Ақтауда өткен «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары кіл мықтыларды анықтады. Биылғы дода ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Халықаралық деңгейлерге сай бой түзеген спорт кешендерінде республиканың түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынасқан жарыста бас жүлде командалық есепте Түркістан облысына бұйырды. Команданың қоржынында 195 ұпай.
Төрт жылда бір болатын «Ауыл олимпиадасына» Қазақстанның 14 облысынан келген екі мыңнан астам спортшы қатысты. Өңір командалары спорттың 14 түрінен, атап айтқанда, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс және кикбоксингтен сынға түсті.
Халық арасында бұқаралық спортты насихаттау және спортқа тұрғындардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткен ауыл спорты ойындары алғаш рет 2000 жылы Астана қаласында өткізілді. Қазір «Ақбидай» Олимпиада жүйесі бойынша төрт жылда бір рет өтеді. Алдыңғы додаларда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының өрендері бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алған болатын. Түркістан облысының спортшылары жеңіс жалауын желбірете түсу үрдісін бұл жолы да сақтап қалды.
Ақтаудағы сайыста түркістандықтар қазақ күресінен, аударыспақтан, қол күресінен оқ бойы озық тұрды. Сондай-ақ тоғызқұмалақ шеберлері республикада топ жарды. Теңге ілу, жамбы ату сайысында да түркістандықтар жеңіс тұғырынан көрінді.
Түркістан облысы құрамасының жоғары деңгейде дайындалуына барлық мүмкіндіктер қарастырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауын ерекше айта кеткен жөн. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев команда құрамын мықтылармен жасақтауда өзінің іскерлігін көрсетті. Бапкерлердің де қажырлы жұмыстары жемісін берді.
Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Ғани Ахметбаев бастаған шәкірттер өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Өзге спорт түрлерінен де Түркістан ұландары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Саятшылық спортынан түркістандықтар қола алқаны қанағат тұтса, гір тасын көтеру спортынан командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Волейболдан ерлер командасы ІІІ орынды еншіледі. «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында 183 ұпай жинаған Алматы облысының командасы ІІ орын, ал, 166 ұпаймен Қызылорда облысының спортшылары ІІІ орыннан көрінді. «Ақ бидай» республикалық ауыл спорт ойындары 2025 жылы Алматы облысында өтетін болады.