Дәурен Шамұратов: «Біздің ұстанымымыз – жастармен бірге шешім қабылдау»

Дәурен Шамұратов: «Біздің ұстанымымыз –  жастармен бірге  шешім қабылдау»

Бүгінде белсенді жастар білімге ұмтылып, жаңа бастамаларға жол ашып келеді. Осы орайда Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Дәурен Шамұратовпен сұхбаттасып, жастардың мүмкіндіктері мен өзекті мәселелері туралы әңгіме өрбіттік.

Ең өзекті мәселе – жастарды қорғау

– Дәурен Ибатұлы, өзіңіз басшылық ететін орталықтың негізгі қызмет бағыттары қандай?

– Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы құрылған күннен бастап мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға, жастар бастамаларына қолдау көрсетуге, заманауи ақпараттық жұмыстар жүргізуге және жастардың рухани, мәдени, әлеуметтік әрі кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Бүгінде орталық облыс орталығындағы 22 арнаулы орта оқу орнымен, төрт жоғары оқу орнымен және 10-нан астам кәсіпорынмен тұрақты байланыс орнатып, бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыруда. Сонымен қатар орталық жанынан құрылған 300-ден астам белсенді ерікті жастардың түрлі қоғамдық бастамаларға қатысуына және волонтерлік қызметтің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Орталық жұмысы үш негізгі бөлім арқылы атқарылуда. Айталық, жастар бастамаларын қолдау бөлімі жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, еріктілік қозғалысын дамытуға, мәдени, спорттық және танымдық іс-шараларды өткізуге жауап береді. Бұл бөлім жастардың тың идеялары мен жобаларын іс жүзінде көрсетуіне мүмкіндік беріп, олардың шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Ал консультациялық қызметтер көрсету бөлімі жастарға психологиялық, теологиялық және ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру гранттары, кәсіпкерлік мүмкіндіктер жөнінде кеңес беріп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді.

Үшінші – мониторинг және ақпараттық-талдау бөлімі жастар саясаты саласындағы ахуалды тұрақты зерделеп, әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалар ұйымдастырады. Қоғамдық пікірді саралау арқылы жастардың қажеттіліктері мен сұраныстарын анықтап, сол негізде ақпараттық-түсіндіру және насихаттық жұмыстарды жүйелейді. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жастар саясатының басым бағыттарын кеңінен насихаттайды.

Жалпы орталығымыз жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасап қана қоймай, олардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдайтын, мәселелерін тыңдайтын және шешуге ықпал ететін ашық диалог алаңы ретінде жұмыс істеп келеді.

– Бүгінде жастардың алдында тұрған ең өзекті мәселелерге тоқталсаңыз.

– Бүгінде жастардың алдында тұрған мәселелер әртүрлі болғанымен, олардың басым бөлігі әлеуметтік, экономикалық және рухани даму бағыттарымен тығыз байланысты. Ең алдымен, жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу мәселелері өзектілігін сақтап отыр. Әсіресе, оқу орнын тамамдаған жас мамандар үшін тәжірибе жинақтау, тұрақты жұмыс табу және кәсіби тұрғыда қалыптасу маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда жастардың ақпараттық қауіпсіздігі де ерекше назар аударуды талап етеді. Әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты жалған ақпараттың, деструктивті идеологиялардың және әртүрлі теріс ықпалдардың алдын алу маңызды. Сондықтан жастардың медиасауаттылығын, сыни ойлау қабілетін және құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызы артып келеді. Сондай-ақ жастар арасында психологиялық қолдау мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қарқынды өзгеріп жатқан қоғамда көптеген жас маман мен студент кәсіби таңдау, жеке даму, қарым-қатынас және өзін-өзі жүзеге асыру мәселелері бойынша қолдауға мұқтаж. Осыған байланысты жастарға қолжетімді психологиялық және консультациялық қызметтердің рөлі арта түсуде.

Біз жүргізетін мониторингтер мен жастармен кездесулер көрсеткендей, бүгінгі жастар өзін дамытуға, сапалы білім алуға, кәсіп бастауға және қоғам өміріне белсенді араласуға ұмтылады. Сондықтан жастардың бастамаларын қолдау, олардың ұсыныстарын ескеру және өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттерінің бірі болып қала береді.

Ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар керек

– Сіздің орталық жастарға арналған қандай жобаларды жүзеге асыруда? 

– Біздің мекеме жастарға арналған жобаларды жүйелі түрде іске асырып, олардың жан-жақты дамуына, азаматтық белсенділігінің қалыптасуына, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Жобаларымыздың әрқайсысы жастардың белгілі бір қажеттілігін өтеуге, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әлеуметтік белсенділігін күшейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жастар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсене атсалысады. Бұл бағытта шаһарымызды абаттандыру, сенбіліктер өткізу, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Орталықтың бастамасымен жыл сайын түрлі экологиялық жобалар мен челлендждер ұйымдастырылып, қала жастарының белсенділігі арта түсті.

Сондай-ақ «ORAL JASTARY» фестивалі – орталығымыз тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылатын ең ауқымды жастар жобаларының бірі. Бұл фестиваль жыл сайын қала жастарын бір алаңға жинап, олардың шығармашылық, мәдени және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды платформа болып табылады. Фестиваль аясында концерттік бағдарламалар, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар, көрмелер мен түрлі интерактивті алаңдар ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастардың талантын танытуға, жаңа идеяларын ұсынуға, еркін шығармашылық ортада өз қабілеттерін толық көрсетуге таптырмас мүмкіндік.

Сонымен қатар фестиваль жыл сайын әртүрлі тақырыптық бағытта өткізіледі. Мәселен, 2025 жылы ол «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, еңбек адамының беделін арттыруға, жастарды кәсіби-техникалық мамандықтарға тартуға ерекше мән берілді. Мұндай тәсіл фестивальдің мазмұнын тереңдетіп қана қоймай, оның қоғамдағы өзекті мәселелермен тікелей үндес екенін көрсетеді.

Зияткерлік бағыттағы «Білімділер додасы» және «Қазақша QUIZ» жобалары орталығымыздың авторлық бастамалары болып табылады және тікелей біздің орталық тарапынан жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жобалар жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және командалық жұмыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Спорттық-мәдени бағыттағы «Batys Cup» дәстүрлі футбол турнирі де – өңір жастарын біріктіретін маңызды жоба. Аталған турнир Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал қалаларының жайдарман жұлдыздарын бір арнаға тоғыстырып, олардың арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, өзара тәжірибе алмасуға және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Іс-шараның негізгі бағыттары жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналады. Сонымен қатар Орал қаласының туристік және мәдени әлеуетін танытуға ерекше мән беріледі.

Жоба шығармашыл және белсенді жастардың бір ортада бас қосуына мүмкіндік беріп, олардың өзара байланысын нығайтуға және тәжірибе алмасуына жол ашады. Осы арқылы өңірлер арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық одан әрі беки түсері сөзсіз.

Турнир аясында заманауи креативті медиа контент әзірленіп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең аудиторияға ұсынылады. Бұл жоба мазмұнының ашық әрі тартымды түрде кеңінен таралуына мүмкіндік береді.

«Еңбек кубогы» – жұмысшы мамандық иелеріне арналған дәстүрлі спорттық турнир. Бұл жоба еңбек адамдарының беделін арттыруға, олардың қоғамдағы рөлін насихаттауға және салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеуге бағытталған. Сонымен қатар жастар арасында еңбекке құрмет мәдениетін қалыптастыруға да ерекше үлес қосады.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, заңға құрметпен қарау қағидатын қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл бағытта түсіндіру кездесулері, ашық диалог алаңдары, профилактикалық жұмыстар және түрлі ақпараттық кампаниялар тұрақты түрде өткізіледі. Сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың қоғамдағы жауапкершілігін күшейту көзделеді.

Жалпы алғанда, аталған жобалардың барлығы жастардың шығармашылық, интеллектуалдық, спорттық және әлеуметтік әлеуетін толық ашуға бағытталған. Орталығымыз бұл жобалар арқылы жастардың белсенді, білімді, жауапты және ел болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде қалыптасуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Қала жастарының белсенділігі артып келеді

– Биылғы жылы қандай жаңа бастамаларды қолға алдыңыздар?

– Биыл орталығымыз өз қызметін заман талабына сай жаңғыртып, жастармен жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге ерекше назар аударды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясындағы басымдықтар біздің жұмысымызға да жаңа серпін беріп отыр.

Нақтырақ айтқанда, жастарға арналған іс-шаралар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы интерактивті форматтағы контент әзірлеу, онлайн кері байланыс тетіктерін күшейту бағытында жаңа бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл жастармен байланысты жеделдетіп, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді. Аталған тақырып аясында жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған кездесулер, воркшоптар және түсіндіру алаңдары ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар жастарға жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін таныстыруға, олардың болашақ кәсіби бағыттарын айқындауға, цифрлық ортада бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді.

– Қала жастарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі қай деңгейде?

– Орал қаласы бойынша 14-35 жас аралығындағы жастар саны 105 297 адамды құрайды. Жастар – қоғамның маңызды әлеуметтік тобы ретінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді түрде атсалысып келеді. Олар білім беру, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және қоғамдық өмірдің түрлі салаларында өз әлеуетін кеңінен пайдалануда.

Жастар саясатының негізгі мақсаты – жас буынның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың білім алуына, еңбекке араласуына, қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік беру. Осы бағытта қалада түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылып, жастарды қолдауға арналған кешенді шаралар жүргізілуде. Мысалы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, еріктілік қызметті қолдау, әлеуметтік жобаларға тарту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағыттары қамтылған.

Қала жастары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, волонтерлік қозғалыстарға, экологиялық акцияларға, мәдени-көпшілік және спорттық шараларға тұрақты түрде үн қосады. Сонымен бірге жастар арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылық артып, мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы өз бизнесін бастауға ұмтылатындар саны көбейіп жатқаны қуантады.

Жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында қаладағы арнаулы орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарында «Болашағың өз қолыңда» бағдарламасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұдан бөлек сауда орталықтарында «Жастарға кеңес» жобасы шеңберінде жастарға мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй мүмкіндіктері, теологиялық және заңгерлік мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық көмек көрсетіледі. Ал халық көп шоғырланатын орындарда, соның ішінде базарлар мен саябақтар аумағында мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттық үнпарақтар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар жастардың мемлекеттік қолдау тетіктері туралы сауаттылығын арттырып, олардың түрлі бағдарламаларға қатысуына жәрдемдеседі.

Қалада жастарды қолдауға бағытталған «Жастар тәжірибесі», «Қоғамды жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс», сондай-ақ маусымдық сипаттағы «Жасыл ел» еңбек жасағы сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жастардың уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбек дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Кәсіпкерлікке қызығушылық танытатын және өз жобасын жүзеге асыруға ниетті жастар үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Қайтарымсыз грант» бағдарламалары бойынша өтінім қабылдау жүргізілуде. Аталған бағдарламалар жастардың инновациялық идеяларын, стартап жобаларын, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған. Бұл жастарға өз жобаларын жүзеге асырып, кәсіпкерлік қызметін бастауға және қоғамның дамуына үлес қосуға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, қала жастарының әлеуметтік белсенділігі жоғары деңгейде қалыптасып келеді. Алдағы уақытта жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейту – олардың қоғамдағы рөлін одан әрі арттыруға ықпал етпек.

– Дәурен Ибатұлы, бүгінгі жастардың азаматтық белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Менің ойымша, қазіргі жастардың азаматтық белсенділігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Бүгінгі жас буын қоғамда болып жатқан өзгерістерге атүсті қарамайды, өз пікірін ашық білдіреді, сондай-ақ түрлі бастамаларды жүзеге асыруға дайын.

Мұны біз күнделікті жұмыс барысында анық байқаймыз. Егер бұрын жастар көбіне ұйымдастырылған шараларға қатысушы ретінде келсе, бүгінде олар өздері идея ұсынып, жобалар әзірлеп, нақты бастамалардың авторы болып жүр. Қаладағы қоғамдық, экологиялық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларға қатысатын жастардың саны жыл сайын артып келеді.

Әсіресе, еріктілік қызметке қызығушылықтың өскенін атап өткен жөн. Табиғи апаттар кезінде, қайырымдылық акцияларында немесе қоғамдық маңызы бар шараларда жастардың алдыңғы қатардан көрінуі олардың азаматтық жауапкершілігінің қалыптасқанын көрсетеді.

Сондықтан қазіргі жастарды белсенді, бастамашыл және өзгерістерге бейім буын деп бағалаймын. Ең бастысы, олардың идеяларын тыңдап, жүзеге асыруға мүмкіндік беру қажет. Өйткені жастарға сенім болған жерде нәтиже де болады.

Жас буын ақпаратты қайдан алады?

– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында қандай жаңа әдіс-тәсілдер қолданылады?

– Қазіргі уақытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында дәстүрлі форматтармен қатар заманауи коммуникация құралдарына басымдық берілуде. Себебі бүгінгі жастар ақпаратты көбіне әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы алады. Сондықтан біз де жұмыс тәсілдерін жастардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне бейімдеуге тырысамыз.

Мәселен, соңғы жылдары қысқа форматтағы бейнероликтер, инфографикалар, интерактивті сауалнамалар, подкаст элементтері мен әлеуметтік желілердегі арнайы айдарлар кеңінен қолданылуда. Ақпаратты тек мәтін түрінде жеткізумен шектелмей, оны жастарға түсінікті әрі қызықты форматта ұсынуға мән береміз. Сонымен қатар дәстүрлі дәріс форматынан гөрі ашық диалог алаңдарына, пікірталастарға, кездесулерге және жастардың өзара пікір алмасуына мүмкіндік беретін форматтарға көбірек көңіл бөлінуде. Бұл жастардың ақпаратты қабылдауына ғана емес, өз көзқарасын білдіруіне де жағдай жасайды.

Біз үшін маңызды қағидалардың бірі – ақпаратты жастарға жақын ортада жеткізу. Осы мақсатта оқу орындарында, кәсіпорындарда, қоғамдық кеңістіктерде және жастар көп шоғырланатын орындарда түрлі форматтағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.

Жалпы бүгінгі ақпараттық-түсіндіру жұмысының басты ерекшелігі – жастармен бір тілде сөйлесу, ақпаратты жедел әрі қолжетімді түрде жеткізу, олардың нақты сұраныстарына жауап беру деп есептеймін.

– Осы орайда жастардың ұсыныстары мен мәселелерін қабылдау тетігі қалай жұмыс істейтінін айтып жіберсеңіз?

– Жастармен жұмыс жасаудағы ең маңызды нәрсенің бірі – оларды тыңдай білу деп есептеймін. Сондықтан біздің орталықта жастардың ұсыныстары мен мәселелерін қабылдау бірнеше бағытта жүзеге асырылады.

Біріншіден, жастар бізге тікелей жүгініп, өз ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізе алады. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымыз арқылы да тұрақты кері байланыс орнатылған. Бүгінде жастардың басым бөлігі өз ойын дәл осы цифрлық алаңдар арқылы білдіретіндіктен, бұл бағытқа ерекше назар аударамыз.

Екіншіден, қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білім алушыларымен тұрақты кездесулер өткіземіз. Мұндай кездесулер барысында жастар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, түрлі бастамалар мен ұсыныстарын ортаға салады. Көп жағдайда жаңа жобалар мен іс-шаралар дәл осы ұсыныстар негізінде қалыптасады.

Үшіншіден, орталық тарапынан жастар арасында сауалнамалар мен мониторингтік зерттеулер жүргізіледі. Сол арқылы жастардың сұранысын, қызығушылықтарын және өзекті мәселелерін анықтауға қол жеткіземіз. Алынған мәліметтер алдағы жұмыстарды жоспарлау кезінде ескеріледі.

Біздің ұстанымымыз – жастар үшін шешім қабылдау емес, жастармен бірге шешім қабылдау. Сондықтан олардың әрбір ұсынысына назар аударып, мүмкіндігінше нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізуге тырысамыз. Себебі жастардың өздері көтерген бастамалар әрдайым өміршең әрі жоғары сұранысқа ие болады.

– Алдағы уақытта жүзеге асырылатын маңызды жобаларыңызбен бөліссеңіз?

– Алдағы уақытта да жастардың сұраныстары мен заманауи үрдістерді ескере отырып, бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Біздің басты мақсатымыз – жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың әлеуетін көтеруге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал ету. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында инновациялық бағыттағы жобаларға ерекше назар аударылатын болады. Соның ішінде жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жаңа технологиялармен таныстыруға, инновациялық идеяларды қолдауға бағытталған ауқымды «Инновациялар көрмесін» ұйымдастыру жоспарлануда. Аталған шарада жастар өз жобаларын ортаға салып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып, тәжірибе алмасады. Ал тамыз айында өтетін «Жастар күні» мерекесі аясында бірқатар ауқымды мәдени, спорттық, зияткерлік және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шаралар жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, жастар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталады.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ірі жобаларымыз да өз жалғасын табады. Жыл сайын жаңаша форматта ұйымдастырылатын «ORAL JASTARY» фестивалі жастардың шығармашылығын, бастамаларын және жетістіктерін насихаттайтын маңызды шараға айналды. Биыл да фестиваль аясында жастарға арналған түрлі бағыттағы қызықты бағдарламалар мен жаңа форматтағы алаңдар ұйымдастыру жоспарлануда.

Сонымен қатар «Batys Cup» футбол турнирі, «Еңбек кубогы», «Білімділер додасы» және «Қазақша QUIZ» секілді жастар арасында танымал жобаларды жаңа мазмұнда өткізу көзделуде.

Жалпы алдағы кезеңде жастардың бастамаларын қолдау, инновациялық жобаларды дамыту және жастар үшін пайдалы әрі мазмұнды мүмкіндіктерді кеңейту басты назарда болады. Біздің міндетіміз – жастардың идеяларын жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастырып, олардың өз әлеуетін толық көрсетуіне жағдай жасау.

– Сөз соңында жас буынға айтар тілегіңіз бен кеңесіңіз?

– Жастар – еліміздің ең үлкен күші әрі болашағы. Сондықтан әрбір жас өз мүмкіндігіне сеніп, алдына нақты мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында үздіксіз еңбектенуі қажет деп ойлаймын.

Қазіргі кезең – білім мен ізденістің, жаңашылдық пен технологияның дәуірі. Сондықтан жастарға ең алдымен білім алудан, өзін дамытудан және жаңа дағдыларды меңгеруден ешқашан жалықпауға кеңес берер едім. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болудың басты шарты – үздіксіз даму. Сонымен қатар туған жерге, қоғамға, айналадағы адамдарға бейжай қарамау маңызды. Қай салада еңбек етсе де, әр жас өз ісіне жауапкершілікпен қарап, елдің дамуына үлес қоса алады. Үлкен жетістіктер әрдайым кішкентай қадамдардан басталады.

Бүгінгі жастардың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда көп. Бастысы – сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, уақыттың қадірін білу. Қателесуден қорықпау керек, өйткені әрбір тәжірибе адамды шыңдайды және алға жетелейді.

Барша жасқа мықты денсаулық, таусылмас жігер, батыл бастамалар мен үлкен жетістіктер тілеймін. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Еліміздің ертеңі өз қолдарыңызда екенін әрдайым есте сақтаңыздар.

Сұхбаттасқан – Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

БҚО, Орал қаласы

 

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26001
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25452
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42850
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38672
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43247