Елордада 18 желтоқсан күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай кәсіпқой бокс кеші өтті. Онда 14 қазақстандық боксшы өнер көрсетті. Кештің басты айқасы Данияр Елеусінов пен Хуан Эрнан Леаль арасында өтті. 12 раундқа есептелген жекпе-жек соңына дейін жалғасып, төрешілердің шешімімен Данияр Елеусіновтің жеңісімен аяқталды.
Сондай-ақ Ержан Залилов Ескендір Харсанмен жұдырықтасып, Қазақстан чемпионы атағына ие болды. Өзге нәтижелер: Иван Дычко (Қазақстан) Александр Устиновты (Ресей); Елхан Табынбаев (Қазақстан) Эльмар Абдуллаевты (Әзірбайжан); Ақниет Әлімбай (Қазақстан) Зайнобиддин Собировты (Өзбекстан); Айдар Әмірзақов (Қазақстан) Дильшодбек Исроиловты (Өзбекстан) жеңді. Сапарбай Айдаров (Қазақстан) Андрей Шеметовты (Украина); Айдар Шәрібаев (Қазақстан) Шохрух Абдиевті (Ресей); Дәулет Дәукенов (Қазақстан) Эльдорбек Сайдовты (Өзбекстан); Ангелина Лукас (Қазақстан) Светлана Василевскаяны (Украина); Дәурен Елеусінов (Қазақстан) Али Маммадовты (Әзірбайжан); Жанқош Тұраров (Қазақстан) Абдумонем Саидты (Мысыр) жеңді. Ал, Асқат Жантұрсынов (Қазақстан) Сурат Гараевтан (Әзірбайжан) жеңіліп қалды. Бокс кеші «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен көрсетілді. Кештің басты кездесуінде Данияр Елеусінов (11-0, 6 КО) аргентиналық Хуан Эрнан Леальді (15-2, 4 КО) жеңіп, IBO нұсқасында әлем чемпионы атанды. Осылайша, ол өз есімін отандық бокс тарихына енгізді. Елеусінов кәсіпқой бокста әлем чемпионы титулын жеңіп алған қазақстандық 5-ші боксшы болып отыр. Д. Елеусінов Х.Леальмен өткен жекпе-жекте жартылай орта салмақта IBO-ның вакантты белдігін жеңіп алды. Бұған дейін Қазақстан боксшылары арасынан әлем чемпионы атанғандар: Василий Жиров (38-3-1, 22 КО), Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО), Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) және Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) еді. Олардың арасында бүгінде кәсіпқой бокста мансабын жалғастырып жүрген – 39 жастағы Геннадий Головкин ғана. Ол орта салмақтағы IBF және IBO белдіктеріне ие.