Оралдағы №48 «Мұрагер» бөбекжайының әдіскері Шолпан Сабирова республикалық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш байқауды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте жастан дамыту институты» ұйымдастырған. Жалпы бұл – әдіскерлердің инновациялық және кәсіби маңызды тәжірибесін анықтап-тарату, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мәртебені көтеру, кәсіби имиджді қалыптастыру мақсатында өткізілетін дәстүрлі іс-шара.
Биыл байқаудың алғашқы кезеңі – аудандық және қалалық байқауға 10 мыңға жуық үміткер қатысыпты. Одан әрі жеңімпаздар келесі облыстық кезеңге қатысып, іріктелген педагогтер республикалық байқауға жолдама алған. Ал республикалық байқауға еліміздің әр түкпірінен үздік шыққан 18 әдіскер қатысқан. Олардың жұмыстары Е-портфолионы зерделеу, «Мен – әдіскермін» онлайн түрде сұхбат алаңын ұйымдастыру, «Әдістемелік шеберлік» бейнеролик блоктары бойынша бағаланған. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Шолпан Шамұратқызы жоғары ұпайға ие болып, республика бойынша «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» атанған.
Шолпан Сабирова – 15 жылдан бері білім беру саласында қызмет жасап келе жатқан педагог-зерттеуші. Соның ішінде 11 жыл әдіскер лауазымы бойынша еңбек еткен. Әдіскерлер арасындағы республикалық олимпиада, блиц-турнир жеңімпазы атанған озық маман облыстық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық жұмыстары ұстаздарға арналған басылымдарда жарияланып келеді. Ол – 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру тренері. Білікті педагогтың осы жылдар ішіндегі еңбегі елеусіз қалмай, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының Алғыс хатымен, БҚО білім басқармасына қарасты білім беруді дамыту орталығының, Орал қаласы білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.