтам?
Асқар Мырзахметов Жамбыл облысында әкім болғанда Пилоттық жобаны бастап, елдің еңсесін көтерді. Осы күнге дейін ол азаматты халық армандап іздеп отырады. Облыстарды аралап жүргенде бірі «апай, сіз Жамбыл облысынан емессіз бе, пилоттық жобаны айтыңызшы» деді. Бәріне мақтанышпен айтам, сол пилоттық жобаны газетіміздің ондаған нөмірінде жарқыратып беріппіз. Қордай қақтығысында, Байзақ жарылысында апталап жатып, халықты арандатпай, жылағанға жұбату айтып, ақиқатын туралықпен жеткізіп, газетімізге бергеніміз есімде.
Бүгінгі мектеп жасындағы балалардың адам шошырлық әрекетін, қатігездігін көріп, жағамды ұстадым. Ұрпақ азғындап барады, өкінішті, әрине. Қазақы қаймағы бұзылмаған Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары ерте жүктіліктен, суицидтен бірінші орында екен. Неге бұлай? Бұлар нағыз қазақы өңірлер емес пе? Қай жерден қателік жіберіп жатырмыз? Ойланайықшы, ағайын! Осы облыстарда пилоттық жоба жасайық, дабыл көтеретін кез келді деп шештік. Үш облыстың әкімі бірден қолдады, айналайындар. Олар: Дархан Сатыбалды, Нұржан Нұржігітов және Нұрлан Ноғаев. Роликтерді жасадық. Жамбыл облысының 10 ауданын түгел, Маңғыстау облысының 6 ауданын араладым. Олар астымызға көлік беріп, кездесуге елді жинады... Содан бері бұл мәселе күн тәртібімізден түскен емес, түспейді де!.. Барлық облысты қамтыдық.
Дабыл көтеріп, қаншама мақалалар жаздық, себеп-салдарын айттық, тиісті орындар назар аударса деп ескерттік. Бірақ, көріп отырсыздар, осындай жаныңды, жүрегіңді ауыртатын оқиғалар көбейіп барады. Қалай тосқауыл қоямыз? Не істейміз? Ана ретінде айтарым – тәрбиені отбасыдан басталық. Салт-дәстүрлерімізді балаларымыздың жан дүниелеріне тоқиық. Балабақша, мектептерде имани тәрбиені күшейтейік. Бұл кесірлі оқиғалар сонда ғана барып тоқтар. Ау, ағайын, бәріміз де осыған жұмылайық. Бәріміз бірігіп кесапатты қуайық, аластайық ортамыздан! Ел боламыз десек, оянайық, әлеуметтік желіні түзейік! Әр отбасы өзімізден бастайық, айналайындар!
«Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, жоғарыда айтқанымыздай, алдағы уақытта бұдан да жаман оқиғалар орын алуы мүмкін. Бүгін балалар бірін-бірі өлтіріп жатса, ертең әкесін, анасын өлтіріп жатса, күйінбеңіз! Ондай оқиғалар болып та жатыр...
Сонымен, экспедициямыз әне-міне жолға шығады, сәт сапар тілейік, ағайын!