«БАҚ туралы» заңды қайта қарау керек» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында. Меніңше, жаңа Қазақстанға «БАҚ туралы» жаңа заң қабылдау керек. Ол заңға «Журналистердің мәртебесі туралы» және «Қаламақы төлеу туралы» жаңа екі бөлімді енгізуді ұсынамын. Енді осыларға жеке-жеке тоқталайын.
Журналист мәртебесі туралы
Бүгінгі таңда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне жол ашылған. Сол себептен, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары тез дамуда. Алайда өмірдегі әртүрлі құбылыстарға ашық баға беріп, ақты – ақ, қараны – қара деп жазатын қауымның түйткілді мәселелері аз емес. Мәселен, қоғамдағы ащы шындықты бетке айтатын, ашық жазатын әріптестерімізді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әрекеттері әлі тыйылмай отыр. Бұл – журналистің қауіпті мамандық екенін дәлелдейді. Мұндайда мемлекет ел алдындағы кәсіби міндетін адал атқаратын журналистердің еңбегін үнемі назарда ұстап, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда заңды жолмен қорғауы тиіс.
Осы жерде сөзіме дәлел ретінде мынадай статистиканы келтірейін. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры қаңтар трагедиясы кезінде Қазақстанда сөз еркіндігі құқығын бұзу және журналистердің қауіпсіздігін бұзуға қатысты бірнеше фактілерді тіркеген. Мәселен, қаңтардағы оқиғалар кезінде журналистерге шабуыл жасалған 34 факті тіркеліпті. Соның ішінде, нақты бір адамға жоспарлы шабуыл – 1 (Амангелді Батырбеков, Түркістан қаласы), кәсіби міндеттерін орындау барысындағы шабуыл – 19 (17-сінде шабуылдар журналистер алаңдардан ақпарат тарату кезінде жасалған), шабуыл кезінде 1 журналист қайтыс болды (Мұратхан Базарбаев, «Алматы» телеарнасының қызметкері). Бұдан бөлек, журналистердің тұратын үйіне, жұмыс бөлмесіне басып кірген 1 жағдай тіркелген (Ардақ Ерубаева, «Orda.kz», Ақтөбе қаласы), 13 журналист ұсталған. Журналистерге қоқан-лоқы жасау бойынша 25 оқиға болған. 3 әріптесіміз қылмыстық қудалауға, 8 әріптесіміз әкімшілік қудалауға ұшыраған. Соңғысында 4 журналисті заңсыз шерулерге қатысты деген айыппен 5-15 күнге уақытша абақтыға қамаған. 5 қаңтарда Алматыда бұзақылардың «Хабар», «Қазақстан», «МИР», «Еуразия», «КТК» телеарналарының кеңсесіне шабуыл жасағаны мәлім. 9-28 қаңтар аралығында 12 журналистер мен блогерлерді қарсылық акцияларына байланысты полиция бөлімшелеріне тергеуге шақырған.
Жоғарыдағы деректен байқағанымыздай, журналист әлемдегі ең қауіпті 5 мамандықтың қатарына кіреді. Біздің қоғамда да журналистерге әртүрлі қоқан-лоқы, қысым көрсету, соққыға жығу деген жағдайлардың болатынын баспасөз бетіндежазып жүрміз. Бұл – Қазақстанда журналистерді заң жүзінде қорғау механизмінің әлсіз екенін көрсетеді. Менің ойымша, жаңадан жазылатын «БАҚ туралы» заңға «журналистердің өзінің, отбасы мүшелерінің өмірі заңмен қорғалады» деген бап енгізуіміз керек. Өйткені, журналистер де төтенше жағдай қызметкерлерімен бірдей өте қауіпті жерлерде (шеру, жер сілкінісі, өрт және т.с.с) жүріп, басын қатерге тігеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне, жүрегіне үлкен салмақ түседі. Кешегі пандемия кезінде өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, қоғамдық орындардан ақпарат таратқан кім? Бірақ олардың міндеттемелері көп те, құқықтары жоқ! Сондықтан құқықтық, қауіпсіздік, әлеуметтік жағынан кепілдіктер беру керек. Ол үшін журналистерге мәртебе беру керек.
Заң қабылдау дегеніміз – міндеттеу. Әрине, міндеттеу үшін себеп керек. Бізде БАҚ туралы жаңа заңды қабылдауға үш түрлі себеп бар. Біріншісі – еліміздегі «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, «БАҚ туралы» заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана тайға таңба басқандай етіп жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз жоқ.
Екіншісі – бүгінгі таңда Қазақстанда журналистердің конституциялық құқықтары жиі бұзылады. Мысалы, бірнеше жыл оппозициялық БАҚ-та (газет, телеарна, ғаламтордағы сайт) жұмыс істеген әріптестерімізді мемлекеттік БАҚ-тар жұмысқа қабылдамайды. Бір өкініштісі, сол жұмыссыз жүрген журналистер газет редакциясына берген өтінішінің екінші данасын сотқа апаруды білмейді. Ал Еңбек кодексінде «Журналистердің еңбек ету құқықтары» деген бөлім жоқ.
Үшіншісі – шетелдердегі сияқты қазақстандық журналистердің де жеке және жақын-жуықтарының өміріне қауіп төнеді. Ондай кезде журналистерді қорғайтын заңдық негіз жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта қабылданатын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар оның жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын арнайы бап болуы тиіс. Ата заңымыздағы «Адамның өмірі бәрінен қымбат. Ол заңмен қорғалады» деген сөйлемді «БАҚ туралы» заңымызға да енгізіп: «Журналистердің өмірі заңмен қорғалады» деген баппен толықтыруымыз керек.
Біз үнемі үлгі тұтатын көршіміз – Ресейдегі жағдай мүлдем басқаша. Екі елдің заңнамасын салыстырып көрейік. 2010 жылы Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам мен адам құқықтары институттарын дамыту жөніндегі кеңес РФ Қылмыстық кодексінің 144-бабына («Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру») жаңа бөлім қосуды ұсынды. Соның нәтижесінде, 2011 жылы заңнамаға өзгеріс (№420 Ф-3 07.12.2011. РФ федералдық заңының 3-шы тармағы) енгізіліп, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын болды. Оған қоса, Борис Резник бастаған бір топ Мемлекеттік Думаның депутаттары журналистерді соққыға жыққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайтатын заң жобасын ұсынды. Олар журналистерге қатаң шабуыл жасаған, ұрып-соғуға тапсырыс бергендерді 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ресейлік депутаттар Қылмыстық кодекстің 277-бабына түзетулер енгізіп, журналистерді мемлекет және қоғам қайраткерлеріне теңестіру жөнінде бастама көтерді.
Менің ойымша, бізге «Журналистің ерекше мәртебесі мен кепілдіктері туралы» толық, жеке заң қабылдау қажет. Өйткені, журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағидаттарды анықтап алып, жаңа заңда нақтылап белгілеу керек. Мысалы, журналист деген кім? Заң бойынша, мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Яғни, жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы мәселе ап-анық жазылуы қажет. Енді кепілдік дегенді түсіндіріп берейін. Мысалы, журналист бір жоғары лауазымды тұлғаға сауал жолдаса, оның толық жауабы қашан, қалай берілуі керек? Егер жауап берілмесе, құзырлы мекеме мен лауазымды тұлға қандай жауапкершілікке тартылуы тиіс? Сондай-ақ, құзырлы мекеме журналистің жолдаған сұрағына жауап беруі керек пе, әлде керек емес пе? Осылардың бәрі заңда нақты кепілдік ретінде жазылғаны жөн. Ондай кепілдік болмаса, журналистің құқықтары бұзылады. Өкініштісі сол, біздің әріптестеріміз өзінің құқықтарын қорғайтын өзге де заңдар барын білмейді. Мысалы, Қылмыстық іс жүргізу кодексінде куә, куәгерлерді қорғау туралы бөлім бар. Егер журналист өзінің қызметіне қатысты белгілі бір оқиғаларға куә не куәгер болса, онда ол мемлекеттің қорғауында болады.
2019 жылы Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Президентке: «Қазақстанда құқығы жиі бұзылатын, тиісті деңгейде заңмен қорғалмаған мамандық иелерінің бірі – журналистер. Олар ешбір әлеуметтік топтарға жатпайды. Бізде журналистердің мәртебесі туралы заң жоқ. Өзіңіз де журналистикаға етене жақын адамсыз. Ендеше, осындай жаңа заң қабылдауға көзқарасыңыз қалай? Осы іске бастамашы боласыз ба?» деген сұрақ қойып едім. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер қажет болса, Үкіметке тиісті тапсырмалар беремін. Алдағы уақытта Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз. Я болмаса, мен өзім Президент ретінде Жарлығымды шығарамын» деп жауап берді. Сол Заңның я болмаса Президент Жарлығының шығатын күнін мен ғана емес, мыңдаған журналистер күтіп жүр, Президент мырза!
Қаламақы төлеу туралы
«БАҚ туралы» жаңа заңға қаламақы төлеу туралы бап енгізгенде ғана көп мәселе шешіледі. Еркін ойлы журналист еркін жаза алуы керек. Біздің бәсекелестікте көбіне ұтылып қалатынымыз да осы – еркін жаза алмау. Біреудің көңіліне тиіп кетермін деп немесе биліктен, бай адамдардан қорқу, жалтақтық, тәуелділік бар. Дамыған демократиялық мемлекеттерде де әлеуметтік желілер алға шығып кеткен. Бірақ, газет те өз биігінен түспеген. Неге? Себебі, оларда азат ойлаумен қатар, еркін жазу бар және журналистерді қорғайтын заң бар, қаламақылары өте жоғары. Әділетті қаламақы саясаты жоқ жерде, даму да жоқ. Дұрыс қаламақы саясаты ұлттық журналистиканы биікке көтереді. Яғни, журналистикаға кездейсоқ адамдар емес, нағыз кәсіби шеберлері келеді. Осы мәселені өткенде Мәжіліс мінберінен әріптесіміз, депутат Мейрамбек Төлепберген ағамыз батыл көтерді. «Түрлі деңгейдегі мерзімді жәнеэлектронды басылымдарға жылма-жыл беріліп келе жатқан мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі тапсырыстары аясында журналистер мен тұрақты авторларға нарық жүйесіндегі талаптарды сақтай отырып, «қаламақы қоры» деген арнайы тармақша енгізу керек деп ұсынамыз» деген ұтқыр ұсыныс айтты. Яғни, осы ұсыныс заңға міндетті түрде кіруі керек.
Заң жобасын заңгерлер ғана дайындай ма?
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесуде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров «Заң жобасын сайып келгенде заңгерлер дайындайды, олар өзгерістер мен толықтырулардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетінін немесе келмейтінін нақтылайды» деді. Министр бұл мәселеге қатысты пікірін былай жеткізді: Ал «БАҚ туралы» заңымызда не өзгереді дегенге келейік. Бүгінгі таңда мемлекет, қоғам, журналистік қауымдастықтың мүддесі үшін не қажет, соның бәрін өзгертуіміз керек. Қайта қаралады дегеніміз осы. Бұл үдеріс қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын атап айтқым келеді. Яғни, журналистік ұйымдардың, журналистердің құқықтарын қорғайтын мекемелердің, сарапшы-мамандардың заңнамаға қатысты ұсыныстары, өзекті деген мәселелері толық ескеріледі. Кеңінен талқылау өткізу үшін, ең алдымен ұсыныстарды жинақтаймыз. Содан соң, бір үстелдің басына отырып, әр мәселені бөлек-бөлек талқылаймыз. Ол үшін жұмыс тобын құрамыз». Қош делік.
Меніңше, «БАҚ туралы» жаңа заңның жобасын журналистер қауымы заңгерлермен бірігедайындағаны абзал. Жұмыс топтарына мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, халықаралық журналистердің құқықтарын қорғайтын мекемелер өкілдері, Парламент депутаттары кіруі керек. Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасының Ата заңымызбен және басқа да конституциялық заңдармен сәйкестігін тексеріп, Парламентке жолдағаны дұрыс. Сонымен қатар, жаңа заң жобасын Мәжіліс не Сенат депутаттары да дайындап, ұсынуға құқылы. Сол кезде жаңа заң жан-жақты жетілген, әділ және өміршең құжат болып шығады.
Мықты және сұраныстағы медиа
Қоғамда сұраныс артатын және мықты медиа дегенге келейік. Бәсекеге қабілетті медиа пайда болуы үшін мемлекет БАҚ саласындағы ахуалға дұрыс көңіл бөлуі тиіс. Мысалы, еліміздегі баспа БАҚ-тың барлығының жағдайы бірдей емес. Мемлекеттік газет-журналдардың бәріне бюджеттен қаражат бөлінсе, ал мемлекеттік емес газет-журналдардың жағдайы мүшкіл. Сол себептен, мемлекет отандық БАҚ-ты мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге ықпал етуі керек. Жекеменшік әрі тәуелсіз БАҚ-тарға қаржылай қолдау жасағанда ғана газет шығару, тарату, жаздыру, насихаттау сияқты өзекті мәселелер оң шешіледі.
Бұл жерде шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн. Еуропа елдерінде пошта тарифтері өте жоғары, алайда олар жазылушыға арналған басылымның құнын көтермейді. Екіншіден, баспа БАҚ-ғы контент сапасын жақсарту үшін мемлекеттіқ тапсырыс жүйесін өзгертетін кез келді. Яғни, газет-журналдарға жаңалық тарату тәсілінен бас тартып, тек сараптама, журналистік зерттеу сияқты формалар бойынша ғана тапсырыс беру керек. Баспа БАҚ заманауи жаңа форматтарға көшуі үшін редакцияларға мультимедиялық форматты дамытуға талап қойылса, іс оңға басады.
БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі туралы
Елімізде 2 964 мерзімді баспасөз басылымдары немесе тіркелген БАҚ-тың жалпы санының 80,8%-і, оның ішінде 1859 газет және 1105 журнал тіркелген. Бұл ретте, халық арасында баспа БАҚ-қа қызығушылықтың төмен деңгейі байқалады. Күн сайын оларды қазақстандықтардың 13 пайыздан астамы ғана оқыса, 43%-і сирек және 23%-і мүлдем оқымайды. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде іскерлік баспасөз басылымдарына деген сұраныс тұрақты сақталуда. Баспа БАҚ-тардың онлайн форматқа белсенді түрде көшуі байқалады. Бұл ретте, цифрлық форматтың барлық мүмкіндіктері пайдаланылмай, көбінесе баспасөз нұсқаларының материалдары қайталанады.
Интернеттегі БАҚ-тың тарапынан пайда болған бәсекелестіктің өсуіне орай баспа басылымдарға деген сұраныстың төмендеуі – күрделі мәселе.Әрине, бұл баспа БАҚ-тың таралымының күрт төмендеуі, оқырмандар көлемінің кемуі, жарнама берушілердің қысқаруы сияқты күрделі мәселелерді туындатып отыр. Мұны отандық БАҚ өкілдері де мойындайды. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы бас редакторы Асыл Сағымбековтің пікірінше, интернет дәуірінде баспа БАҚ бұрынғы позициясынан айрылуда. Мұны мойындауға тиіспіз. «Біріншіден, бұл интернеттің жылдам ақпарат таратуына байланысты. Адамдар газеттің келгенін күтпей, жаңалықтарды интернеттен оқитын болды. Бірақ газет оқу – мәдениет, ондай мәдениетті берік ұстанатын адамдар көп. Өкінішке орай, Қазақстанда қазіргі кезде халықтың 50 пайызы теледидар көреді, 25 пайызы – интернеттегі ақпараттарды оқиды, 15 пайызы – радио тыңдайды, ал бар-жоғы 3 пайызы – баспа БАҚ-тардан ақпарат алады. Әрине, мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Меніңше, баспа БАҚ-та жұмыс істейтін мамандар оқырман санын көбейту үшін, әртүрлі әрекеттер жасауы тиіс» дейді ол.