«Оқы, оқы және оқы!» Бұл ұран сол кездің ең үлкен ғимараты болып елестейтін біздің ауылдың ортасындағы қам кесектен салынған шатырсыз жеті жылдық мектебіміздің маңдайшасына қызыл матаға жазылып тұрған күннен бері жақсы таныс. Совет үкіметі құлап, құндылықтардың орны өзгерген кезде «Заманының ақыл-ойы, абыройы, ар-намысы» компартияның Күн көсемінің бұл ұранды мың жарым жыл бұрын көктен түскен қасиетті Құран кәрімнен жымқырғаны ашық айтылған кезде төбемізден жай түскендей болғаны да рас. Жетпіс жеті атасынан бері қарны тойып нан жемеген құл-құтандардың езілген ұрпағына теңеп, зарыққанын жебеп, тегін бастауыш білім, тегін жоғары білім, тегін медицина, мүгедектерге жәрдем ақы, кәрілерге зейнетақы, т.б. сансыз жеңілдікті мемлекет есебінен жасаған қиялымыздағы аққанатты періште Күн көсемнің мына әрекетін қабылдай алмай қатты қиналдық. Сөйтсек, шын ақпаратпен көсемнің табынушыларына деген ақпарат, қырлап өңдеп көз қарықтырар ғып ұсыныларын кеш ұғыппыз.
Тоқсаныншы жылдардағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде «Бесіктен бейітке дейін ілім ізде», «Қиямет күні ғалымдар жәннаттың басқа есігінен сұрақ-жауапсыз кіреді» деген жолдарды оқығанымыз есте. Тек кейінгі «ұстаздар» жаннаттағы хор қыздарының фигурасын сипаттаудан аса алмай қалғаны болмаса. Соған қарағанда, ғылым туралы сөз қозғау оңай емес-ау.
«Жалпы қазақ ғылымды игеруге қаншалық қабілетті?» деген сұрақ күн тәртібінен ешқашан түспесе керек. Өткен естеліктерге қарасақ, халқымыз сал-сері, би-шешен, ақын-жырауларға ерекше құрмет көрсетіп төбесіне көтерген. Ал сол ақын-жыраулардың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген хакім Абай, Шәкәрім қажы, Алаш арыстарынан басқа тоқсан сегіз пайызы:
«Дүние ойлап тұрсам шолақ екен,
Адамзат бір-біріне қонақ екен.
Жігіттер, жас шағыңда ойна да күл,
Қызығы бұл жалғанның сол-ақ екен», – деп құйқылжиды. Яғни сен кумир санап жүргендер, жас шағыңда өнер, ғылым үйрен демейді, жас шағыңда ойна да күл, гуілдет, дүрілдет, дүниені шайқа дейді. Біз бұл «өсиетті» асыра орындадық. Отыз бес жылдық тәуелсіздік заманында бізде ең дамыған бизнес, той бизнесі, тойхана салудан әлемнің алдыңғы орындарын жауласақ керек. Сонда да жетпей жатыр. Маусымда келін түсіріп, беташар өткізген құдамыз бес жүз адамға салтанатты тойханада қазан айының соңғы дүйсенбісінде ғана дүрілдеген той өткізді. Соған дейін кезек жетпеді. Тойханаға әуелгі кезде ақ боз арғымақпен, өркеші баладай нар түйемен, «лимузинмен» кіру өзгеше құрметке бөленсе, кейінгі кезде есекпен кіру деңгейіне дейін төмендеді. «Қазақтың тойы бітпесін» деп еліріп жүретін осындай есекбас асабаларға «тәйт» дейтін ақсақал, қарасақалдардың жоғы қынжылтады. Кейінгі кезде тойдың сәні кетіңкіреп, топ-тобымен шығып сөйлеп, колхоздың жалпы жиналысы сипатына айналып бара жатқандығы, қонақтардың уақытынан кеш келетіні, асабаның білім-білігінің төмендігінен түрлі келеңсіздіктер орын алғандығы әлеуметтік желіде айтылуда. Бірақ нәтиже шамалы.
Біз той бизнесін қыздырып жатқанда, қуатты державалар ғылымның өркендеуіне күш салуда. Жері қазба байлықтан жұрдай швед ғалымы Густав Эрик ғылыммен, өнертапқыштықтың арқасында сіріңкені (оттық, шақпақ, спичканы) ойлап тауып, қолданысқа енгізіп, патенттеп, жылына пәленбай миллион доллар кіріс тауып отыр. АҚШ-та тәлім алған жас ғалым Селжүк Байрақтар Түркияның өз дронын жасап шығарып, әлемдік қару-жарақ шығаратын зауыттардың өнімдеріне он алты трлн доллар залал келтірген. Ал біздің Селжүктеріміздің жетістіктерін қашан көреміз?
Отыз бес жыл ішінде он үш мың түлек шетелде тәлім алған делінеді әлемжеліде. Солардың бір пайызы қазақ дронын шығарумен айналысса ғой деп қиялдайсың кейде. (Біздің де шетелде білім алып келген жас ғалымдарымыз бұл салада әлемді таңғалдырар жаңалықтар ашып, одан мен бейхабар болсам, алдын ала кешірім сұраймын). Кейбір баяндамаларда да шетелде білім алып келген бәсекеге қабілетті жастарымыз креативті идеялармен, жаңа инновациялық модельдермен қаруланып, ұлттың қуатты зияткерлік әлеуетін әлеуметтік-экономикалық әртараптандыру реформаларын терең һәм жүйелі түрде жүргізуге бағыттап жатқандығы айтылады, айтылғанға сенгіміз келеді. Ал кей жастарымыз лайықты жұмыс таба алмағандықтан Англияда алма терудің, Кореяда құлпынай терудің «нұрлы һәм жарқын» көрінісіне үлес қосып, қаржылық проблемаларын жеңілдеткеннен хабардармыз. Кейінгі кезде еліміздегі мектеп оқушыларының үлгерімі мен тәртібі қатты алаңдатады. Кейбірі сабақ үстінде карта ойнап отырса, кейбірі мектепке балта әкеліп дүрбелең салуда. Тіпті тәртіпті оқушының білім деңгейі көңіл көншітпейді, бұл отыз бес жылдағы он жеті білім министрі ауысқанның «жетістігі» дейді желі оқырмандары. Енді «Қазақ осы көргенінен танбайтын, той-думансыз оты түзу жанбайтын» (Қадыр) қазақты қайткенде ғылым жолына тойға барғандай ынталандыруға болады? Осы жолда тер төккеннің бірі де, бірегейі де марқұм тәуелсіз журналист Өмірзақ Әбдіуәлиұлы Ақжігіт еді. Қазақты тығырықтан шығаратын жалғыз жол – білім, ғылым деуші еді. Өзі де құр сөзбен шектелмей, соңғы бес жылын ғылым туралы журнал шығаруға арнап, демеуші іздеп шарқ ұрып шаршағаннан хабардармыз. Бұл мақсатына жетті де, «Білім бақыт, ғылым байлық, техника күш» атты журналға 31.05.2024 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің № KZO3VPY00094065 куәлігін алып, журнал атауын ежелгі «Білім және еңбекке» өзгертіп, енді жұмыс бастаймын дегенде денсаулығы сыр беріп, көз жұмды. Өмекеңнің оптимистігі мен фанатизмі сұмдық еді. Жұрт қарадай қорқатын рушылдық, жершілдік, трайбализм дегенге күле қарайтын. «Мұнда қорқынышты ештеңе жоқ, өнімдерімен әлемді жаулаған елдердің фирмаларының кейбірі руларының атымен аталады. Мәселен «ҚТ»-ның жас өнертапқышы әлемде теңдесі жоқ құрылғы ойлап тауып, оны рулас меценаты қаржыландырып, патенттеуіне жәрдемдессе, бұл өзгелердің ғылымға, өнертапқыштыққа бет бұруына пайдалы қозғалыс болар еді. Біздегі кәсіпкерлердің айналасында өзіне жақын «қарынмен ойлайтын бәдене таланттардың» (М. Шаханов) көбеюі шетелден әкелінген дайын қондырғы, дайын өнімді сатумен шектелуінде.
Ал алып-сатуға көп білімнің қажеті шамалы. Егер сол қондырғы, жарақтар кәсіпкердің өз еліндегі өз зауытында өндірілгенде әлгі кесапат бәдене таланттардың бірде-бірі қалмас еді. Себебі өз зауытында бәсекеге қабілетті өнім шығару ойыншық емес. Табиғи сұрыптау процесі өз дегенін жасар еді. Біздің кемшілігіміз қайраты қанасына симай тасып тұрған жастардың бетін ғылымға, өнертапқыштыққа бұра алмауымызда. Егер біздің ғалымымыз, өнертапқышымыз өз жаңалығымен әлемді мойындатса, әлем оны қазақтың жаңалығы, жетістігі ретінде қабылдайды. Ғылыммен өнертапқыштық егіз, әлемдік ғылымда қазақ ғасыры туатын күн алыс емес, мен соған сенемін» деуші еді. Өмекеңнің идеясы ғылымды насихаттаудан тұратын.
«Данышпандар идеяны талқылайды, орташалар оқиғаларды талқылайды, ергежейлілер адамдарды талқылайды» деген екен Эленора Рузвельт.
Өмірзақ Әбдіуәлиұлы Мәскеудің Құрылыс институтын (МИСИ) тамамдай тұра ұлттық тамырынан ажырамаған азамат. Біздің өзгелерден бір ерекшелігіміз – Мәскеуде тәлім алғандар әлемдік деңгейге көтеріліп кетіп, әлемдік проблемаларды шешуге қызу кірісіп, ұлт мүддесін ұмытыңқырайтын кездері болғаны жасырын емес. Ал Өмекең ондайдан ада.
Қоғам қайраткері Жауғашты Нәбиевтің демеушілігімен шыққан екі томдығындағы ұлтымыздың әртүрлі мамандық иелері, маңдай алды марғасқаларымен тең атаның ұлындай жүргізген сұхбатына таңдай қақпасқа амал кем. Әдебиетшімен әдебиетші, тарихшымен тарихшы, дәрігермен дәрігер, технармен технар боп, тақырыбының көпшілікке беймәлім «Әй, қап!», «Әттеген-ай!» дегізетін қырларын жарқырата ашып беру екінің бірінің қолынан келмесі хақ.
Құрметті оқырман, 5 мамыр – Өмірзақ Әбдіуәлиұлының дүние есігін ашқан күні. Екі жыл бұрын ғана 70 жасқа толған дүбірлі тойының қуанышын бірге бөліскен едік. Маңдайға жазылған тағдырға кімнің не шарасы бар?
Өмекеңнің «Ақылдыға қайғы алдыратын, ақымақты ойландыратын» (Жұмекен) сұхбаттары талай жастың ғылымға бет бұруына жол ашады деп сенеміз.
Хош, ардақты Өмеке! Алдың бейіш, артың кеніш болуға жазсын!
Алла артында қалған отбасына ұзақ ғұмыр, мол ризық-несібе нәсіп етсін!
Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ,
зейнеткер, Астана қаласы















