Бізге қорған болған жігіттерді ешқашан ұмытпаймыз!

Бізге қорған болған жігіттерді  ешқашан ұмытпаймыз!

Мен ол кезде Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетінде оқитын едім. Үшінші курс студентімін. Ол кезде қылшылдаған жаспыз. Біз – Ақшолпан  Кереева, Қатира Кемелова, Әлия Нартуеева, Ләйла Әлімжан, Салтанат Бекмұханбетова, Майгүл Сатамбаева, Зоя  Байғазина, Майгүл Өмірзақова, тағы басқа 40 шақты қыз-жігіттер  тұп-тура алаңға тарттық. Келсек алаңда соншалық көп кісі көрінбеді. Әр-әр жерде шоғыр-шоғыр болып тұрғандарды байқадық. Ал жолдың оң жағында, яғни Үкімет үйі тұсында форма кигендер қаз-қатар болып тізіліп тұр екен. Барлық жағдайды білдік. «Жастар алаңға жиналып жатыр» дегенді естіп біз тобымызбен мінберге дейін барып, кері қайттық. Жолда ешкім тоқтатқан жоқ, ұстаған жоқ. Бардық, көрдік, қайттық. Көзімізге айтарлықтай ештеңе түспеді. Бұл күні бәрі  тып-тыныш өткен сияқты болды.

Ал ертеңіне студенттер лек-легімен алаңға қарай ағылды. Студенттерге жұмысшы жастар қолдау көрсетті. Сол дүрмектің ішінде біздің топтың қыздары да жүрді. Алаң  халыққа лық толды. Шерушілер үкіметке өз талаптарын қойды. Оның қандай талаптар екенін бұл жерде қайталап жатпай-ақ қояйын, дегенмен ең бірінші талабымыз: «Қонаевпен жүздестіріңдер, бәрін өз аузынан естиік» дедік. «Менің Қазақстанымды» қосылып шырқаймыз. Жастар арасына көптеген шенді-шекпенділер келіп, әңгіме жүргізді. Бірақ олар өздерінен басқа ешкімді естігісі келмеді.

Ашу-ызаға булыққан жастардың арасында барған сайын толқу күшейе түсті. 

Шыны керек Үкімет қару қолданады, ұрып-соғады деп мүлде ойлаған жоқпыз. Өйткені біз қарусыз едік. Бейбіт басталған шерудің аяғы қан-төгіс қақтығысқа ұласты. Кімнің кім екенін осындай қиыншылықта біледі екенсің. Мен сонда қазақ жігіттерінің қайсарлығына, қыздарға жасаған қамқорлығына риза болдым. Төбелесте намысты қолдан бермеді. Біз алаң шетінде тұрған ғимараттардың әрленген тастарын бұзып, оны сындырып жігіттерге жеткізіп тұрдық. Аласапыран барысында бірнеше машинаның жалынға оранғанын көрдік. Оларды кім өртегенін айта аламаймыз. Білетіндердің айтуынша, оны өртеген үкімет адамдарының өздері дейді. 

    Өзіме келсем, көптің бірі болып жүргенім болмаса, шынашақтай қызда қай бір күш бар дейсің? Соншалық бір қарсылық көрсетіп, тайталасқа бардым деп айта алмаймын. Алайда түнгі сағат 00-ге дейін алаңда жүргеніміз рас. Одан әрі жүре беруге мұршамыз келмеді. Күн суық әрі үстіміз малмандай су еді. Қалтырап тоңа бастадық. Құрбылар бір-бірімізді қолтықтап, сүйемелдеп жатақханамызға қайттық.

   18 желтоқсан күні асығыс шығып бара жатыр едік, бізді есік алдында орыс тобының қыздары күтіп тұр екен. Олар бізді «алаңға бармаңдар» деп үгіттеді, барсаңдар арты үлкен дауға айналуы мүмкін дегенді айтты. Біз «бармаймыз» дегенімізбен, былай шыға тура алаңға бет алдық. Солдаттар алаңды қоршап тұр екен. Түстері суық, қабақтарынан қар жауады. Бір қызығы ереуілші жастарды екіге бөліп тастапты. Олар іште де, сыртта да жүр. Мен өзім шынашақтай болғаныммен, өжеттеу едім. Алаңға келе ішке өтпек болып қоршауға жақындай бергенімде, екі солдат екі қолымнан шап беріп ұстап алды. Құрбыларым құтқарып алмаққа  жанталаса әрекет жасап еді, одан түк шықпады. Содан дедектетіп апарып Үкімет үйі алдындағы бір алаңқайға апарып, тізерлетіп қойды. Бір орыс офицері қалтамды тінтіп, құжат іздеп таба алмады. Қолындағы резеңкесімен арқамнан осып- осып жіберді де: «Сендерді бұнда кім бастап әкелді? Жаныңның барында айт, әйтпесе көресінді көрсетемін» деп зіркілдеді. Мен көзімді жұмып, тістеніп алғанмын. Тіс жармауға тырысамын. Ол жерде мен сияқты ұсталғандар көп болды. Бәрімізді төбесі жабық машинаға тиеді.  Ұлдарды бір бөлек, қыздарды бір бөлек машинаға отырғызды. Екі солдат арпылдаған екі итімен күзетіп тұрды. Құдды кинодағыдай! Қаланың көшелерімен ұзақ жүрдік. Бір кезде қала сыртына шыққанымызды сездік.

Қаладан біраз ұзаған соң машина кілт тоқтады. Сосын бізді күзетіп келген солдаттар қыздарды итермелеп бір-бірлеп түсіре бастады. Жерге түскен соң қарасақ, айдала. Аппақ қар басқан. Жақын маңда ештеңе көрінбейді. Бәрі түсіп болған соң бір солдат «Девочки, давайте бегите!» деп ақырып қалды. Қыздар осы команданы күтіп тұрғандай жан-жаққа пытырлай қаша жөнелді. Сондағы  қор болғанымды есіме түсірсем, жылап жібергім келеді. Біз бір топ қыздар жұбымызды жазбай қатар жүруге тырыстық. Солдаттар біздің артымыздан ұзақ қарап тұрды. Анда-санда қиқулап қояды. Әудем жер жүрген соң алдымыздан жол шықты. Қарама қарсы жақтан бір топ жігіттер жолықты. Өзіміздің қандыкөйлек жігіттер екенін бірден шырамыттық. Бейшаралардың сау тамтығын қалдырмапты, ұрған, тепкен, киімдерін дар-дар айырған. Бейне бір қан майданнан шыққан жауынгерлерге ұқсайтын еді. Қайта жігіттерге қарағанда қыздар тың. Біз танымасақ та жігіттердің қандарын сүртіп, қармен жудық, сөйтіп жараларын орамалмен тас қып байлап тастадық. Жігіттер риза болды. Онысы көздерінен көрініп тұрды. Сұрастырсақ, қыздарды Жоғары Каменка жаққа, жігіттерді Төменгі Каменка жаққа апарып төгіп тастапты. Мен жатақханаға кешкі бестер шамасында сүйретіліп әрең жеттім. Келсем жатақхананы милиция күзетіп тұр екен. Олар мені ұстап алды да сұрақтың астына ала бастады. Осы кезде іштен куратор апай шығып: «Бұл байғұс қыздарды қинай бергеннен не шығады?!» – деп әлгілерге бой бермей, кіргізіп алды.

Мен кураторыма ағыл-тегіл жылап отырып, бастан кешкенімнің бәрін айтып бердім, ештеңені де жасырмадым. Бір қуанғаным, Ақшолпан да, Әлия да, Майгүл де,  Салтанат та, басқа қыздар да аман, төрт көзіміз түгел мәре-сәре болып қауыштық.

Кейін оқу орнында тексерулер, сұрақ-жауап алулар басталды. Үш әріптің (ҰҚК) қызметкерлері күнде келеді. Жиыннан-жиын, жиналыстан-жиналыс. Әбден мезі етті. Мені де біраз күн әуре-сарсаңға салды. 

1986 жылдан бері 35 жыл уақыт өтіпті. Аз уақыт емес. Бірақ ресми бағасы берілмегені қатты қынжылтады. Біз кім үшін алаңға шықтық сонда? Не үшін таяқ жедік? Иә, біз жазалаушыларға ұсталған жоқпыз, түрмеде отырған жоқпыз, комсомолдан, оқудан шығарылған жоқпыз. Ұсталмағанымыз үшін, түрмеде отырмағанымыз үшін кінәліміз бе? Онда бізді прокуратура не үшін ақтамай отыр? Ел бостандығы үшін алаңға шыққан күрескер ретінде тану үшін не істеуіміз керек?

Гүлнар САТАМБАЕВА, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаттың қор-қойма бөлімінің меңгерушісі
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 130
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 126
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 130
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 321
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 314
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 938

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9011
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8406
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11632
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9390
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10616