Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай Түркістан қаласында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі «Бұраң бел» би байқауы болды. «Сәлем саған, Түркістан!» өнер фестивалі аясында «Конгресс Холл» концерт залында өткен байқауды Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Қазығұрт ауданы әкімдігі ұйымдастырды.
Байқаудың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде мәдениет пен өнерге қолдау көрсету жалғасатынын жеткізсе, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивалінің маңызын түсіндіріп, шарада жас таланттардың танылуына айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. «Сайысқа ҚР Мәдениет қайтаркері, Қазақстанның үздік хореографы, қазылар алқасының төрағасы Айболат Орынбай, Мәдениет саласының үздігі, «Яссы» би ансамблінің жетекшісі Қуат Таукеев, «Фараб» би ансамблінің жетекшісі Марианна Шаликашвили, «Жұлдыздар» халықтық би ұжымының жетекшісі Жаннат Балтаева және халықаралық би байқауларының лауреаты Жангүл Ерсұлтанова қазылық етті.
Олардың шешімімен «Бұраң бел» байқауында бақ сынаған 17 би ұжымының арасында Қазығұрт ауданының «Таңшолпан» би тобы гран-приді иеленді. І орынды Жетісай ауданы «Аяна» би тобы жеңіп алса, ІІ орын Арыс қаласының «Алтынай» би тобына бұйырды. ІІІ орындарға Қазығұрт ауданының «Балауса» және Кентау қаласының «Рапсодия» би ұжымдары лайық деп танылды», – деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен ақшалай сыйлық тапсырылды. Би де адамның денсаулығын нығайтып, абыройын асыратын өнердің бір түрі. Иә, «өнерді үйрен де жирен» деп осындайда айтылса керек.